Биыл туғанына 85 жыл толатын ақын Фариза Оңғарсынова ұлттық руханиятымызда қайталанбас қолтаңбасымен орын алған ерекше шығармашыл тұлға ғой. Фариза апайды поэзия падишасы, өлең-сөздің патшайымы дейтін. Өйткені ол кісі шын мәнінде ұлы ақын болды. Оны барша жұрт ойлы сөздер тұнған лирикасы, өршіл өлеңдері мен поэмалары үшін, титімдей жасандылығы жоқ ерекше болмысы үшін, мейірімді жүрегі, кіршіксіз көңілі үшін қадір тұтты. Барша жұрт үлкен-кішісіне, әлеуметтік тегіне қарамай, әсіресе жастар жағы айрықша қадірледі. Ақын әпкесі маңына үйіріліп жүретін, ақындыққа қол созған қыздар қаншама еді.
Менің ұғымымда, Фариза Оңғарсынованы халықтың риясыз сүйіспеншілігіне бөлеген – тамаша поэзиясымен астаса көрініс табатын шыншылдығы, әділетсүйгіштік қасиеті, әділдігі, әр мәселеге өзіндік көзқарасы. Фариза апайымыз өлеңіне әрқашан жанымен сүйгенін, шын сүйсінгенін, сондай-ақ ұнатпағанын да арқау етті. Өз түйгенін танытуға келгенде ештеңеден тайсалмайтын, өжет мінез көрсетіп, батыл сөйлейтін. Ол Махамбет жырларынан нәр алған, өр мінезімен, өршіл жырларымен дараланған мінезді ақын еді. Отаншыл болатын.
Халық қалаулысы ретінде Мәжілісте қызмет істеген жылдары мемлекеттік тәуелсіздікті баянды етуге бағытталған іске аянбай үлес қосты. Әдебиет пен мәдениет мәселесін ұдайы назарда ұстады. Парламентте мәдениет туралы әзірленген заң жобасын қарау ойластырылып жүрген шақта менен де ұсыныс, пікір сұраған еді. Жазушылар одағында істейтін ол кезде баршамызды толқытқан жайттарды еске салып, өз білгенімше, заңда ескерілуге тиіс деген тұстарын қағазға түсіріп бергенмін. Сонда апайымыз үкіметтен заң жобалары орысша жазылып түсетінін, парламентшілердің де оларды сол қалпында қарастыра беруге оң иықтарын беріп тұратынын айтып қынжылды.
Ф.Оңғарсынова заңдардың мемлекеттік тілде жазылып, қабылдануын көтерген, сол тарапта нақты әрекет еткен қайраткер болатын. Ол кісі өз тарапынан қазақ тілінде отбасы, ана мен бала тағдыры, оларды қорғау, балалардың құқықтары туралы заң жобаларын жасап, талқылауға ұсынған. Бұл мемлекеттік тілде жасалған тұңғыш құжаттар еді, бұл тарапта ол ізашар болып, қазақ парламентіне үлгі көрсетті.
Жалпы, Фариза Оңғарсынованың заңшығарушылықта ұстанатын көзқарасы, менің ойымша, оның қайта құру жылдары жариялаған публицистикасында мейлінше айқын тұжырымдалған деуге болады. Ол өзінің ұлт мүддесі, ұлттық тіл тағдыры, ұлттық тәрбие хақындағы ойларын парламенттегі қызметінің тұғыры етті. Осы жерде Фариза апайымның тәуелсіз көзқарасы, ештеңеге алаңдамайтын кесімді шешімі менің тағдырымда өте маңызды да күрт бетбұрысты рөл атқарғанын атап айтқым келеді. Бұл өткен ғасырдың 70-жылдарының ортасындағы оқиға еді. Мен орталық комсомол комитетінің насихат бөлімінде қатардағы жауапты қызметкер болатынмын.
Апайдың «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінің батыс өлкедегі меншікті тілшісі қызметінен Алматыға ауысқанына төрт-бес жылдай болған. Келген бетте «Қазақстан пионері» газетінің редакторы лауазымына бекіген-тін. Мені сол редакциядағы жұмысқа шақырды. Бұл мен күтпеген жағдай еді. Бірден баратынымды айттым.
Көп ұзамай апай менің кандидатурама келісім алғанын хабарлап, тез редакцияға келуімді күтетінін айтты. Алайда басшыларым маған ештеңе демеді, мен де үн-түнсіз жұмысымды істеп жүре бердім. Екі-үш күннен соң апайым қатқыл үнмен неге кешігіп жатқанымды сұрады. Олардың өзіне келісімін бергенін, үндемесе, барып сұрау керегін айтып, телефон трубкасын қоя салды.
Мен кешікпей «Қазақстан пионері» газетінің жауапты хатшысы қызметіне бекідім. Бұл лауазым редактордың орынбасары іспетті мәртебеге сай келетін, тиісінше орталық комитеттің номенклатурасына кіретін-ді, содан да шығар, аппараттың жалпы жиналысында мені жаңа қызметке салтанатты түрде шығарып салды. Шынында да, газет жұмысында маған бейтаныс нәрселер көп еді. Ақын ақыл-кеңесін айта отырып шексіз сенім артуы, алғашқы күндерде бұрын жауапты хатшы міндетін атқарған бөлім меңгерушісі, қазіргі үлкен жазушы Мәди Айымбетовтің қалтқысыз көмектесіп тұруы арқасында тапсырылған лауазымға жүктелетін міндеттерді қысқа мерзімде жан-жақты игеріп алуға кірістім.
