Үкімет отырысында Қазақстанның астық бойынша экспорттық әлеуетін ҚР сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев баяндады, деп жазады Egemen.kz
Қазақстанның астық бойынша экспорттық әлеуеті 12 млн тоннаға бағаланып отыр. Оның 7,5 млн тоннасы бидайға, 1,4 млн тоннасы арпаға, 300 мың тоннасы жүгеріге тиесілі. Майлы дақылдар бойынша әлеует 1 млн тоннадан асады.
«Қазақстан Орталық Азия елдері мен Ауғанстан нарығына астық жеткізуді жалғастырады. Бұл шамамен 4,2 млн тонна. Жалпы, Қытайға астық экспорты 2023 жылы 1,43 млн тоннаны құрап, жылына 5,5 есе өсім көрсетті», деді Қайрат Төребаев.Сондай-ақ, вице-министр Қытайға бидай экспорты өткен жылғы көрсеткіштен 15 есе артқанын атап өтті. 2023 жылы Қытайға жөнелтілген бидай 538,8 мың тоннаны құраған.
«Бұл Қытай мен Азия елдеріне 1,6 млн тоннаға дейін бидай жеткізу мүмкіндігі бар екенін көрсетеді. Қытай органдарының талаптарына байланысты шекарада кідіріс мәселесін, сондай-ақ Қытайдағы біздің елдің астық импортына лицензиялар мен квоталар сияқты күрделі шарттарды пысықтау маңызды», деді Қайрат Төребаев.Спикер жаһандық сұраныстың артуы және бірқатар елде өнімділіктің төмендеуіне Италия, Латвия, Испания сияқты Еуропалық Одақ елдерінің нарығын да қамту мүмкіндігін де қарастыру ұтымды болатынын ескертті.