2025 жылы фашизмге қарсы соғыстың аяқталғанына 80 жыл болады. Қазақ халқының батыр ұлы Рахымжан Қошқарбаев пен оның қандыкөйлек қаруласы Григорий Болатов екеуі оқ пен от кешіп, 1945 жылы сәуір айының аяғында қаһармандықпен Рейхстагқа Жеңіс туын тікті. Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына талай уақыт өтсе де, ақиқаты бүгінге дейін толық ашылған жоқ. Мысалы, осы екі тұлғаға да «Кеңес Одағының батыры» атағын бермеу себебі әлі күнге белгісіз.
Сұрапыл соғысты жұрттың көбі 1941 жылдан басталады деп, білместіктен «Ұлы Отан соғысына» теңейді. 1939 жылы күзде Сталин мен Гитлер өзара келісімге келіп, Еуропаны бөліске салғанда (Виктор Суворовтың дерегі) сол саяси картаға Сталиннің қызыл қарындашпен қойған қолы түскен. Бірақ ол картада Гитлердің қолы жоқ. Сонда заң жүзінде Екінші дүнижүзілік соғысты бастаған кім болмақ?
«Сталин Германиямен шабуыл жасаспау туралы шартты бекіту арқылы Гитлерді екі майдандағы соғыс қорқынышынан құтқарғаны қылмыс емес пе? Бұл ретте ол көршісінің көңілін көтеруді және әскери машинасын шикізатпен қамтамасыз етуді ұмытпай, Гитлердің жаулап алған жерлерінен өз үлесін алғысы келді, дейді былтыр жүзге келіп қайтқан Г.Киссинджер. – Бұған қоса, Сталин Риббентропқа кеңес одағы ешқашан серіктесіне опасыздық жасамайды деген сөз бере алады деді («Новая газета», №37, 2024 жыл). 1939 жылы 21 тамызда гитлерлік Германиямен шартқа қол қоя отырып, Сталин қолындағы шампан құйылған бокалын көтеріп: «Мен Гитлер үшін – неміс халқының сүйіспеншілігіне лайық беделді көсемі үшін алғым келеді», деді. 1940 жылы 14 маусымда фашистер Парижді басып алды. Сталиннің тапсырмасы бойынша Молотов Гитлерді жеңісімен құттықтады...»
1939 жылдың 8 қыркүйегінде В.Молотов Гитлерді Польшаны басып алғандығымен де құттықтаған. Германия мен кеңес одағы Польшаны бөлісіп алғаннан кейін, 1939 жылы 21 қыркүйекте Брест қаласында екі ел әскерлері екі елдің гимндерін орындап, жеңіс парадын өткізді. Парадтан кейін, комбриг Кривошеин генерал Гудерианның дастарқанынан дәм татады...
Кейін кеңес одағымен соғысып жатқанда Гитлердің: «Мен кеңес одағын жеңсем, Сталинді гауляйтер етіп тағайындаймын. Себебі, ол орыстарды басқару жүйесін жақсы меңгерген», дегені бар (Ю.Борев). Гитлер «Менің күресім» («Мein kampf») атты кітабында келешекте Ресеймен соғысатын себебін ашық дәлелдеп жазса да, Сталин өз халқының болашағына ойланбастан, көз жұма Гитлердің қолтығына дендей кірді. Себебі, бұл екеуінің басқа елдерді жаулап алудағы стратегиялық мақсат- мүдделері ұқсас еді. Дегенмен екеуінің іс-қимылдарында айырмашылық та болды.
Гитлер елін милитаристік жолға салып, Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін еңсесі түсіп кеткен ұлтының намысын шовинистік-нацистік пиғылда қоздырып, теріс жолға салып әрі еврей халқына қырғидай тиіп жатты. Сталин кеңес одағын құлдық қоғамға, түрмеге, лагерьге айналдырды. Екеуінің де халық алдындағы кінәлары – жауыздыққа тең еді. «Мысалы, большевиктер ұйымдастырған ұжымдастыру елдегі ауыл экономикасының күйреуіне, крепостнойлыққа қайтып оралуға, халықтың көпшілігінің жартылай құл жағдайына және аштықтан қырылуына әкелді. Содан кейін ол өз халқына қарсы террор мен қуғын-сүргінді мақсатты түрде ұйымдастырды. 1930 жылдан бастап басқаша ойлайтын, ардан аттамайтын жөні түзу адамдарды басып-жаншып, атып тастай бастады. Бұған дейін большевиктер азаматтық соғыста террор мен қудалауды ұйымдастырды. Осылайша, Ресей қуатты ұлттық интеллигенциясынан – ұлттың көркі мен мен ар-ұжданынан айырылды. Бұған мысал ретінде, 1922 жылғы 29 қыркүйекте Санкт-Петербургтен Германияға, Порт Штеттенге «философтық пароход» аттандырылды. Бұл большевиктер Ресейден зияткерлік элитаның 300-ге жуық аса көрнекті өкілін қуып шығарған кезекті рейс еді. «Oberbürgermeister hanken» пароходымен болашақ тікұшақ шығарушы Сикорский, телевизияны жасаушы Зворыкин, философтар Франк, Ильин, Питирим Сорокин қуғынға жіберілді. Аса ірі ойшыл Николай Бердяев те сонда болды. Қуғынға ұшырағандардың барлығы сияқты, оған да пижама, екі көйлек, екі жұп шұлық және қысқы пальто алуға рұқсат етілді. Отанымыз өзінің ұлы азаматтарымен осылай қоштасты: заттарыңызды қалдырыңыздар, миларыңызды өздеріңізбен бірге ала кетулеріңізге болады (Дм.Муратов)». Сол Н.А.Бердяевтің (1874-1948) Мәскеудің «Наука» баспасында 1990 жылы, кеңес өкіметі құламай тұрған заманда жарық көрген «Орыс коммунизмінің қайнар көзі мен мағынасы» («Истоки и смысл русского коммунизма») атты еңбегіндегі ой-тұжырымдары жоғарыда айтылған дүниелерді нақтылай түседі.
Сталин өзін генералиссимуспын деп есептесе де, ой-өрісінің тайыздығын Фин соғысында аңғартты. 1939 жылы қыста әскерлер қалың қарда омбылап, қысқы киімсіз, аязда бір қырылса, жаудың оғынан да қынадай қырылды. Финдер кеңес әскерінің соғыс тәсілін білмейтіндігіне, өркөкіректігіне таң-тамаша қалған көрінеді.
Оған тағы бір дәлел, 1941 жылы басталған немістермен соғыстағы біздің шарасыз, трагедиялық жағдай және офицерлердің надандығы жөнінде Никулиннің «Қатардағы жауынгер Никулиннің күнделік жазбалары» («Дневниковые записи рядового Никулина») атты еңбегін оқысаңыз, төбе шашыңыз тік тұрып, ес жия алмай қаласыз. Жан түршігер деректер келтірілген. Гитлер кеңес әскерінің осал тұстарын, ескірген техникаларын біліп, командирлердің сауатсыздығын шебер пайдалана білгенін аңғарасыз.
1941 жылы фашистердің тұтқынына түскендер: Гродно-Минск маңайында – 300 мың, Витебск-Могилев-Гомель қоршауында – 580 мың, Киев-Уманьда – 768 мың, Чернигов маңы мен Мариуполь аумағында тағы 250 мың, Брянск-Вяземкий қоршауында 663 мың кеңес әскері қалды. Фашистік Германия кеңес одағына шабуыл жасаған 22 маусым күні КСРО Жоғарғы кеңесі 1905-1918 жылдары туған, 13 жас ерекшелігі бойынша әскерге міндеттілерді жұмылдыру туралы мәлімдеді. Әп-сәтте 10 млн-нан астам адам жұмылдырылды. 2,5 млн еріктіден 50 жасақ дивизиясы, 200 жеке атқыштар полкі құрылды. Олар еш киімсіз, іс жүзінде еш қару-жарақсыз соғыс отына кіргізілді. 2,5 млн жасақтың 150 мыңдайы ғана тірі қалды.
Харьковтің маңында Сталин мен Хрущевтің соғыс тәсілін білместігінен 500 мың қызыл әскер қоршауға түсті. Солардың ішінде Ақмолада жасақталған 106-атты әскер дивизиясы да (90 пайызы қазақ) болды. Олардың қысқы киімдерін ауыстырмай, 1942 жылғы мамыр айында бірден немістердің мұздай автоматпен қаруланған, танкі, пулеметі, минометі, артиллериясы бар армиясына жалаң қылышпен шабуылға жіберді. Не деген көрсоқырлық, қатыгездік десеңізші? Сол сормаңдайлардың 90 пайыздан астамы қырылып, 20 шақтысы ғана тұтқынға түскен көрінеді. Оларды «сендер тұтқында болдыңдар» деп айыптап, соғыстан кейін шетінен 20-25 жылға соттап, лагерьге жіберген. Одан қалды, 1941 жылы қазақ жерінде жасақталған 312-дивизия (командирі Наумов), 316-дивизия (командирі Панфилов), 238-дивизия (командирі Коротков), т.б. Мәскеуді қорғады. Осы дивизиялардың құрамындағы жауынгерлердің 50 пайыздан астамы қазақтар болған. Екі аптадай Мәскеу түбінде күні-түні жаумен соғысқанда Ақтөбеде жасақталған 312-дивизияның құрамындағы 11 437 адамның мың шақтысы ғана тірі қалған.
Осы дивизияның сарбаздарының қатары сиреп қалған соң, оларға Подольск училищесінің курсанттарын қосады. Сонда Мәскеуді тек солар қорғап қалғандай, бірден 45-іне Кеңес Одағының батыры атағын берген. Ал сол дивизияның құрамында жауға қарсы соғысып қырылған қазақтардың бірде-біреуіне батыр атағын бермеуінің себебі неде? Не үшін, кім үшін қырылды? Сұрауы кімнен? Тіпті 28 панфиловшының ерлігін жоққа шығарып келемеж қылып жүргендер бар.
Кейбір деректерге сүйенсек, кеңес одағы соғыста 40 млн адамнан айырылыпты. Гитлер: «Патронды аямаңдар!», десе, Г.Жуков: «Адамдарды аямаңдар!», деген. Жасы 100-ге жақындап қайтқан майдангер жазушы Астафьев: «Біз немістердің бір армиясын құрту үшін 5-6 армиямызды құрбандыққа шалдық», дейді.
Қазақты отқа да, суға да салды. Орыс, украиндықтармен салыстырғанда, қазақ екі есе көп қырылған көрінеді. Оған себеп – қазақ командирлерінің аз болғандығы. Болса да, лейтенант, капитан дәрежесінен әрі асырмаған. Содан барып қатардағы қазақ жауынгерлерін аясын ба, әрбір екіншісін барлаушы қылып, жауға қарсы жіберген. Олардың көрсеткен ерлігі тиісті құжатпен айғақталып, ұсыныс жасалса да, 300-ден артық бауырымызға «Кеңес Одағының Батыры» атағы берілмеген.
Соғыстың алғашқы жылында кеңес армиясының күл-талқаны шықты. Қару-жарақсыз аш-жалаңаш қалды. Үш сарбазға – бір винтовка, кей жерлерде 5 сарбазға бір винтовкадан ұстатылды. Сөйте тұра жауға қарсы қойылып, фашистер оларды қырып салды. Өлексемізді сүйретіп жүргенде Англия мен АҚШ бізге қолұшын беріп, «Ленд-Лиз» дегенді ойлап тауып, бүгінгі күннің бағамымен есептегенде 145 миллиард долларға қару-жарақ жөнелтті. Кеңес одағы тіпті түйме де жасай алмай, АҚШ-тың 257 723 498 түйме әкеліп бергені де бар. Американың «Ленд-Лизі»-нің арқасында, кеңес әскері ес жия бастаған 1942 жылы аштықтың, жоқшылықтың, «үндеместің» неше түрлі азабын бастан өткерген 18 жастағы Рахымжан Қошқарбаевты әскер қатарына алып, Фрунзедегі (Бішкек) жаяу әскер училищесіне оқуға жібереді. Оны бітірген 1944 жылы І Беларусь майданындағы Идрицк 150-атқыштар дивизиясының құрамындағы взвод командирлігіне тағайындайды. Жанын шүберекке түйіп, Берлинді алу операциясының бел ортасындағы қанды шайқастарға қатысады. Сталиннің 1941 жылы шовинизмді әдейі өршітіп жібергендігінен соғыстың аяқталуына аз уақыт қалғанда өз қандастарының жанын сақтап қалуға тырысқан командир қасақана лейтенант Рахымжан Қошқарбаев пен 20 жастағы татар жігіті Григорий Болатовқа бораған оқтың астымен Рейхстагқа жеңіс туын тігуге бұйрық береді. Берлинді алуға үшін күн сайын орта есеппен 15 712 адам оққа ұшып жатқан кез. Әскери жарғы бойынша қарсы уәж айтуға ешкімнің хақысы жоқ. Рахымжан ағамыз бен қатардағы жауынгер Г.Болатов от пен оқтың арасында тізеден қан кеше жүріп, Рейхстагтің екінші қабатына шығып, жеңіс туын қадайды.
