Еліміздің бұрыш-бұрышында өзіне, халыққа, елге, жерге, мемлекетке орасан зор пайда келтіріп, адал еңбегімен құрметке бөленіп жүрген табысы мол кәсіпорындар бар. Соның бірі – Солтүстік Қазақстан облысындағы Геннадий Зенченко басқаратын «Зенченко и К» коммандиттік серіктестігі.
Серіктестіктің алғашқы қадамдары
Оны құрған, кейін Еңбек Ері атағын алған Геннадий Иванұлы Зенченко. Кеңес өкіметі жылдарында әкесі Иван Емельянұлы бірнеше ұжымшар мен кеңшар құрып, шебер ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түскен екен. Баласы Геннадий де қара жердің маңынан аулақ кетпей, Совет аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып жүрген жерінен өз қалауымен сол жылдары артта қалып, облыстағы туберкулезге ұшыраған қара малдың бәрін жинайтын Новоникольск кеңшарына директорлыққа сұранып келеді. Оның таңдауын көп адам түсінбейді, жақындары да оған разы болмайды. Алайда іскер басшы тынымсыз еңбегінің арқасында артта қалған кеңшарды екі жылдың ішінде қатарға қосады.
Ертеңгі күннен үміт күтпей бойкүйездікке салынып, бастары қосыла қалса ащы су іздейтін адамдарды жұмысқа тартып, шаңырағы шайқалып кеткен шаруашылықты түлету оңай емес еді. Алдымен ол күндіз-түні шапқылап, «туберкулезге ұшыраған малдарды бағып отыр» деген жаман аттан құтылып, барлық ауру малды қасаптап, етін өткізеді де ақшасына бір жазда жаңа қоралар тұрғызып, Балтық бойынан ауырмаған сүтті сиырлар жеткізеді. Жергілікті биліктің айтқанын ғана орындап, өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай жүре берсе де болады ғой, бірақ шаруаны жаңғыртуды, халықтың көңілін көтеруді ойлаған басшы дегеніне жетіп, кеңшарды алдыңғы қатарға шығарып, «Құрмет белгісі» орденіне ие болады.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы экономикалық дағдарысты еңсеріп, жаңа заманға тез икемделіп, шаруасын шатқаяқтатпай алып кеткен шаруашылықтар саусақпен санарлық. Көптеген директор қара басының қамын ойлап, кеңшардың жарамды мүлкін, малын сатып, қалтасын қампайтып, жайлы жерлерге көшіп кетті. Нарықтық қатынас басталғанда оның жағдайына ыңғайланып, жаңа жерде өзінің кәсібін ашқандар көп болған жоқ, көбі шетелге көшті. Ал «Новоникольский» кеңшарының басшысы орнынан қозғалған жоқ, тіпті жаңа экономикалық қатынасқа тез икемделіп, республикадағы озық шаруашылықтардың қатарына көтеріле алды.
Ең алдымен өлшеп қана берілетін электр қуатына тәуелділіктен құтылу керек болды. Өйткені электр қуаты болмаса сиыр сауылмайды, ет пен сүт сақталмайды, бидай қыза бастайды, мектепте сабақ болмайды, ем-дом қабылданбайды, балабақша жұмыс істемейді... Тауар-ақша айналымы жүрмей қалып, барлық қозғалыс қолма-қол айырбас, яғни бартерлік қатынастарға қарап қалған. Геннадий Зенченконың сол кездері кеңшардың техника-механизация саласын басқарып, бас инженер болып жүрген баласы Геннадий Ресейдің алыс-жақындағы барлық әскери бөлімін аралап, техникаға 28 дизельді электр стансалар айырбастап әкеледі. Ал дизельді электр-стансалар «Зенченко и К» болып тіркелген серіктестікті электр қуатымен толық қамтамасыз етіп, айналаны да самаладай жарқыратады.
Әке көрген оқ жонар
Геннадий Зенченко 2016 жылы өмірден өткен соң коммандиттік серіктестікті оның баласы – екінші Геннадий басқарып отыр. Биыл кәсіпкер өзінің 60 жылдық мерейтойын атап өтіп, жуырда облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов оған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан Алғыс хатын тапсырды. Өмір бойы әкесімен бірге істеп, шаруаның қыр-сырын әбден меңгерген Геннадий Геннадийұлы шаруашылықты гүлдендіріп отыр. Оның шаруашылығында қазір 3 800 тұяқ қара мал бар. Шаруашылық күніне 150 тонна сүт сауып, оны өзінің зауытында өңдеп, 46 түрлі сүт өнімін шығарады. Осы сүт өндіруде шаруашылық облыста да алдыңғы орында. Коммандиттік серіктестік 7 ауылдың аумағында 40 мың гектардан артық жерге астық егеді. Биыл орта есеппен гектарынан 35 центнерден (кей участоктарда 50 ц) астық өнімдерін, 22 центнерден майлы дақыл, 350 центнерден картоп пен жүгері алды. Барлық қара малының саны 15 мың тұяқтан артық. Сауылмайтын бойдақ малдарды семіртетін алаң да бар. Сонымен бірге шаруашылықта 400-дей спорттық жылқы, 500-дей қой бар.
Сүтті «карусель» әдісімен сауып жатқанына он жылға жуықтады. Әр сауын сиырдан кеше қанша сүт сауылғаны, бүгін қанша болғаны, сүттің құрамында белок пен майдың қанша екені, тіпті ұрықтандырудың уақыты қашан болу керектігіне дейін құлағындағы датчиктерден түсетін ақпарат арқылы компьютерден көруге болады. Сиырдың салмағының кеміп кеткенін, жемазыққа тәбетінің төмендеп қалғанын, бойына бір науқас жұққанын да компьютер арқылы анықтап, арнаулы маман тезірек шара қолданады. Жемазық рационы да компьютер арқылы анықталады. Қанша сабан, жүгері қоспасы, жем, пішендеме, құрама жем – бәрінің көлемі компьютермен анықталып, суға шыланып, араластырылып, біріктірілген соң арнаулы трактор малдың алдына өзі таратады екен. Қысқасы мұндағы жұмыстың бәрі цифрландырылған. Осы «Фризой» тракторы бұрын 5 адам атқарған шаруаны жалғыз өзі атқарады. Қазір шаруашылықта оның төртеуі бар.
Малға қысым жоқ, далаға бағылмағанымен, қораға тіркестіре салынған албардың ішінде жайылымдағыдай емін-еркін жүр. Қыста албарға шығатын есік жабылып, тегіс қораға тұрғызылатын көрінеді. Биыл тағы да 1 280 тұяққа арналған жаңа базаны тұрғызуды қолға алыпты.
«Сүт өнімдеріне сұраныс үлкен. Тауарларымызды халық көп алады. Ендеше шаруашылығымызды неге ұлғайтпасқа? Біз бәсекелестіктен қорықпаймыз. Қазір Ресей мен Беларусьтің сүт өнімдері біздің нарығымызға еркін еніп жатыр. Оған менің ешқандай қарсылығым жоқ. Халық өз қалағанын алсын. Бәсекелестікке еркіндік беру деген сол ғой. Ал біздің өнімдеріміздің тазалығын, ешқандай қоспасыз, табиғи қалпында екенін халық біледі», дейді Геннадий Геннадийұлы.
Осынша малға серіктестік жыл сайын 140 мың тонна силос, 12 мың тонна шөп пен сабан, 12 мың тонна жем, 40 мың тонна пішендеме дайындайды екен. Ленин, Трудовая Нива, Рублевка, Новоалександровка, Аралағаш, Новоникольск ауылдарында серіктестіктің мал күтетін кешендері, астық алқаптары бар. Смирнов селосында элеваторы, Петропавл қаласында сүт зауыты жұмыс істейді. Ауылдағы тұрғын саны 2,5 мыңдай адам, соның 1 200-і серіктестікте жұмыс істеп, нәпақасын айырады. Орташа еңбекақы 330 мың теңгеден асады. Әлеуметтік салаға істеген жақсылықтары туралы айтып беруді өтінгенімізде оның көңілінде әлдебір алаң барын сездік.
«Сіз білесіз бе, қазір халық жұмыс істегісі келмейді. Өздерінің ауласына картоп егуден де қалып бара жатыр. Көбі серіктестіктен жаздырып алады. Осы Новоникольск селосының аулаларында 58 ғана сиыр бар, бұрын 700 еді. 2017 жылы мен ауыл тұрғындарына 11 мың тауық пен үйрек балапандарын таратқанмын, ал биыл тек 2,5 мыңын ғана алды. Картоп отырғызу, жинау жұмыстары бізде техникамен атқарылады. Тек арту үшін транспортирге тұруға кісі керек болады. Соған осы ауылдың тұрғындарын келтіре алмаймын. Автобус жіберіп жақын маңдағы Рассвет, Новопавловка ауылдарынан алдыруға мәжбүрмін, бір күн істегендеріне 10 мың теңгеден төлеймін. Бұл жұмыстарға бұрынғыдай мектеп оқушыларын да тарта алмайсың. Сөйтіп балаларымызды да еңбектен бездіріп жатырмыз. Өз қолдарымен еңбектің дәмін татпаса ертең олардың күні не болады? Осы мәселе туралы Президенттің өз аузынан «Еңбекқорлық – басты құндылығымыз болуы керек» деген сөзін естідім. Ол әлемдегі жоғары дамыған елдер өз ұрпағын жас кезінен тынбай еңбек етуге баулитынын айтып, бізге де соны үлгі ету керектігін айтты. Міне, осыны іске асыруымыз керек. Мен өзіміздің мектептерімізге Петербург қаласынан станоктар әкеліп бердім, қыз балалар үшін тігін машиналарын алдырдым. Балалардың еңбекке қызыққанын көргенде мәз боласың», дейді ол.
Қазір «Зенченко и К» коммандиттік серіктестігіне астық алқаптарын қосқан шағын ауылдардың мектептері жабылған. Оларда арнаулы мамандар болмағандықтан, оқу сапасы құлдырап кеткен. Осыны ескерген шаруашылық басшысы олардың оқушыларын арнайы автобустармен қысы-жазы орталықтағы сапалы мектепке тасиды. Осының арқасында орталықтың оқушылар саны 360-қа жеткен. Мектептері зорға тұрған ауылдардың балаларында білім сапасы артып, түрлі конкурстан жүлделі орындар ала бастаған. Оның үстіне, ауыл балаларына серіктестіктің есебінен екі мезгіл ыстық тамақ беріледі. Ал Новоникольскінің өз балалары күніне бір-ақ рет ішеді. 150 орындық жарқыраған балабақшаның шығындары да серіктестіктің мойнында. Жыл сайын серіктестік 25 жаңа үй тұрғызады. «Ескі үйлерді құлатып, жаңа, жайлы үйлер тұрғызып, халыққа береміз. Мен артық қаражатыма шетелден вилла, яхта, ұшақ сатып алмаймын, барлық дүнием осы жерді, өңірді өркендетуге құйылады» дейді кәсіп иесі.
Орталықтағы барлық тұрғын үй қорының 75 пайызы – коммандиттік серіктестіктің меншігі. Олар тұрғындарға айына 700 теңге формальды түрдегі жалдау ақысымен берілген. Адам зейнетке шықса да тұра береді, бірақ сатуға, айырбастауға рұқсат берілмей, өмірден өткенде ғана қайта алынады.
Новоникольск селосының орталығында мектеп, балабақша, спорт кешені, мұз айдыны, амбулатория, бассейн және тамаша парк бар. Олардың негізгі шығындарын да серіктестік өтейді. Геннадий Зенченко ақсақалдың ескерткіші мен Екінші дүниежүзілік соғыс қаһармандарына арналған мемориал да осы паркте орналасқан. Бұдан басқа тағы бір парк салынбақшы. Оған да серіктестік 200 млн теңге қаражат бөлген. Новоникольск ауылын кірсе-шыққысыз қылып тұрған осындай әсем орындар.
