Ақмола облысында екінші тоқсаннан бастап тағы екі жаңа жайлы мектеп жұмысын бастайды. Жайлы мектеп 1200 орынға есептелген. Республика күні қарсаңында Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов пен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айна Мысырәлімова Қабанбай батыр ауылындағы мектеп-лицейді аралап көрді, деп хабарлайды Egemen.kz облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оқушылар үшін жаңа модификациядағы кабинеттер, спорт залдары, STEM-зертхана, кең асхана, кітапхана, спорт алаңы және басқа да мүмкіндіктер қарастырылған.
«Келесі тоқсанда бұл мектепте 800-ден астам оқушы білім ала бастайды. Айта кету керек, мектеп тек Қабанбай батыр ауылы тұрғындарының ғана емес, жақын маңдағы елді мекендердегі балалардың да білім алуына қызығушылық танытып отырған орталыққа айналды», деді мектеп-лицейдің директоры Рүстем Жахин.
Өңір әкімі жаңа оқу жылында облыста 8 мектеп ашылғанын, олардың 6-уы орын жетіспеушілігі мәселесін шешу және оқушыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында ұлттық жоба аясында салынғанын атап өтті.
«Мемлекет басшысының бастамасымен біздің өңір ауылдарында жайлы мектептер ашылып жатыр, олардың жағдайы қалалық мектептерден еш кем емес. Бір ауысымда оқыту қосымша білім беру жүйесінің тиімді жұмысын ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Біздің еліміздің болашағы – білімді және жан-жақты дамыған балалардың қолында», деді Марат Ахметжанов.
Айта кетейік, тағы бір жайлы мектеп Қаражар ауылында ашылды.