ОРАЛ. 16 маусым. Батыс Қазақстан облысының Зеленов аудандық соты тапа тал түсте пневматикалық қарумен көшедегі мысықты атқан азаматқа айыппұл салды. Бұл туралы облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады.
Оқиға аталған ауданның Тренкино ауылында болған. Көшенің қақ ортасында мысықты үш рет атқан азамат енді 19 820 теңге көлемінде айыппұл төлейтін болды.
Облыстық соттың баспасөз қызметі таратқан деректерге сүйенсек, Батыс Қазақстан облысы, Зеленов ауданы №2 сотының қаулысымен құқық бұзушы Әлиғазиев Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 436-бабы, 1-тармағы (Елді мекенде, тиісті орыннан тыс жерде пневматикалық қарумен ату) бойынша жазаланған. Соған сәйкес, оған 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни, 19 820 теңге айыппұл салынып отыр. Ал травматикалық тапаншасын тиісті орындар тәркіледі.
Темір Құсайын.
Дерек: egemen.kz.
Сурет: uralskweek.kz.