Сол жылы ауыл шаруашылығын дамытуға елеулі үлес қосқан тың игеруші қостанайлық механизатор Кәмшат Дөненбаева «Социалистік Еңбек ері» атағын алған. Тамаша ақын ғана емес, қаламы жүрдек журналист апайымыз оның ауылына барып қайтты, шұғыл түрде «Біздің Кәмшат» деген деректі повесть жазып, 1976 жылы жарыққа шығарды. Көп ұзатпай осы атақты тракторшы қыз туралы «Қазақтың бір қызы бар Кәмшат деген» атты поэмаға ұласты. Жас ұрпаққа жазған өлеңінде жас өскін боп: «Батыр қызы халқымның Кәмшат апай – мақтаным. Мен де соған талпындым, атын есте сақтадым. Жұлдыздайын ең көркем жарқырайды ордені, «Батыр бол, – деп, – сен де ертең» шақырғандай ол мені», деп жырлады.
Фариза Оңғарсынованың шығармаларында әйел тақырыбы негізгі орын алатыны белгілі. Ол кісі тек Кәмшат сынды еңбек адамын ғана емес, қазақтың небір айтулы, өнерлі қыздарын жырына қосты. «Тартады бозбаланы магнитім» деп әнші Майраны, «Сайраған Жетісудың бұлбұлымын» деп ақын Сараны жырлады. Қазақтың композитор қызы Ғазиза Жұбанова, атақты Құрманғазының шәкірті болған күйші Дина Нұрпейісова, әншілер Бибігүл Төлегенова, Роза Бағланова, ақын Мәриям Хакімжанова, батыр қыздар Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметова дастандарына, өлеңдеріне арқау болды.
Ақын көптеген өлең-жырында қыз-келіншектердің жиынтық бейнесін сомдады. Асыл сезім, ғашықтық, махаббат жайындағы өлеңдері оның ерекше дарыны мен үздіксіз ізденісі нәтижесінде жастардың көңілінен шығып жатты.
Бүкілхалықтық шығармашылық тұлғаға айналған Фариза Оңғарсынова «Біреуді жақсы көрген қандай жақсы – нұрланып кетеді екен бар айналаң!» – деп баршаны сүйсіндіре жазды. Жақсы көру, жақсы көру, не деген керемет ең! Өмірді сезінуге, қуанып көз ілуге – адамға жақсы көру керек екен», деген сөздермен адам баласына аса қажет ғажап сезім жайындағы көптің жанын жадырататын түйінді ойын айтты.
Мен ол кісінің қол астында 1975–1978 жылдары үш жыл істедім. Ол маған шексіз сенім артты. Тіпті сол шақтағы қалыптасқан стандартты ахуалға кереғарлау бастама көтергенімде де, қолымды қақпады. Мәселе былай болған еді. Мен мектептерде, пионер ұйымдарында жұмыс істейтін интернационалдық достық, қысқаша КИД деп аталатын клубтардың тым тар ұғымда түсініп-қарастырылатынына балалардың назарын аударуға тырысқанмын. Сол мақсатпен достық туралы арнайы мақала жазып, жария еттім. Редакцияға интернационалдық достық клубтары, әр ұлт балалары, тіпті өзара дербес екі тілде тәрбие көріп өсіп келе жатқан шәкірттер арасындағы қарым-қатынас жөніндегі оқушы хаттары топырлап келе бастады. Біз оларды қорытып, топтап жариялап жүрдік.
Газет бетінде үлкен диспут көтерілді. Жас өркен оқырмандарымыз кейбір өзге ұлт балаларының өзіндей құрбыларына ашық менсінбеушілікпен қарап, ескірген лақаптармен мазақтайтынын айтты. Әсіресе тіл мәселесіне ерекше назар аударды, тілдің маңызын жырлаған қазақ, қырғыз ақындарының өлеңдерінен мысалдар келтіріп, өз тіліне немқұрайды қарайтын, тіпті білмейтін және білгісі де келмейтін құрбыларын сынады. Сондай топтамалардың бірінен өз ішіміздегі «қырағы көрегендер» жазуға болмайтын жайтты, яғни «саяси қате» тауып, тиісті орындарға жеткізе қойыпты. Содан біразға созылған сергелдең басталды.
Фариза апай маған ешқандай реніш білдірген жоқ, газет бетіне шығарған идеямның дұрыстығын жоғарыдағыларға дәлелдеуіме, өз позициямды қорғауыма толық мүмкіндік берді. Мен марксизм-ленинизм классиктерінен, партиялық құжаттардан тоқығандарымды алға тартып, жүргізген пікірталас бағытының да, мазмұнының да қате емес екеніне бұлтартпас аргументтер келтірдім. Ақыры мәселе менің түсінік жазып беруіммен аяқталды. Ал редакциядан бір іс папкасына толтырып алып кеткен оқушы хаттары ішінен кейбір шетін деп тауып, керек көргендерін алып қалып, басқасын қайтарып берген-тін.
Мұндай ой қақтығыстарының балалар ғана емес, ересектер арасында билеуші партияның қайта құру саясаты өрістеген шақта да, тіпті тәуелсіздікке қол жеткізген жылдарда да орын алып жүргеніне Факең нақты мысалдар келтіріп, өзінің мақалаларында ашына жазып жүрді.
Оның ғаламат поэзиясымен сусындап қана қоймай, ұстанымдарынан да үлгі алу бүгінгі ұрпаққа қажет-ақ. Фариза Оңғарсынова әсерлі де пәрменді ғажап шығармашылығымен, күллі бітім-болмысымен әрқашан оқырман жадында, әрқашан бәрімізбен бірге.
Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ,
жазушы