«Отау» мен «Наурыз» бағдарламаларының кредиттік өтінім беру мерзімі ұзартылды. Енді бағдарламаға қатысушылар «Отбасы банкіне» 31 қазанға дейін (қоса алғанда) жүгіне алады. Бұл қосымша тізімге енген банк клиенттеріне қатысты.
Бұған дейін несиелік өтінім беру мерзімі 18 қазанға дейін еді. Енді отандастарымыздың төлем қабілеттілігінен өтіп, мақұлдау алуларына тағы екі апта уақыт бар. Оны «Отбасы банк» бөлімшелерінде, онлайн банктің ресми сайтында немесе «Баспана маркет» порталында бейне-қоңырау шалу арқылы, сондай-ақ кеңесшілердің көмегімен жасауға болады. Егер қосымша тізімге қатысушы «заем» бойынша мақұлдау алса, онда тездетіп, 29 қарашаға дейін (қоса алғанда) баспана тауып, оны сатып алу керек. Бағдарламаға қатысушылар алғашқы нарықтағы оның ішінде Қазақстан Тұрғын үй компаниясы кепілдігі, үлестік қатысу шарты, сақтандыру құралы бар тұрғын үйді «Баспана маркет» порталында таңдайды. Қазіргі уақытта клиенттер таңдауында 9 412 пәтерге арналған 721 нысан бар. Бұл тізім күн сайын толықтырылып отырады. Қайталама нарықтағы тұрғын үйді моноқалаларда, аудан орталықтарында, ауылдық елді мекендерде сатып алуға болады. Заемның ең жоғарғы мөлшері: Алматы мен Астана қалаларында – 36 млн теңгеге дейін; қалған өңірлерде – 30 млн теңгеге дейін.
Еске сала кетейік, «Отау» мен «Наурыз» бағдарламаларына қатысушылардың қосымша тізіміне 9000 отандасымыз кірген. Өтініш берушілер мен тұрғын үй бағдарламаларына қатысушылардың толық тізімі «Отбасы банктің» ресми сайтында жарияланған.