Астанадағы Абай және Бейбітшілік көшелерінің қиылысында орналасқан Туризм және спорт министрлігінің алдында хакім Абайдың айшықты ескерткіші бой көтерді.
Биылғы жылдың басында, дәлірек айтсақ, қаңтар айында Абай ескерткішін құюға республикалық байқау жарияланған болатын. Онда ең үздік атанған алматылық Болат Досжановтың эскиз-идеясымен құйылған Абайдың ескерткіші таңдаулы деп танылып, енді, міне, елордада бой көтерген ескерткіштер қатарын толықтыра түсті. Ескерткіштің ашылу рәсіміне Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев, Мәжіліс Төрағасы Орал Мұхамеджанов, Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев, Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Мәулен Әшімбаев, Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов, Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед қатысып, ұлы ақын ескерткішіне гүл дестесін қойды. Осыдан кейін Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйлеп, хакімнің ұрпағына қалдырған мол мұрасы қашанда халық жадында екенін айтты. Абайдың қара сөздері әлемнің көптеген тілдеріне аударылып, күні бүгінге дейін еш маңызын жоғалтқан емес. Ал қазір бүкіл әлем қазақтың байтақ даласынан шыққан дара Абайдың қара сөздерінің сұлулығы мен даналығы алдында бас июде, деді ол.
Ескерткіштің ашылу рәсіміне арнайы келген ұлы ақынның жиені, “Абай қорының” директоры Балтабек Ерсәлімов: “Абай – қазақ халқының бет-бейнесі, төлқұжаты. Егемен еліміздің бүкіл идеологиясы Абайдың өсиетімен, ақылымен, арманымен жүруі керек”, – деген ойын жеткізді.
Хакімнің жаңа ескерткіші стилобаттан, тұғыр мен мүсіннен тұрады. Оның жалпы биіктігі 14 метрден асады. Ал жеке Абай мүсінінің биіктігі – 7, 550 метр. Мүсіндік композиция еш қоспасыз біртұтас әзірленіп, таза қоладан құйылған. Астана әкімдігі баспасөз орталығы таратқан ақпаратқа қарағанда, жыл сайын ақынның туған күніне орай ұйымдастырылатын Абай оқулары болашақта осы жерде өтетін болады.
Ескерткіш авторы Б.Досжанов Абай бейнесін өз шығармашылық талдауында терең ойға кеткен қалпымен бейнелепті. Мүсінді дайындауға “Көркем-құйма комбинаты” МКК тапсырыс берсе, оны “КазАртБронза” ЖШС дайындап шығарған. Абайдың айшықты ескерткішіне тағы да бір рет көз тоқтата қарап тұрып, хакімнің “Өлді деуге бола ма ойлаңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған” деген сөздері ойға оралды. Шындығында да, өз заманынан асып туған данышпан Абай тұлғасы қаншама жылдар өтсе де көз алдымызда биіктей түсуде.
Венера ТҮГЕЛБАЙ.
АНАСЫНЫҢ АБАЙҒА АЙТҚАН ӨСИЕТІ
Абай бол, аңқау, албырт қазағыңа,
Ара түс алапатты азабына!
Абай бол, заманыңның желі қатты,
Көз сал тек ұлы өмірдің ғажабына.
Пайғамбар бола алмассың – міндетін ал.
Сөзіңнен тақсын жұртың күнде тұмар.
Өмірдің сан саласын ұққан халқың,
Қарасын секілденіп күнге құмар.
Сом сөзің болсын әр кез еліңе азық,
Сол бейнең секілденіп темірқазық.
Мәңгіге жұлдыз болып тұрып қалсаң,
Халқың да тыныс алар белін жазып.
Әр заман заң әкелер басқа-басқа,
Сол заңнан өзге ұрпақ тәлім тапса.
Сен айтқан адамдықтың қасиетін,
Ұмытпас терең мәнін ғылым ашса.
Ұлылар дәуірді ақтап алмасады,
Ғұмырдың ұлы көші алға асады.
Солардың сені мақтан тұтқандары,
Жаңа бір жарқыраған таңға асады.
Нұрғожа ОРАЗ, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері.