• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Үкімет 24 Қазан, 2024

Астанада LRT қашан іске қосылатыны айтылды

200 рет
көрсетілді

Премьер-министр Олжас Бектенов елордада жеңіл рельсті көлік LRT желісін салу жөніндегі жобаның барысын тексерді. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Egemen.kz.

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек нысанның дайындық деңгейі және мегаполистің көлік жүйесін одан әрі дамыту келешегі туралы баяндады.

Бүгінгі таңда LRT эстакадасының арқалықтарын төсеу кезеңі аяқталды. Cтансалардың негізгі темірбетон конструкциялары құрылысын 2024 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Келесі жылы рельстерді төсеу, стансаларды әрлеу және жылжымалы құрамдарды жеткізетін депо құрылысын жүргізу, Қабанбай батыр даңғылы мен Қалдаяқов көшесі бойындағы эстакадалық бөлік абаттандырылады.

Олжас Бектенов құрылыс барысында қолданылатын технологиялық шешімдермен танысты.

Жобаны іске асыруға China Construction Sixth Bureau, Yunnan Construction and Investment Holding Group Co., Longjian Road and Bridge Co., Tianjin Rail Transit Group Co., CRRC Tangshan Co LTD. сияқты жоғары стандарттарды сақтауымен танымал қытайлық жетекші компаниялар тартылған. Сондай-ақ CRSCInternational, CASCO, HUAWEI Smart Transport BU компаниялары көлік жүйесінің қауіпсіз әрі тиімді жұмысын қамтамасыз етуде шешуші рөл атқаратын байланыс, дабыл және автоматтандыру жүйелерін реттеуге қатысады.

China Railway Asia-EuropeConstruction Investment қосалқы мердігер компаниясының бас директоры Чжоу Хайвэй инновациялық технологиялар қолданылып жатқанын айтты. Жоба аяқталғаннан кейін жеңіл рельсті желі бойымен жүргізушісіз пойыздар іске қосылады. 

«City Transportation Systems» ЖШС басқарма төрағасы Асылбек Дүйсебаевтың айтуынша, барлық құрылыс жұмыстарын аяқтап, LRT-ны іске қосу 2025 жылдың соңына жоспарланған. Пилотсыз пойыздарды сынақтан өткізу үшін қосымша 6 ай қажет.

Олжас Бектенов жобаның сапасы мен іске асырылу мерзімдерін бақылауды күшейту қажет екенін атап өтті.

«Мемлекет басшысы еліміздің көлік жүйесін дамытуға үлкен көңіл бөліп жатыр. LRT жобасы бойынша инфрақұрылымды дайындау жөнінде қыруар жұмыс жүргізілді, қаражат бөлінді. LRT елорда тұрғындары мен қонақтарына қызмет көрсетеді. Құрылыс жұмыстарының қарқыны артып келеді, оны бәсеңдетпеу маңызды. Жоба ең жоғары деңгейде жүзеге асырылуы керек. Әкімдік пен орталық мемлекеттік органдар тарапынан бақылау күшейтілуі тиіс. Нәтижеге жұмыс істейтін боламыз», деді Премьер-министр.