• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Туризм 24 Қазан, 2024

Тау курорты – табыс көзі

64 рет
көрсетілді

«Тау ұлымын, тау – менің дәу бесігім» деп ақын Мұқағали Мақа­таев жырлағандай, тау – қазақтың тағзым етіп, еңсе түзер биігі. Әкені асқар тауға балап, «таудай бол!» деп бата беретін елміз. Бүгінде сол тау сакралды ұғым ғана емес, таудай табыс көзіне айналып отыр.

Тұмса табиғатымен таңдай қақ­тырар отандық тау курорттары туризм саласының бір тірегі ретінде тез дамып, шалғайдағы шекаралы аймақтардың заманауи өркендеуіне септігін тигізіп жатыр. Жаз шыға қаланың қапырығынан қашып, саф ауа, салқын самал ескен тауға барып демалатындар мен ем алатындардың қатары жылдан-жылға көбейіп келе­ді. Мұны ресми дереккөздері де дәйек­теп отыр. Тек жазда ғана емес, қыс мез­гіліндегі саяхаттың сәні деп Алтай таулары мен Алатау шыңдарын атауға болады. Жазушы Төлен Әбдік ағамыз айтып еді: «Баяғыда біреу: «Биыл да Парижге барғым келеді» дейді. «Былтыр барғансың ба?» деп сұраса, «Былтыр да барғым келген» деп жауап береді екен». Сол айтқандай, Алатау мен Алтайдың қарлы шыңдарына шығып, демалып қайтуды армандап жүргендер көп арамызда.

Тау туризмін тасқындатар ресурс­тар жетерлік. Мәселен, еліміздің биік шыңдары – Хан Тәңірі (6995 м), Меридиан жотасы (6276 м), Талғар шыңы (4973 м), Шоқтал тауы (Күнгей Алатау, 4770 м), Беса­қан тауы (4622 м), Іле Алатауы (4600 м), Мұзтау шыңы (Алтай тауы, 4506 м), Манас шыңы (Талас (4482 м), Са­уыр тауы (3818 м). Оның ішінде туристер мен таушылар көп баратын тау­лар біз жоғарыда атап өткен Алатау шатқалдары мен Алтай таулары екен. Қазір Алатауда «Өзіңмен күрес» деген атаумен әуесқой таушылардың се­­руені жүріп жатыр. Олар таза ауамен тынығып, тауға шығып, шынығып жүргендерін айтады. Еліміздегі тау ку­рорттарының ахуалы туралы Туризм индустриясы комитетінен сұрастырған едік, мақтанышпен айтарлықтай жаңалықтар бар екен.

Жақында ғана көршілес Ресейдің «Минеральные воды» курорттық қала­шығында өткен халықаралық туристік аймақтар форумы аясында еліміздің Oi-Qaragai мен «Шымбұлақ» тау курорты «Ski Business Awards» нұсқасында ТМД елдерінің 150 тау курорты арасында ең көп марапатқа ие болыпты. Дәлірек айтқанда, «Шымбұлақ» тау курорты «ТМД елдері арасындағы ең үздік тау-шаң­ғы курорты», «Таулы аймақтағы ең үздік глемпинг/кемпинг» марапатын жеңіп алса, Oi-Qaragai тау курорты «Ең үздік IT шешім», «Ең үздік балалар лаге­рінің бағдарламасы» марапаттарын иеленді.

«Шымбұлақ – жыл сайын 1,5 миллионнан астам қонақ қарсы алатын, ірі спорттық іс-шаралар өткізу тәжірибесін бөлісе алатын, курорттық аумақтың бар­лық әлемдік стандарттарына сай, ин­фрақұрылымы дамыған, еліміздің басты көрікті орындарының бірі. 2023 жылы нау­рызда Шымбұлақ тау курорты әлемдегі ең биік тау-шаң­ғы беткейі болып, рекорд орнатты. Беткейдің биіктігі – 3 200 метр. Ал Oi-Qaragai – Тянь-Шань беткейлеріндегі көркем жерде орналасқан ең танымал отандық тау курорттарының бірі. Курорт шаңғышылар мен сноуборд­шыларға түрлі сырғанау жолдарын, заманауи көтергіштер мен дамыған инфра­құрылымын ұсынады», дейді Oi-Qaragai қызметкері Максим Козлов.

Сарапшылардың айтуынша, Oi-Qaragai отбасы демалысына ай­рықша көңіл бөледі, балалар мен жас­өспірімдерге ерекше қолайлы. Ку­рорт жаңа технологияларды, оның ішін­де ІТ шешімдерді көптеп енгізген.

«Отандық тау курорттарының халық­аралық деңгейде үздіктердің қатарынан көрініп, марапатқа ие болғаны – еліміздің туристік индустриясының дамуы мен қызмет сапасының жоғары деңгейде екенін көрсетеді. «Шымбұлақ» пен Oi-Qaragai курорттарының жетіс­тіктері отандық туризмнің әлеуетін арттыруға, әлемдік нарықта бәсекеге қабілеттілігін нығайтуға мүмкіндік береді. Бұл – еліміздегі туристік инфра­құрылымды дамытуға бағытталған жұ­мыстардың нәтижесі. Біз алда да осындай жетістіктерге жету жолында бар күш-жігерімізді жұмсаймыз», дейді Ту­ризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев.

Вице-министрдің айтуынша, аталған жүлде 2023-2024 жылғы мау­сым­ның қорытындысына сай берілді. Жеңімпаздар тау курорты индус­трия­сындағы беделді ма­мандардың комиссиясы алдында жо­ба қорғау, тау-шаңғы демалысын ұна­та­тындар арасында дауыс беру арқылы таңдалған.

«Командамызды осы айтулы жетіс­­тігімен құттықтаймын. Үш жыл қата­рынан ең мәртебелі номинация елі­міздің еншісіне бұйырды. Бұл – жақсы нәтиже әрі біздің жұмысымыздың сапасын көр­сетеді. Осы жетістікке жетуге атсалыс­қандардың бәріне алғыс айтамыз», деді Шымбұлақ тау курортының бас директоры Ринат Әбдрахманов.

Әрине, бұл саланың тез танылып, табыс таба бастағаны қуантарлық жайт. Әйткенмен «әттеген-айлар» да аз емес. Тау туризмі екі негізгі бағытқа жіктеледі – альпинизм, спелеотуризм. Екі бағытқа да қызығушы көп. Таушылардың айтуына қарағанда, тауға бір шығып, «тәт­тінің» дәмін татқан адамның қайта-қай­та тауға деген аңсары ауып тұрады. Бірақ тау туризміндегі негізгі түйткіл – кедергілер мен қауіп-қатер. Бұл қатар­да туризмнің ең күрделі түрле­рінің бірі – шаңғы туризмі. Таудағы темпе­ратураның төмендігі мен боран-шашынды қоспағанда, саяхаттаушылардың қауіпсіздігін сақтау немесе оларға жедел көмек көрсету, құтқару секілді сервистік қызметінің сапасы сын көтермейді. Тіпті бұл ретте балалардың да жазым болған оқиғалары ел есінде болуы керек. Дегенмен тау туризмі мұндай кейісті кейстерге қарамастан, қарқынды дамып жатқанын жоғарыда айттық. Енді бұған қоса қызмет көрсету сапасын жақсартып, инфрақұрылымын дамытса – тау туризмі табыс көзіне айналары сөзсіз.