Бұл күндері АҚШ-та еңбек етіп жүрген еліміздің азаматтары арасында да дарындылар мен қарымдылар аз емес. Солардың бірі – Бақыткелді Қасенов. Отбасымен бірге алыстағы Америкада тұрып жатқанына бірер жылдың жүзі болған қандасымыз спорт саласында елеулі табыстарға қол жеткізіп үлгерді.
34 жастағы Бақыткелді Жетісу облысы Кербұлақ ауданының тумасы. Сол өңірде ол әр жылдары әлем, Азия чемпионы атанған Берік Жетпісбаев, Мейіржан Қашағанов, Ділдәш Құрышбаева тағы басқа белгілі балуандарды тәрбиелеген майталман маман Бақыт Қоқысбековтің қол астында жаттығып, күрес өнерінің қыр-сырына қанықты. Кейін Асан Жолдыбаев, Варвара Масягина, Ермек Нәсиевтен тәлім-тәрбие алды. Қол жеткізген табысы жаман емес. Самбо мен дзюдодан жасөспірімдер мен жастар арасында облыс чемпионы болды, республикалық турнирлерде сан мәрте жүлдегерлер қатарынан көрінді.
Спорт пен білімді қатар алып жүрген Бақыткелді Қасеновтің төрт дипломы бар. Әу баста Қазақтың дене шынықтыру, туризм және сервис колледжінде оқыса, кейін Спорт және туризм академиясы, Еуразия технология университеті, Қазақ ұлттық аграрлық университетін тәмамдады. Түрлі салада еңбек етіп, бірнеше шет тілін жетік меңгерді. Сол еңбегінің жемісін көріп, сонымен қатар білімін жетілдіру мақсатында АҚШ-қа аттанды. Бұл күндері отбасымен бірге Лос-Анджелесте тұрып жатқан қазақтың ұлы спорттан да алшақтаған жоқ.
– Бозбала шағымнан балуандық өнерге аңсарым ауды. Кіндік қаным тамған Кербұлақ ауданында дзюдо мен самбоның даму барысы өте керемет. Бақыт Қоқысбеков есімді мықты маман осы спорт түрлерінің Сарыөзек өңірінде дамуына барынша еңбек сіңірді. Мен сол кісінің қол астында жаттығып, Берік Жетпісбаев, Мейіржан Қашағановтай ағаларыма еліктеп өстім. Олардың самбодан бағындырмаған белесі жоқ. Дзюдода да өздерін мойындатты. Келесі айда Бақыт Жәкетұлы 70 жылдық мерейтойын атап өткелі жатыр. Сөз орайы келгенде, ұлағатты ұстазыма Америкадан жалынды сәлем жолдап, өскелең ұрпақты спорт пен саламаттыққа баулып қана қоймай, өмірде де дұрыс бағыт-бағдар бере білген абзал азаматты атаулы күнмен құттықтағым келеді, – дейді Бақыткелді.
Жуырда ғана Америкадан қуанышты хабар жетті. Айналдырған бір ай ішінде Бақыткелді үш бірдей дүбірлі додаға қатысып, барлығында да олжаға кенелді. Атап айтсақ, дзюдодан Нанкадағы «Nanka Fall Tournament», Сан-Хоседегі «San Jose open» турнирлерінде бас жүлдені олжалады. Сол жарыстарда мексикалық Хосе Альварадо, жапониялық Кулен Ямосаки, америкалық Роберт Никольс, қытайлық Жасон Ли мен Дакта Чин сынды танымал спортшыларға сан соқтырды. Сонымен қатар джиу-джитсудан ұйымдастырылған Лос-Анджелестегі додада қола медальды мойнында жарқыратты. Б.Қасеновтің ендігі мақсаты – халықаралық аренада атой салу.