• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Сұхбат 24 Қазан, 2024

Жигули Дайрабаев: Әрбір адам отаншыл болуға тиіс

157 рет
көрсетілді

Мемлекеттік егемендік туралы декларацияны қабылдайтын кезде қиян-кескі талас-тартыс пен пікірталас жүрді. Сол оқиғалардың бел ортасында тарихи сәттің куәгері болғандардың бірі – белгілі қоғам қайраткері Жигули Дайрабаев. Мереке қарсаңында Мәжіліс депутатымен арнайы жолығып, декларацияның қалай қабылданғанын, Республика күніне қатысты ойын білдік.

– Жигули аға, сіз 1990 жыл­дың басында Жоғарғы кеңеске депутат болып сайландыңыз. Сол жылы көктемгі және күзгі сессияда ел тарихындағы ең тағ­дыршешті құжат талқыланды. Есіңізде не қалды?

– Иә, алдымен Ресей империя­сының отары, кейін КСРО-ның қол астында болған Қазақ елі­нің ғасырлар бойы аңсаған азат­тығына 1990 жылдың 25 қаза­нында қолы жетті деуге толық негіз бар. Өйткені бұл декларация тәуелсіздікке баратын жолды ашып берді. Мен осы тарихи оқиғаның куәгері болып, аталған құжаттың қабылдануына үлесімді қосқаным үшін өзім­ді бақытты санаймын. 1991 жыл­ғы «Тәуелсіздік туралы» конс­ти­туциялық заңды да біздің шақы­­р­ылымдағы депутаттар қабыл­дады.

1990 жылы Балтық жағалауы мемлекеттері тәуелсіздігін жариялап, КСРО-дан бөлініп кетті. Қалған одақтас республикалар бірінен соң бірі мемлекеттік егемендігін алып жатты. Сон­дық­тан біз де қызу жұмысқа кірі­сіп, егемендікке жету жолында аянбай еңбек еттік. Сол шақырылымдағы Парламентте ұлтымыздың елім-жерім деген біртуар азаматтары, атап айтқанда, Салық Зиманов, Сауық Тәкежанов, Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбаев, Серікболсын Әбділдин, Өмірбек Жолдасбеков, Марс Үркімбаев, Тәңірберген Тоқтаров, сынды мар­ғасқалар болды. Үлкен саяси мәні бар құжат көп талқыға түс­ті. Ақыры осы ағаларымыздың та­бан­ды әрекеті арқылы деклара­ция мәтіні толық жетілдіріліп, қор­ғалып, ақыры қабылданды.

– Сол алғашқы сәттегі көңіл күйіңізді сипаттап бере аласыз ба? Қалай қуандыңыз?

– Оны сөзбен айтып жеткізу қиын. Қазақтың егемендікке, тәуелсіздікке ұмтылғанына көп болды ғой. Азаттық алу ата-баба­мыздың үлкен арманы еді. Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның қабылдануы бізге, шын мәнінде, еркіндік сыйлады. Кеудемізді кере еркін тыныстайтын күнге жеттік. Несін жасырайық, алғашқыда «Шіркін-ай, біз де шынымен егемен ел болдық па?» деп сенер-сенбесімізді білмегеніміз рас.

Жоғарғы кеңесте 360 депутат болса, соның бәрі бірдей қуанды деп айта алмаймын. Бұл уақытта елде қазақтың саны 40 пайызға жетер-жетпес. Ал депутаттардың жартысынан астамы – өзге ұлт өкілдері. Олардың ішінде декларацияның қабылдануына қасарысып қар­сы тұрғандар болмаса да, «Кім­нен егемендік аламыз? Өз бетіміз­бен қайда барамыз?» деп сұрақ қойғандар табылды. Қазір көбі бұл дүниеде жоқ, сондықтан олар­дың атын атап, түсін түсте­мей-ақ қояйын.

– Республика күнінің халқы­мыз үшін мән-маңызы қандай?

– Егемендік деген бір-ақ ауыз сөздің өзі – баға жетпес байлық. Әлемде азаттықты аңсап, бірақ қолы жете алмай жүр­ген қанша­ма ұлт бар. Бір ғана күрд халқын алайық. Саны 50 миллионға тақау, бірақ тәуелсіз елі жоқ. Сондық­тан біз осы күнімізге шүкіршілік етуіміз керек. Кезіндегі Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабаев секілді Алаш қайраткерлерінің қазақты әлем­дегі бақытты ұлттардың біріне айналдырамыз деген асқақ арманы орындалды.

