Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев ел тізгінін қолына алған кезінде: «Біз әділетті мемлекет, әділетті экономика және әділетті қоғам құрамыз», деп мәлімдеді. Оның үстіне Мемлекет басшысы қарапайым жұмысшы еңбегін дәріптеу қажеттігін алға тартып, 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Жоғары оқу орындары ғана емес, техникалық және кәсіптік білім ұйымдары да білікті кадрлар даярлауы қажет деп, кәсіптік білім саласына реформа жасау айрықша өзекті мәселе екенін қадап айтты. Бұл – экономиканың өсімін қамтамасыз ету мен инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін аса қажет қадам болмақ.
Қай заманда да жұмысшы мамандарға сұраныс жоғары болған. Сонау ХІХ ғасырда Ыбырай Алтынсарин қазақ жерінде кәсіптік білімнің негізін қалап, жұмысшы мамандар даярлау ісіне ерекше мән берген. Бұған оның мына бір сөздері айғақ: «Қазақ халқының ақыл-ойы мен экономикасының дами беруіне көмектесе алатын адамдар қажет» (жақын досы, әріптесі В.Катаринскийге 1888 жылы 28 ақпанда жазған хатынан). Ы.Алтынсарин халқының мүшкіл халін, тұрмысын түзеп, тұтынуына қажетті тауарларды өндірумен айналысатын кәсіби мамандар даярлау мәселесін көтеріп, осы бір игі іске белсене кіріскенін айғақтайтын фактілер де жетерлік.
Торғай облысы мектептерінің инспекторы қызметін атқарып жүрген кезінде (1882 жыл) жасаған есептерінің бірінде: «...Қыздар үйлерінен қатынап оқиды. Оларға қарапайым халықтың тұрмысына керекті, мысалы, киім пішу, киім тігу, шәлі тоқу, жүн, қыл секілді материалдан өрмек тоқу, киіз басу, бау және тақыр кілем тоқу сияқты әйелдер істейтін жұмыс үйретілді», деп жазған. Мұның алдында қазақ педагогі өзі аса құрмет тұтатын досы, ұстазы, шығыстанушы-ғалым Н.Ильминскийге мына бір жаңалықты қуана жеткізген еді: «...мектептің қолөнер бөлімін ашуға кірісіп жатырмыз, ал жуырда жеміс ағаштары және огород егуді де қолға алмақпыз. ...Оның үстіне Торғайда ерекше қолөнер мектебін ашпақшымыз және оны құрметті Яковлевтің есімімен атамақшымыз».
Сөз реті келгенде айтып өтелік, мектеп ашу ісінде Яков Петровичтің Алтынсаринге көп көмегі тиген. Торғайда тұңғыш ашылған осы қолөнер мектебінің жұмысын алға бастыру оңайға түспегені түсінікті. Ең қажеттісі – арнайы оқулықтар, оқытушы мамандар жоқтың қасы еді. Бар жауапкершілік инспектор Ы.Алтынсариннің мойнына түсті. Ол тағы да орыс достарының көмегіне жүгінеді. Ильминскийге хат жазып, «қайырымды жүрегіңізден қазақ халқын оқыту ісіне де кішкене орын беріңіз, ақыл-кеңесіңізді айтып отырыңыз, іскер оқытушылар жіберіңіз» деп өтінеді. «Сізде қолөнерін, бау-бақша, огород істерін, мал шаруашылығын және егіншілік кәсібін үйретуге арналған практикалық жеңіл оқу құралдары жоқ па?» деп сұрайды.
Тағы бір таңғаларлығы, мамандардың қат кезінің өзінде қолөнер мектебі үшін мықты кадрлар іздеген. Ол жақсы оқытушы үшін барлық жағдай жасауды да мойнына алып отырған. Сөзіміз жалаң болмас үшін, мына бір хатынан (В.Катаринскийге, 1883 жыл 1 сәуір) үзінді келтірейік: «...ағаш-балта ұсталығы өнерінен сабақ беретін бір жақсы оқытушы табыла қалатын болса, оның үстіне оқу-жазу үйрете білетін де болса, оған пәтер беріп, оның үстіне 400-500 сом жалақы берудің де тәсілін табар едім».
Қолөнер мектебі ашылғаннан кейін де тыным таппай, ондағы оқу-тәрбие жұмысын қадағалап, ақыл-кеңесін беріп отырған. Сол үшін де бірнеше мәрте іссапарға шыққанын мына бір сөздері айғақтайды: «Арғы күні тағы да Торғайға жүргелі отырмын. Онда жаңа ашылған қолөнер мектебінің жұмысы қалай жүріп жатқанын байқау, оның шаруашылығын біржола жолға салу үшін, Торғайда осы айдың аяғына дейін болмақпын». Ы.Алтынсарин осылайша атқарылуға тиіс іс-шараларды алдын ала жоспарлап, тиянақты орындаған.
