Республика күні қарсаңында Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов Президенттің атынан депутаттар мен аппарат қызметкерлеріне мемлекеттік наградаларды табыс етті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Палата төрағасы жиналғандарды айтулы мерекемен құттықтап, Республика күнінің мән-маңызына ерекше назар аударды.
«Тәуелсіздіктің символы болып қана қоймай, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен осы мерейлі дата қайта түлеп, мемлекет дамуындағы жаңа дәуірдің бастауына айналды. Республика күні ел күнтізбесінен ойып тұрып орын алды деуге болады. Бұл – мемлекетімізде жүргізіліп жатқан саяси реформалардың нақты нәтижесі. Біздің ендігі мақсатымыз – басты құндылығымыз – тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай қорғау, оны нығайту. Мемлекет басшысы қандай бастаманы қолға алса да, осы бұлжымас қағидадан айныған емес», деді Ерлан Қошанов.
Мәжіліс спикері қазіргі заң шығару қызметіне тоқталып, депутаттар Президент реформаларын іске асыруда үлкен жұмыс атқарып отырғанын атап өтті.
«Біз әрдайым «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын басшылыққа аламыз. Халықтың үнін естіп қана қоймай, азаматтарды толғандыратын проблемаларды білеміз. Заң шығару арқылы олардың шешілуіне атсалысамыз. Сондықтан Мемлекет басшысы Мәслихат депутаттарының форумында «Үнемі сындарлы пікірталас өтіп, нақты шешімдер әзірленетін Мәжілістен үлгі алу керек» деген болатын. Бұл – Президенттің біздің қызметімізге берген жоғары бағасы. Алдағы уақытта да осы қарқынды бәсеңдетпеуіміз керек», деді Палата төрағасы.
Мереке қарсаңында бірқатар депутат пен Мәжіліс аппаратының қызметкерлеріне мемлекеттік наградалар берілді.
Мемлекет басшысының Жарлығымен I дәрежелі «Барыс» ордені V шақырылымдағы Парламент Мәжілісінің төрағасы Қабиболла Жақыповқа табысталса, «Парасат» орденімен Мәжіліс депутаттары Болатбек Нажметдинұлы, Марат Башимов, Берік Бейсенғалиев және Құдайберген Бексұлтанов марапатталды.
Ал «Құрмет» ордені Мәжіліс депутаттары Жигули Дайрабаевқа, Еркін Әбілге, Асхат Рахымжановқа, Екатерина Смышляеваға, Айна Мысырәлімоваға және Мәжіліс Аппараты басшысының орынбасары Индира Мамашева мен Мәжіліс Аппаратының бөлім меңгерушісі Патима Қиясбаеваға берілді.
«Ерен еңбегі үшін» медалі Мәжіліс депутаттары Кенжеғұл Сейтжанға, Нұргүл Тауға, Данияр Қасқарауовқа және Мәжіліс Аппаратының бөлім меңгерушісі Жанна Тұрымбаева мен бөлім меңгерушісінің орынбасары Сәуле Бапақоваға табыс етілді.
Сонымен қатар Ерлан Қошанов ТМД-ға мүше мемлекеттер Парламентаралық Ассамблеясының медалімен Мәжіліс Аппараты басшысының орынбасары Жасұлан Жүгінісовті, ТМД-ға мүше мемлекеттер Парламентаралық Ассамблеясының Құрмет грамотасымен Мәжіліс депутаттары Магеррам Магеррамов пен Юлия Кучинскаяны марапаттаса, ТМД-ға мүше мемлекеттер Парламентаралық Ассамблеясының Құрмет белгісін Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаевқа және ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясының Құрмет грамотасын Мәжілістің Баспасөз қызметінің меңгерушісі Мұхтар Ибраймовқа табыстады.
Сонымен қатар салтанатты жиында Мәжіліс төрағасының Алғыс хаттары берілді.