• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Кәсіпқой бокс 24 Қазан, 2024

Екі титул – қолда, екеуі – жолда

44 рет
көрсетілді

«Дядя Ваня» деп аталатын отан­дық телеграм-арна АҚШ басы­лым­дарының дерек­көз­деріне сүйене отырып, белгілі кәсіпқой бокс­шысы, WBO мен IBF нұс­қалары бойынша ор­та салмақтағы әлем чем­пионы Жәнібек Әлім­хан­ұлының соңғы бес жыл­да қанша табыс тап­қа­нын жария етті.

2019 жылы Жәнібек төрт кездесу өткізді. Стивен Мартинес (АҚШ), Кристиан Оливас (Мек­сика), Стюарт Маклеллан, Аль­берт Онолуносемен (Кана­да) жұдырықтасты. Бұл бәсекелердің барлығын мерзімінен бұрын аяқтады. Алғашқы екеуін ұтқан соң қандасымыз 25 мың АҚШ доллары көлемінде пайдаға кенелсе, соңғы екі жекпе-жекте бұл сома екі есеге көбейді. Келесі жылы Роб Коррианы (Аргентина) екінші раундта қапы қалдырып, 50 мың доллар алды. Бірақ қаржының бәрі Әлім­ханұлының қалтасына түседі деген сөз емес бұл. Оның салығы бар, бапкерлер мен менеджерлердің еңбек­ақысын төлеу керек, басқа да майда-шүйде шығындар же­терлік. Сонда боксшы өзі азын-аулақ қаржыны қанағат тұтады.

2021 жылы «Қазақ стилі» Роб Бранд (АҚШ) пен Хассан Н’Дам Н’Жикамды (Камерун) ойсырата ұтып, әр жеңісіне 75 мың доллардан алды. 2020 жылдың көктемінде Дэнни Дигнумды екінші раундта есінен тандырып, WBO-ның уақытша чемпионы атанып,200 мың долларды еншілесе, күзде Дензел Бентлиді (Англия) ұпай санымен ұтып, өзінің чемпиондық тәжін сәтті қорғады. Сол кезде Әлімханұлына 350 мың доллар кө­лемінде гонарар берілді. Был­тыр 13 мамырда Стивен Бат­лер­ден (Канада) басым түссе, 14 қазанда Винченцо Гуаль­тье­риді (Германия) сабап, IBF нұсқасының алтын белбеуін беліне тақты. Қазақ боксшысына осы екі жекпе-жектің әрқайсысы 400 мың доллардан табыс әкелді.

Өзінің соңғы кездесуін Жәнібек 4 қазанда Аустралияның Сиднейінде өткізіп, жергілікті жампоз Андрей Михайловичті тоғызыншы раундта есінен тандырды. Осы жарқын жеңістен соң оның есепшотына 500 мың доллар аударылды. Әрине, жарты миллион доллар аз ақ­ша емес. Одан бөлек, трансляциялар сатылымы, жарнамалар, тағы басқа табыс көздері бар. Америкалық басылымдар соның барлығын есепке ала отырып, Әлімханұлының соңғы бес жылда 4,5 миллион доллар көлемінде олжаға кенелді деп жобалап отыр.

Иә, әркім еңбегіне сай табыс табады. Ба­сында гонорар аз болады, содан кейін өседі. Бәрі де қалай өнер көрсеткеніңе байланысты. Бұл да спорттың заңдылығы. Алдағы уақытта Жә­нібек кәсіпқой бокстың серкелерін бірінен кейін бірін сабаса, онда үлде мен бүлдеге оранатыны анық. Сол кезде Алаштың мақтан тұтар азаматы өзінің есепшотына түскен ақ­шаны мыңдап емес, миллиондап санайтын болады. Ол күн де алыс емес.

Жуырда ғана жасыл құрлық­та өткен жа­рыс­та Андрей Ми­хайловичті айызы қан­ған­ша сабап, ақырында сұлатып салған Ж.Әлім­ханұлы енді барлық белді нұсқалар­дың чемпиондық атағын иеленгенше дамыл тап­пайтынын ашық айтты. Ол Инстаграмдағы парақшасында мынадай жазба қалдырды: «Кез келген жерде, кез келген боксшымен жұдырықтасуға әрқашан дайын болғанбыз, қазір де дайынбыз. Бұйырса,«Қазақ стилін» тарихқа қашап жазамыз. Бізге чемпиондар керек. Төрт титул керек. Чемпиондар қашса, қо­рықса, олар чемпиондар емес. Ал тек ақшаға бокстасса, ол спортшы емес, бизнесмен. Мен әлі де келесі жекпе-жегім Адамес не Ларамен болады деп үміттенемін. Командам қа­зір үлкен келіссөз жүргізіп жатыр. Егер чемпиондар келіспесе, екі титулды қайта қорғаймыз. Бұйырса, келесі жекпе-жегім ақпан айында өтеді деп жоспарлануда. Ол чемпиондық жекпе-жек болады немесе WBO міндеттеген қарсыласпен жұдырықтасамын. Маған сенім артып, жанкүйер болып жүрген барша ағайынға көп рахмет. Екі титул – қолда, екеуі – жолда. Ерте ме, кеш пе, төрт титулды да елге алып келемін».