Г.Зенченко басқа конфессиялардың өтініштерін де жерде қалдырмайды. Мысалы, Рублевка, Бостандық ауылдарына намазхана салуға көмек қаражатын бөлген.
Жерді сүйсең, несібесі мол болады
«Мен атамның, әкемнің өзімнің, балаларымның табысты болу себебі жерді сүйгеннен деп ойлаймын. Жерді күтіп, аялап, тамаққа тойдырып отырсаң, ол да барын иіп береді» дейді. Г.Зенченко. Біз оның бұл сөзі ұлы Абайдың «еңбек ет, еңбек етсең қара жер де береді, құр тастамайды» деген сөзімен үндес екенін айттық.
Геннадий Геннадийұлының ойынша осы күнге дейін елдегі ауыл шаруашылығын дамытуға кедергі болып келген мәселе – жоғарыға шынайы ақпар бермеу. Соның кесірінен субсидия да дұрыс берілмей келді, қолдау несиесі де қауқарсыз болды, қосып жазу да өрістей түсті.
«Ауыл шаруашылығының астық, сүт, ет, картоп өнімдері бойынша қосып жазуға жол берілді. Өз тарапымыздан біз нақты статистиканы анықтап, жерге сарап жасап, тыңайтқыш, техника алуға, тұқымды жаңартуға нақты субсидия мен жеңілдетілген несие беруді талай сұрадық. Бірақ біздің сөзімізді бұрынғы министрлер жоғарыға жеткізбеді, қосып жаздыртуды жалғастыра берді. Қазір жағдай өзгерді. Биылғы көктемнен бастап шаруашылықтарға 5 пайыздық өсіммен қолжетімді несие берілді. Бұл тіпті су тегін деген сөз ғой, өйткені инфляцияның өзінің өсімі 10 пайыздай. Осы «Кең дала» бағдарламасы бойынша көктемгі егіс және күзгі жиын-терін жұмыстарын жүргізу үшін агроөнеркәсіп кешен субъектілерін қаржыландыруға бөлінген несие көлемі 2024 жылы 140 миллиард теңге болды. Несиені қайтару мерзімі – келесі жылдың 1 наурызына дейінгі аралықты қамтиды. Бұл несиенің тағы бір артықшылығы сонда – оны алушы фермер кепілдік сомасының 15 пайызын қамтамасыз етсе болғаны, қалған 85 пайызына «Даму» қоры кепілдік береді. Мұндай жеңілдік бұрын-соңды жасалған емес. Осының үстіне әр шаруашылық бойынша топырақтың құнарына сарап жасалды. Қазір әрбір шаруаның қолында жер сапасын көрсеткен карта бар. Осындай қамқорлық жасалып, оған сапалы тыңайтқыш құйылған соң биыл жер де барынша мол өнім беріп отыр. Ал айрықша еңбек сіңірілген участоктер 40-50 центнерге дейін астық берді, жер құнарлылығын көтере алмаған кейбір шаруалар баяғы 18 центнерден алып жатыр», дейді Геннадий Зенченко.
Биік табыс – тынымсыз еңбекте
Біз Геннадий Геннадийұлынан ауыл шаруашылығын өркендету бойынша өзінің ойлары мен ұсыныстарын сұрадық.