Дүниежүзі халықтарының көптен күткен Жеңісін бойларында түрік қаны бар екі азамат осылайша паш етті! Рахымжан ағамыз бен Григорийді жауынгерлер жерге түсірмей, алақандарына салып, қайта-қайта көкке көтерді. Сол сәттерді әскери фототілшілер суретке түсірді, сүйіншілетіп газеттеріне жазды. Әлемге жар салды. Бірақ «Кеңес Одағының батыры» атағын Рахымжан ағамыз бен Григорийге бұйыртпады. Бас қолбасшы Г.Жуков әпербақандыққа салып: «Жеңіс туын жаудың Рейхстагына орыс ұлтының өкілі тігуге тиіс», деп әрі Сталинге жағымпазданып, орыс Егоровқа грузин Кантарияны қосып, ақыры оларға «Кеңес Одағының батыры» атағын бергізді.
Соның кесірінен Григорий Болатов ерлігінің лайықты бағаланбағанына налып, қамығып, ішімдікке салынып кетті. Оны «Гришка-Рейхстаг!» деп келемеждеп, мазақтай берген соң, 48 жасында өзіне-өзі қол салған көрінеді. Рахымжан ағамызға: «Рахымжан! Хат жазып, мына топастардың бетін қайтаршы!», деп, өтініш те білдірген екен. Рахымжан ағамыз Григорийдің арағын қойғызу үшін оған 2-3 рет барып та қайтқандай. Рахаңның өзіне де бұл жайт оңай соқпаса да, ел-жұрты оның ерлігіне бас иіп, аса жабырқатпады.
Маршал И.Конев пен оның көмекшісі С.Кошурконың жазбасындағы кейбір қорқынышты цифрлар мен фактілерді оқырман қауымға қысқарта ұсынуды жөн көріп отырмын: 46 250 мың адам жараланған. Тірі қалған 775 мың майдангердің бас сүйегі жарылған. Бір көзінен айырылғандар – 115 мың, су қараңғы соқыр болып қалғандар – 54 мың. Бет-аузы бұзылғандар – 501 342. Мойын омыртқасы қисайғандар – 157 565. Қарны жарылғандар – 444 046. Омыртқасына зақым келгендер – 143 241. Жамбасынан жараланғандар – 630 259. Жыныс мүшесі жұлынғандар – 28 648. Бір қолы жоқтар – 3 млн 147. Қос қолынан айырылғандар – 1 млн 10 мың. Бір аяғы жоқтар – 3 млн 255 мың. Аяқсыз қалғандар – 1 млн 121 мың. Қол-аяғының бір бөлігі жұлынғандар – 418 905. «Самаурын» атанып, қол-аяқсыз қалғандар – 85 942.
Отан үшін жан беріп, адам сияқты көмілмей қалғандарды да еске алған ләзім. Орман-тоғайларда, далалар мен сай-салаларда көмусіз қалған 2 млн-нан астам қаһарман хабар-ошарсыз кеткендер тізіміне енгізілді.
Қарғыс атқыр соғыс халықтың ішіне ұсқыны кеткен жауынгерлердің алып толқынын қаптатып жіберді. Соғыстан кейін мүгедектерге қаншама арсыз, келеке ат қойылды. Әлеуметтік қамсыздандыру бөлімдері мен медициналық мекемелерде жүйкесі құрыған, психикасы бұзылған ғаріптерді аса қадір тұтқан жоқ. Шешендер биік мінберлерден халық өз ұлдарының ерлігін ұмытпайды деп сайрағанымен, аталған мекемелерде бет-аузының талқаны шыққан бұрынғы жауынгерлерді «квазимодо» (құбыжық тектес кемтар адам), бір көзі жоқтарды – «камбала» (бір көзді балық), омыртқасы зақымданғандарды – «паралитик», жамбасы жараланғандарды – «қиралаң» («кривобокий») деп кемсіте атайтын. Бір аяғы жоқ балдаққа сүйенгендерге «кенгуру» деп ат қойған. Екі қолы жоқтарды «қанатсыздар», ал қоларбамен жүретіндерді «самокаттар» деп келемеждеді. Дене мүшесінің бір бөлігі жұлынып қалғандарға «тасбақа» деген айдар тағылды. Ал балдаққа сүйенген, қоларбаға мінген, жер бауырлаған жауынгерлерді, қаптаған «тасбақаларды» басынғаны сонша, олар қорлыққа шыдамай, дәл Кремльдің алдында наразылық білдірді. Бұл «халықтар көсемін» сұмдық ашуландырды. Сосын ол: «Мәскеуді «қоқыстан» тазартыңдар!», дей салды. Соғыс мүгедектерін қаңғыбас иттерді аулағандай, санаулы күннің ішінде көшеден, базардан, вокзалдан, тіпті мазардан ұстап алды да, «құрметті һәм сүйікті Сталиннің» мерейтойы алдында Мәскеуден шығарып тастады. Құжатсыз, түрмеге, лагерьге тең қапаста ұстады. Олардың одан арғы тағдыры жөніндегі деректі интернеттен іздеп тауып оқысам, бәрін 6-7 баржаға мінгізіп, белгісіз жаққа алып кетіпті. Сол кеткеннен мол кетіп, әлгі баржалардың ешқайсысы өз портына қайтып оралмаған.
