• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Өндіріс 19 Қазан, 2024

Май өндірісінің мүмкіндігі мен машақаты

296 рет
көрсетілді

Кәдімгі өсімдік майы қара мұнайдан да қастерлі болуы мүмкін бе? «Expert Market Research» компаниясы жақында жариялаған есебінде өсімдік майын сату мұнайға қарағанда әлдеқайда тиімді болуы мүмкін деп тұжырымдады. Былтыр жаһандық өсімдік майы нарығының құны 219 млн тоннаға жеткен. Ал жылдық өсу қарқыны 2032 жылға дейін 3,1%-ды құрауы мүмкін. Бірақ тап осы бағыттың біздегі даму қарқыны көңіл көншітпейді. Экспортты былай қойып, ішкі нарықты қамтудың өзі мұң.

Қанша жыл қалыптасқан астықты экспорттау саясаты бүгінде әлемдік нарықтан өз позициясын жоғалтқан. Кейінгі 10 жылда еліміз дәнді, майлы дақылдарды 63 елге экспорттаса, қазір 44-ке төмендеген. 2018 жылы 10 млн тоннадан астам өсімдік шаруашылығының өнімі экспортталған. Бүгінде 4 млн тоннаға экспорт көлемі айтарлықтай азайған. Негізі бізде біршама май зауыты жұмыс істейді. Бірақ бұл зауыт­тардың қуатты 40%-дан аспайды. Шикізат жетіспейді, қайта өңдеу ісі кенжелеп қалған.

Ұлттық статистика бюросы дере­гі­не сүйенсек, бірнеше жылдан бері май өңдеу кәсіпорындарының жүктемесі төмен деңгейден көтеріле алмай отыр. 2019 жылы рафинадталған күнбағыс майын өндіруге арналған жаб­дықтардың орташа жылдық қуа­ты 32,9% болса, тазартылмаған май өндіруде 44,3% болған. Содан бері арада 4 жыл өтті, көрсеткіштер артудың орнына, керісінше, 2-3%-ға түскен.

Бұл жердегі парадоксті «шикізат қарғысы» (resource curse) ұғымы ұғын­дыра түседі. Ол ресурстарға тәуел­ді елдердің саяси, экономикалық, әлеу­меттік мәселелерге тап болатынын көрсетеді. XX ғасырдың соңында Ричард Аутти енгізген осы концепцияда «Голланд ауруы» факторы да бар. Май өндірісінің өркендеуіне дәл осы фактор әсер етіп отыр. 2018 жылы елдегі күнбағыс тұқымы экспортының көлемі 1 млн тоннадан асты, 2019 жылы ол 26,9%-ға ұлғайып, 1 млн 270 мың тоннаны құрады. Көрсеткіш жылдан-жылға өсіп жатыр. Қазіргі нақты парадоксалды жағдай: республикада шикізаттың жеткілікті мөлшері өндіріледі, оны өңдеуге арналған қуат­тары бар, бірақ зауыттардың жүк­­темесі 32%-ды ғана құрайды. Табиғи ресурстардың экспорты ұлттық валютаның күшеюіне әкеліп, басқа экспорттық секторлардың бәсекеге қабілеттілігін төмендетеді. Оған дәлел – елде күнбағыс егістік алқаптарының көлемі мен май өндірісінің артуы. Майлы дақылдарды көп өндірсек те, аталған шаруашылық шабандай түскен. Оған майлы дақылдарды қайта өңдеудегі кедергілер кесірін тигізіп отыр.

Биыл майлы дақылдың егістік алқабы 1,3 млн гектарға жеткен (2019 жылға қарағанда 57,3%-ға ұлғайған). Дәл қазіргі кезең – майлы дақылдар өсіретін шар­уа­шылықтар мемлекеттен бөлінетін субсидияның қызығын көріп, қалтасын қампайтып жататын уақыт. Бірақ сарапшылар мен депутаттар одан түк пайда жоқ, шикізатқа емес, экспортқа баса назар аударайық деп дабыл қағып жүр. Сенатор Сұлтан Дүйсенбинов Үкіметке жолдаған сауалында қайта өңдеу сала­сын­дағы тоқырауды тоқтататын шұғыл шара қабылдау керегін айтқан.