«Алдымен сапалы тұқымды өзіміз шығара алатын дәрежеге жетуіміз керек. Бұрын ондаймен айналысатын арнайы ғылыми-зерттеу институттары болған, әлі де бар, солардың әлеуетін пайдалану керек. Бірақ бір сұрыпты бірнеше жыл зерттесе де тиімдісіне қол жеткізе алмай отырғандарды емес, біздің алқаптарымызға еккенде барынша тиімділік көрсеткен еуропалық сұрыптарға ұқсастарының бірнеше түрін шығарып, қорытындысында ең озығын табуға тырысатындарды қолдау керек. Еліміздің ғылыми әлеуеті бұл мәселені шешуге жетеді деп ойлаймын. Екіншіден, өзіміздің техникаларды шығаруды арттыру керек. Әйтпесе, бренд компаниялар өз өнімдерінің бағасын жыл сайын арттыра береді. Мысалы, 2004 жылы 1 млн долларға 3 кешен, 2 «Джон-Дир» комбайнын алған едік. Қазір бір комбайнның бағасы – 650 мың доллар. Бұл ненің белгісі? Бұл сұраныс болған сайын олар өз өнімінің бағасын шексіз арттыра береді деген сөз. Мен бізде шығатын «Есіл» комбайнының техникалық сипаттамасы «Джон-Дирден» кем емес дер едім. Әрине жетілдіруді қажет ететін тұстары бар. Міне, осындай техникаларды отандық қатысу жағын арттырып, молынан шығара беру керек. Қытайлардың әдісін неге қолданбасқа, олар Еуропадан өнімнің нобайын сатып алады да, біртіндеп өз қатысуын арттыра береді. Ал 2-3 жылдан кейін қандай озық технологиялар «Қытайда жасалған» болып шыға келеді. Үшіншіден, мен диқанның мемлекет алдындағы жауапкершілігін арттыруды қалаймын. Міне, қазір мемлекет тыңайтқыштың 60 пайызын өз есебінен жабады, 5 пайыздық қана өсімі бар теңгелік несие берді, оның қайтару мерзімін де ұзартты. Тіпті форс-мажорлық жағдай болып қалса келісімшарт мерзімін ұзартады. Осы жақсылықтарды түсініп, несиені уақытында қайтару керек қой. Жуырда ауыл шаруашылығы қызметкерлері үшін болған үлкен жиында біздің облыстың шаруалары бұрын алған 76 млрд теңге несиесін әлі күнге қайтармай отырғанын естідім. Бұл масқара ғой. Ал сіз банктен осынша несиені алып, қайтармай көріңізші, қара тиыныңа дейін тартып алар еді. Мемлекет кешірімді, сондықтан қарызы барлар оның сеніміне қиянат жасайды. Осының кесірінен бәріміз де жаманатты боламыз. Ертең агробанк құрсақ та осылай болады. Қарызын қайтармайтындардың көбі 100 мың гектардан жоғары жері бар алпауыттар... Сондықтан шаруаның жауапкершілігін арттыру жолдарын қарастыру керек, «өкімет кешіреді» деген масылдықты жоятын психологиялық өзгеріс орнату керек», дейді.
Айтуынша, азаматтар сапалы өмірді қалайды, бірақ соған жеткізетін еңбек екенін естен шығарған.
Соңғы жылдары негізінен еңбек адамдары құрметтеліп жатыр. Президент биылғы Жолдауында: «Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек» дегенін ұмытпаймын. Өз басым осы сөздерді толық қолдаймын. Еліміз халықты еңбекке ынталандыру шараларын үнемі жүргізіп отыру керек», дейді Геннадий Зенченко.
Оның өзі де жоғары табысқа өлшеусіз еңбегінің арқасында қол жеткізіп жүрген жан екенін көріп отырмыз. Ол тәулігіне 17-18 сағат жұмыс істейтінін айтты. Еңбек ептілікті сүйеді демекші, ептілікпен, кәсіби біліктілікпен, шын жүректен атқарылған соң оның еңбегінің нәтижесі де орасан.
Биылғы алапат су тасқыны Есілдің жағасында отырған Новоникольскіні де басуы мүмкін деген болжам көп айтылды. Өздері қолмен тұрғызған көпірді алып сеңдер қирататын шығар деген сөз шыққан. Бірақ Новоникольскіде тасқынның барысын күнде бақылап, дәл уақытында бөгенді биіктетіп, қауіпті аймақтағы үйлерді өз күштерімен қорғағандығының арқасында бірде-бір үй суға кеткен жоқ. Қолдарымен тұрғызған көпірге су 10-15 см ғана жетпеді, ештеңені шайып кетпеді. Бұл да ерінбейтін еңбекқор басшыға жаратқанның қарасқаны шығар деп ойладық. Бәлкім, «Еңбегі көптің өнбегі көп» деген осы шығар.
Солтүстік Қазақстан облысы,
Новоникольск ауылы