Дереккөздерге сүйенсек, инспектор Ы.Алтынсариннің өзі бас болып, қолөнер училищесін бітіргендерді сынақтан өткізіп, мамандықтарына сәйкес куәліктерін тапсырған. «Алғашқы мамандардың ішінде Торғай уезінің Шұбалаң болысындағы №2 ауылдың азаматтары Мығымбай Көркембаев пен Бижан Айдарбеков ағаш шебері және токарь мамандықтарын алды. Олар Торғай даласындағы тұңғыш қолөнер мамандары еді». Қандай да бір оқу орнын ашу үшін, әрине, қаражат, құрылыс материалдары қажет. Ы.Алтынсарин мұның да жолын тапқан. Ел ішінен қамқоршылар іздеп (бүгінде оларды демеушілер дейміз), солардың көмегіне жүгінген. Олар бірде бөрене, кірпіш түрінде материалдар беріп, демеушілік жасаса, енді бірі ақшалай (100 сом, 200 сом) жәрдемдескен. Сондай-ақ қазақ арасынан, кедейлерден басқасынан үй басынан 1 сом ақша жинауды ұйымдастырып, кәсіби мамандар даярлау мәселесін ұтымды шешуді қолға алғанын ұлы педагогтің мына сөздері дәлелдейді: «.. мен енді осы ақшаның бірқатарын Қостанайда бір жөні берік негізге қойылған техникалық және ауылшаруашылық училищелерін ашуға жұмсаған пайдалы болар еді деп ойлаймын». Ы.Алтынсарин өз қолымен жазған мәліметтеріне қарағанда, Красноуфимскідегі реальное училищеде қазақтарды техникалық ғылымдарға оқытуға төрт стипендия, ал ауылшаруашылық мамандықтарын игерушілерге арнап бес стипендия тағайындаған. Мұнда оқу ісі түгелімен тәжірибеге негізделген. Оқу орнында былғары илеу, сабын қайнату, май шайқау, құмыра жасау істері, ағаш-токарь, ұста-слесарь өнерлері, ауыл шаруашылығынан – бау-бақша салу, мал шаруашылығы, егін жайлары үйретіліп, жаңа машиналармен олардың құрылыстарымен таныстыру жұмысы жүргізілген. Ы.Алтынсарин Красноуфимск училищесі секілді облыста қазақтарға арнап ауыл шаруашылығы мектебін ашу туралы жоба ұсынған. Ол техникалық мәні бар іс-шараларды іске асыру сахарадағы қазақтарға игі әсерін тигізеді деп санады. Сол себепті Красноуфимск училищесін бітірген Уәли Измаиловты Ақтөбе училищесіне, Бөлебай Сарыбатыровты Ырғыз училищесіне, Елжан Оразбаевты Торғайға, Асылқожа Құрманбаевты Николаевск училищесіне жібереді. «Ойымыз – қазақ даласына техникалық білім тарату... Б.Сарыбатыровтың тері заводын ашуға құлшына кіріскісі келеді, қажетті есеп-қисап, смета жасауды да өз мойнына аламын деп отыр», деп жазады Ы.Алтынсарин.
Кәсіптік білім беру ісін дамыту бағытындағы Ы.Алтынсарин қызметінің сан қырлы, ауқымының кең болғанын айғақтайтын фактілердің тағы бірі мынау: «...мен бұл жерлердің даласынан «кермек» деген шөпті іздеп жүргенім өздеріңізге мәлім, ал ондай шөп бұл жақтан табылмағандықтан, мен енді сол сияқты тері илейтін, бояу болатын басқа шөптерді жинап жатырмын. Ал сізден өтінерім: Ырғыз дүкендерінен «ермен» деген шөпті сатып алыңыз. Бұл Түркістан өлкесінен әкелінеді, өзі бояу болады» (Ф.Соколовқа, 1886 жыл 9 қазан). Бұл сөздеріне қарағанда, оқу ісінің инспекторы Алтынсарин болашақ мамандардың іс-тәжірибесіне қажетті мәселені де өзі бас болып қолға алып, шешімін табуға құлшына кіріскенін байқаймыз. Қандай табандылық, жанкештілік десеңізші. Осы айтылғандардың бәрінен ойға түйетініміз: Ыбырай Алтынсарин – қазақ жеріндегі кәсіптік білім жүйесінің негізін қалаған ардақты тұлға, табанды қайраткер. Ағартушы өнегесінің өміршеңдігін бүгінгі тәжірибе, жұмысшы мамандықтарына деген сұраныс айқындап отыр. Қарапайым жұмысшы еңбегімен қарқынды дамуға жол ашылып, ел әлеуеті арта түседі. Сөзімізді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мына сөзімен түйіндейік: «Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі».
Биалаш СҮЙІНКИНА,
Білім саласының құрметті қызметкері
Қостанай