«Бурабай» ұлттық паркінің орман питомнигінде 2 гектар жерге 57 200 көшет отырғызылды, олардың өміршеңдік деңгейі 70-80%-ды құрайды. Табиғи парктің экологиялық миссиясы аясында ұйымдастырылған шара – топырақты дайындаудан бастап қайта отырғызу кезеңіне дейін мұқият ойластырылған көшеттерді күту жүйесінің нәтижесі.
Қарағай көшеттерін отырғызу бірнеше кезеңде жүзеге асырылады. Алдымен арамшөптер жойылады, топырақ қопсытылады, ағаштардың өсуіне оңтайлы жағдай жасауға қажетті тыңайтқыштар қолданылады. Содан соң питомник қызметкерлері материалдың өзін – алдын-ала өсірілген, қажетті мөлшерге жеткен қарапайым қарағай көшеттерін дайындайды.
«Питомниктің үлгілік бөлімшесіне көшет отырғызу – жаңа орман алқаптарының қалыптасуын қамтамасыз ететін маңызды кезең. Топырақты дайындағаннан кейін отырғызу үдерісі басталады. Әрбір ағаш алдын ала қазылған ойықтарға мұқият орналастырылады, бұл олардың ыңғайлы өсуіне қажет тереңдік пен қашықтықты қамтамасыз етеді. Отырғызылған көшеттерге үнемі күтім жасау тұрақты тексерулерді, суаруды, сондай-ақ зиянкестер мен аурулардан қорғауды қамтиды», деді орман питомнигінің бастығы Бейбіт Ерғалиев.
Осы жылдың көктемінде орман питомнигінде 1,1 га алқапқа 64,4 кг қарағай тұқымы егілді. Салыстыра кетсек, 2023 жылы 1 га жерге 60 кг тұқым себілді, бұл жұмыс көлемінің өсу динамикасын көрсетеді.
«Біз өнгіштігі кемінде 60% болатын қарапайым 1-сыныпты қарағай тұқымын септік. Өну деңгейіне топырақ жағдайлары, егудің агротехникалық мерзімдерін сақтау, климаттық жағдайлар, орман дақылдарына күтім жасау да әсер етеді. Орман питомнигінің қызметкерлері ағымдағы жылғы егістерді 8 рет қолмен арамшөптен тазартып, өткен жылдардағы егіс жолдарын кем дегенде 5 рет тазартты, бұл 20 гектардан астам аумақ», дейді Бурабай «МҰТП орман питомнигінің орманды қалпына келтіру жөніндегі инженері Бегзат Габченко.
Питомниктегі жұмыстың күзгі кезеңі «Бурабай» МҰТП-ның жасыл алқаптарды сақтау, ұлғайту жөніндегі ұзақ мерзімді стратегиясын танытады. Әрбір отырғызылған ағаш қамқорлықты, күтімді, қажырлы еңбекті қажет етеді. Бүгінгі таңда дамып келе жатқан орман дақылдары тұрақты экожүйенің кепілі болады.