Шығыс Қазақстан облысында Орта Азияда теңдесі жоқ көпір құрылысы аяқталып, халық игілігіне салтанатты түрде тапсырылғанына ел болып қуанып жатырмыз.
Ертеректе, бала кезімізде әкелеріміздің «жаз жайлауда Балықшыдан Өскемен, Семейге жол тартқанда (балық жеткізу) Ертіс өзенінен салмен өтетін едік. Жел соқса, сал өзенді кесіп өтуге жарамай, тұралап қалатынбыз. Қарлы, боранды қыста жанымызды шүберекке түйіп, ат шанамен мұз үстінен өтетін едік» дегенін талай естіп өстік. Арғы жаға мен бергі жағаның арасы 6 шақырым болатын өткелге паром түсіп, көліктерді тасымалдап жүргенінің өзіне 50 жылдан астам уақыт өтіпті. Паромға үлгермей, сыймай қалатын сәттердегі сарыла күтудің өзі бір төбе әңгіме-естелік.
Қыстың боранды, көктемнің жылымық күндерінде мұз жарылып, үстімен өтіп бара жатып, қызыл су жиналған жердің жұқалтаң жерінде суға кеткен қаншама жерлестеріміз, көлік құралдары болды. Алматыдан ауылымызға келгенде таяқ тастам жердегі үйімізге жете алмай, ат шанаға жармасып, жаяу Ертістен өткен кездеріміз жадымызда.
Осы ғасыр құрылысының басы-қасында жүріп, бөлінген қаражатты шашау шығармай, ерен еңбек сіңірген барлық азаматқа алғысымыз шексіз. Әсіресе, елдің тілек-арманын естіп, осынау игілікті іске ұйытқы болған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризалығымызды жеткіземіз.
Асхат Сәлиев,
инженер-құрылысшы
Астана