«Елдің аграрлық саласын қолдау мақ­сатында мемлекеттік бюджеттен тек кейінгі екі жыл ішінде ғана аграрлық өнеркәсіп кешеніне бағытталған субси­диялық қаражат сомасы 929,2 млрд теңгені құрады. Алайда бәріміз көріп отырғандай салада ешқандай нақты алға жылжу жоқ. Экономикадағы ауыл шаруашылығының үлесі небәрі 5%-дық межеден асар емес. Экспорттың көлемі де басқа салалардың өнімдерімен са­лыс­тырғанда тым төмен деңгейде», дейді.

Айтуынша, елдегі май зауыттары толық жүктемемен жұмыс істемей тұр­ған кезде шикізат ретінде сатылатын күнбағыс дәнін экспорттау дұрыс стратегия емес. Әр отбасында тұтынылатын бұл өнімнің егістік алқабы кейінгі үш жылда 40%-ға өскен. Күнбағыстың жалпы жиналуы 1 млн тоннадан астам, ал зауыттардың өңдеу қуаттылығы шамамен 3,3 млн тоннаны құрайды. Демек егіс көлемін ұлғайтып, өнім өндіруді арттыруға болады.

«Май өндірісі – барлық бағытта елеулі табысқа қол жеткізіп, респуб­ликада қарқынды дамып келе жатқан сала. Осы орайда Орталық Азияда майлы дақылдар тапшылығы бар екенін айту керек. Өйткені Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан елдері табиғи-климаттық жағдайларға, егіс алқаптарының шек­теулі болуына байланысты бұл дақыл­ды жеткілікті көлемде өсіре алмайды. Ал күнбағыс өсіру бойынша Орталық Азиядағы біздің үлесіміз 90%-ға жуық­тайды. Күнбағыс егіс алқаптарының ұл­ғаюы­мен қатар, күнбағыс дәндерін жинау көрсеткіштері де өсті. 2019–2023 жылдар аралығында өндіріс 47,4%-ға артып, 838,7 мың тоннадан 1,2 млн тоннаға жетті. Оған қоса майлы дақыл қоры да көбейді. Экспорт 55,7%-ға қысқарды. Өңдеуге жіберілген өнім көлемі 2019 жылмен салыстырғанда 3,6 есе артты», дейді.

Неліктен өндірістің өсуіне қара­мас­­тан, май өңдеу зауыттарының жүк­темесі төмен күйінде қалып отыр? Мәселе – өңдеу қуатының артуында. Ұлттық статистика бюросының дерегіне сәйкес, 2019 жылы өсімдік майын өндіретін 14 кәсіпорын жұмыс істеді. Олардың жалпы орташа жылдық қуаты 785,5 мың тоннаны құрайды. 2023 жылы 24 зауыттың қуаты 1,3 млн тоннаға дейін артты. 2024 жылдың шілдесінде май зауыттарының саны 28-ге жетті. Демек кәсіпорындар арасында шикізатқа өзара бәсекелестік бар. «Қазақ майлы дақылдар қайта өң­деу­шілерінің ұлттық қауымдастығы» төрағасы Ядыкар Ибрагимов те осы ойды тілге тиек етіп отыр.

«Қазіргі қазақ май зауыттарының 3,6 млн тонна майлы дақылды өңдеуге қуаты бар. Бірақ іс жүзінде тек 32% қуатпен жұмыс істеп тұр. Өйткені өнімнің не­ғұрлым мол бөлігі сыртқа шикізат күйінде шығарылады. Мұны біз Ауыл шаруашылығы министрлігіне жылдар бойы түсіндіріп келеміз. Экспортқа 20% баж салығы жеткіліксіз. Бізден 15 есе көп майлы дақылдар шығаратын Ресей, мемлекеттік бажды 50%-ға дейін көтеріп отыр. Яғни рубльмен санағанда 32 мың, еуромен есептесек 310 еуроға шығады. Осыдан кейін Ресейдің барлық шикізат өнімі өзінде қалып, өзінде өңделеді. Әрі бізге өңделген өнімдерін шығарып, пайдасын көріп отыр. Өзіміз өңдемесек, іс осылай жалғасып кете береді. Қазір тәжіктер мен өзбектер де қазақ шикізатын алып, оны өздеріндегі кәсіпорындарда өңдеуге машықтанып алған. Қазақ соясының да көп бөлігі экспорт асып кетеді. Қытай – күнбағысты импорттау­шы ел. Бірақ 9% қосымша құн салығы мен 9% басқа салықты қосқанда біздің мемлекеттік бажбен теңесіп кетеді. Қазір май шикізатында біздегі 50 шақты май зауыттары бір-бірімен бәсекелесіп жатыр. Елімізде өңдеу ісіне назар аударылмаса, өндірісіміздің жағдайын түземесек, жағдай одан са­йын құлдырай береді. Біздегі жағдайды анық аңғарған өзбектер бағаны да тым төмендетіп қойған. Өйткені басқа амалдың жоғын жақсы біледі», дейді ол.

Биыл қаңтар-шілде аралығында 369 мың тонна өнім шығарылды. Былтырғы осы кезеңмен салыстыр­­ғанда 25,8%-ға өскен. 369 мың тонна – елдің ішкі нарығына үлкен көлем. Биыл жеті айда елімізде 151 мың тонна күнбағыс майы сатылды, яғни жартысынан азы ғана. Қалғаны экспортқа жіберілді. Үкімет пен өңдеушілердің мақсаты – ши­кізат емес, қайта өңделген өнімді шетелге сату. Ұлттық статистика бюро­сының дерегінше, кейінгі жылдары өндірілген күнбағыс майының экспортқа шығарылатын үлесі едәуір өскен. Мәселен, 2019 жылы өндірілген майдың тек төрттен бірі шетелге сатылса, 2024 жылы шілдеде бұл көрсеткіш 73,5%-ды құрады.

Мұндай жоғары көрсеткішке жету мақсатында билік экспортқа квота енгізген еді. Алаңның алдын алу аясында, күнбағыс тұқымын шетелге сатуға толық тыйым салу немесе экс­­порттық баж салығын қолдану қажет. Қазір шетелге шығару тыйым салын­баған, бірақ көтерме саудагер­лер баж салығын төлеуге мәжбүр. Деген­мен бұл да ауыл шаруашылығы өндіру­шілері мен трейдерлерді шетелдік сатып алушыларға күнбағыс дәндерінің ондаған мың тоннасын сатудан тоқтата алмады.

«Биыл да егіс науқанына екі есе көп қаражат бөлінді. Алайда агро­­өнер­кә­сіпке бөлінетін бүкіл ақшаның 70%-ы – мемлекет қаржысы. Бұл салаға ком­мер­циялық банктердің қаражатын да тарту қажет. Диқандарға өсімі аз несие беруде мемлекеттік қаржы инс­титуттарын субсидиялау шараларын қолға алып, банктерге қатысты алдың­ғы қатардағы аграрлық елдердің тәжіри­белерін қолдану керек», деген ұсыныс та айтылған.

Бізде экспорттық баж салығы бар. Өндірісті ынталандыруда шикіза­ты­мыз­ды шетелге шығаруға тосқауыл қояға болады. Бірақ бұл модельдің жұмыс істеуі шамалы. Баж салығына қарамастан, шикізат көрші елдерге экспортталып жатыр. Қорыта айт­қанда, отандық кәсіпорындардың өнді­­рістік қуат жүктемесінің төмендеуі май саласына кері әсерін тигізеді. Көршілес елдердің нарығын барлайтын болсақ, онда біздің экспорттық әлеуетіміз айтарлықтай жоғары. Мысал­ға, Өзбекстанда шикізат экспорты жа­бық, олар оны қайта өңдейді, егер артық болса, дайын өнімді экспорттайды. Өзбекстан елімізден алған бидайды өңдеуді соншалықты арттырып, әлемдегі ең ірі ұн экспорттаушылардың үштігіне кіріп алғаны әмбеге аян.