Содан бері, міне, отыз жылдан көп уақыт өтіпті. Елдігімізді бекемдеп, еңсемізді тіктедік. Ше­карамызды шегенде­дік. Мем­лекет құраушы қазақ ұлты 70 пайыздан асты. Көрші­леріміз­бен тату-тәтті достығы­мыз бар. Біз тәуелсіз Қазақ мемле­кетінің болғанына қуануымыз керек. Елді одан әрі дамытуға әлеуе­тіміз де, байлығымыз да жетеді.

– Тәуелсіздігіміз тұғырлы, азатты­ғымыз айбарлы болуы үшін бізге тағы не керек?

– Жоғарыда айтқанымдай, біз, қазақ – мемлекет құраушы ұлтпыз. Сондықтан барлық жағынан өзгелерге үлгі болуымыз керек. Мәдениетте, өнерде, экономикада, білімде, қай салада болмасын, өзіміз топты бастап, алда жүруіміз қажет. Бізге сондай үлкен жауапкершілік жүктелген. Қазақ жерінде көптеген өзге этнос өкілдері де қатар өмір сүріп жатыр. Олар – кезінде тағдыр­дың айдауымен осы өлкеден табыл­ған тағдырлас жандар. Мәселен, соғыс уақытында Сталиннің жар­лы­ғымен Кавказ халықтары, Еділ бойындағы немістер, Қиыр шы­ғыстағы кәрістер жер аударылды. Олар да осы мемлекеттің азаматтары және өз араларында патриот­тар да аз емес.

Мәселен, Мәжілісте менің жанымда Наталья Дементьева есімді орыс ұлтының өкілі отырады. Мамандығы – мұғалім. Мемлекеттік тілде сөйлегенде, сіз бен бізді жолда қалдырады. Максим Рожин, Снежанна Имашева есімді депутаттарды жақсы білесіздер. Олар да қазақ тілін жетік білетін орыс ұлтының өкілдері. Жүректері «Отаным, елім-жерім» деп соққан сондай азаматтарымыз бар кезде Қазақ елінің бірлігі бекем, ынтымағы жараса бермек.

– Азат ел ретінде алдымызда қандай асқаралы міндеттер тұр?

– Құқықтық-саяси тұрғыда біз – тәуелсіз мемлекетпіз. Бірік­кен Ұлттар Ұйымының мүшесі болдық. Бүкіл әлем бізді тәуелсіз ел ретінде таниды. Бұл талассыз, басы ашық ақиқат. Алайда тәуелсізбіз деген сөз – шекараны қымтап жауып тастап, қамалып отыру дегенді білдірмейді ғой. Заман көшінен қалмай, дамуымыз үшін басқа мемлекеттермен экономикалық, мәдени, т.б. салаларда қарым-қатынас жасау керек. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен біз әлемде көпвекторлы бейбіт сая­сат ұстанып отырмыз. Біздің екі қап­талымызда екі алпауыт мемлекет тұр. Біздің міндетіміз – барлық қоңсымызбен тату-тәтті байланыс орнатып, алыс-берісіміз бен барыс-келісімізді арттыра беру. Ең бастысы, шекарамызға бекем болу қажет. Өзіміздің ұлттық мүдделерімізді қорғауымыз керек. Жастары­мыз­ды патриоттыққа тәрбиелеп, ұлт жолында қызмет қылатын тұл­ғаларға айналдырғанымыз дұрыс. Әрбір адам отаншыл болуы ке­рек. Осының бәрін бұлжытпай орындайтын отансүйгіш, еңбек­сүй­гіш халқымыз болса, азаттығымыз­ға ешкім де нұқсан келтіре алмайды.

– Республика күні мен Тәуел­сіздік күнінің айырмашы­лығы жөнінде сұрақтар көп қойы­лады. Кейде түсінбеушілік те болып жататыны рас. Сіз не айтар едіңіз?

– Менің ойымша, екеуінің арасында бәлендей айырмашылық жоқ. Мемлекеттік егемендік – ол да тәуелсіздік. Декларацияны да, тәуелсіздік туралы заңды да сол кездегі халық сайлаған депутат­тар қабылдады. Егемендік пен тәуелсіздік біздің халқымыздың қалауымен жүзеге асты. Содан бері қаншама тарихи кезең мен саяси өзгерістерді бастан кешіріп, міне, бүгінде Әділетті Қазақстанды құру жолына табан тіреп отырмыз. Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл бастамасы, сондай-ақ Республика күнін қайтару тура­лы шешімі – уақыт талабынан туындаған оң шешім. Бұл – ұлтты ұйыстыратын, тарихи әділдікті қалпына келтіретін үлкен мереке. Азаттығымыз айбарлы, келешегіміз кемел болсын деп тілейік.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ,

«Egemen Qazaqstan»