Рахымжан ағамыз сол заманның кесапаттарын менен артық біліп, жапа шегіп, зығырданы қайнағаны анық. Соның бәріне Рахаң мойымай, жасымай, кеңес одағының келеңсіз қылықтарына күле қарап жүрді. Оған күш-жігер берген туған халқының шексіз ықылас-қошеметі деп ойлаймын. Кең байтақ еліміздің қай түпкіріне барса да, ел-жұрты аялай білді. Содан Рахаң қуат алды, қайраттанды, нәрленді. Елінің бетке ұстар азаматы болды.
Қазақстан егемен ел болғаннан кейін, 1999 жылғы мамырдың жетісінде ақ түйенің қарны жарылып, Рахымжан ағамызға «Халық қаһарманы» атағы берілді. Ресей де амалсыз мойындады. Ақыры шындық жеңді. Халқымыз бұл хабарды естігенде қуанғаннан дүр сілкінді, бәрекелді десті. Биыл Рахымжан ағамыздың туғанына – 100 жыл. Асқар тұлға уақыт өткен сайын асқақтады.
1974 жылы жазда сырқаттанып, Бурабайдағы «Оқжетпес» шипажайында демалып әрі емделіп жатқанымда Рахымжан ағаймен алғаш рет кездесіп, 20 күндей дәмдес болдым. 50-дегі кезі. Ақ жарқын, ақ көңіл, не айтса да ағынан жарыла сөйлейтін, аңқылдақ адам екен. Дастарқан басында бәрімізді әңгімеге тартып, күлдіріп отырады. Ұлтының ұлы қасиеттерін бойына сіңірген әрі халқын жанындай сүйетіндігін, ауылды жер қазағының шекпенінен шыққандығын, көргені мен түйгенінің мол екенін аңғартты. Қарапайымдылығы мен сыпайылығы кімді болсын өзіне магнитше тартып, тамсандырады. Бір сөзбен айтқанда, мың болғырдың өзі. Кейін Алматыда әртүрлі жиындарға барып жүргенде бір-екі рет үйінде қонақта болғаным бар. Кездескен сайын: «Е, бауырым, келдің бе, ел аман ба?» деп аңқылдап, құшақ жая бауырына басушы еді.
Келесі жылы Рахымжан ағамыздың Екінші дүниежүзілік соғыста Жеңіс туын тіккеніне 80 жыл болады. Ал Мәскеуді жаудан қорғап қалған Баукең – Бауыржан Момышұлы. Ол жөнінде бұлтартпастай көптеген дерек бар. Осы ғажап ерліктерді Астанамызда ескерткіш ретінде (монумент) неге бейнелемеске? Рас, елордада екі батыр ағамызға да ескерткіш орнатылған, бірақ Баукең – шығысқа, Рахаң – батысқа қарап, кереғар тұр. Еш қисын, тұтастық жоқ. Неге Баукең Мәскеудің іргесінде тұрып: «Әй, Рахымжан! Мен Мәскеуді жаудан қорғап қалдым. Сен ендігі жерде жаудың ордасы – Рейхстагқа жеңіс туын тік!», деп әмір беріп тұрғандай етіп, монумент-ескерткіш орнатпасқа? Осылайша бүкіл әлемді тамсандырып, неге «Ел болса, осындай болсын!», дегізбеске! Осы ойды қазақ генералдарының біразына айтып та көрдім. Бірақ әзірге еш іс-қимыл аңғарылмайды...
Намысқа баспасақ, алысқа бармаймыз!
Қасым ТӘУКЕНОВ,
Мемлекет және қоғам қайраткері