Егемендіктің алғашқы кезеңінен-ақ қазақ халқы мемлекет құраушы ұлт ретінде елдегі сандаған этнос өкілінің тілін, мәдениетін, тарихын сақтауына барлық жағдай жасады. Сондықтан Қазақстан әлемдік аренада гуманистік, демократиялық және толеранттылық сипатымен ерекшеленеді. Мерекені арқау етіп, этносаралық саясат төңірегінде ой қозғап жүрген азаматтарды сөзге тартқан едік.
Геннадий ШИПОВСКИХ,
Сенат депутаты:
– Еліміз егемендік пен татулықтың, бейбітшілік пен келісімнің төртінші он жылдығына аяқ басты. Әр кез еліміз тәуелсіздігін нығайту жолында ішкі-сыртқы саясатын бірлік пен келісім құндылықтарына бағыттады. Бұл – болашақта да бұлжымайтын қағида.
Отандық демократия этносаралық қатынастардағы қағидаттарды бөлу парадигмасынан интеграциялық қатынастарды біріктіру қағидаттарына көшті. Күні бүгінге дейін бейбітшілік пен келісімнің отандық үлгісі заңнамаға, мемлекеттік және азаматтық бастамаларда, сондай-ақ азаматтық қоғам институттары мен мемлекет арасындағы сындарлы диалог негізінде қалай дамығанын көріп, бақыладық. Жер-жаһанда да еліміз осындай тұрақтылық, бірлік әрі нақты дамудың орталығы болып саналады. Салыстырмалы түрде осы қысқа уақыт ішінде, іс жүзінде шешуді және талдауды қажет ететін бірқатар мәселені де айшықтап алдық. Оның бірі – мемлекеттік тіл мәртебесін этносаралық қарым-қатынас тілі ретінде көтеру.
Қазақ тілі – этнос өкілдерін тұтастыратын тіл. Біз бұл бағытқа біртіндеп аяқ басып келеміз. Оған өзге этнос өкілдері арасында қазақ тіліне деген сұранысының артуы дәлел бола алады. Қазір мемлекеттік тіл бизнестің, ғылым мен техниканың тіліне айнала бастады. Бұл үрдісті жүйелі іске асыруда Қазақстан халқы Ассамблеясының бірқатар жобасы сеп болып отыр. Атап айтсақ, «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» форумы, «Мың бала» мәдени-ағартушылық жобасы, қазақ тілінде пікір алмасатын «Мәміле» клубтары, қарапайым азаматтар тарапынан қолдау тапқан «Үйде сөйле» бастамасы, этномәдени бірлестіктері жастарына арналған «Тіл мектебі» жазғы лагері, сондай-ақ «Мемлекеттік тіл – этносаралық қатынас тілі» атты қоғамдық құрылымдардың, мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерін және тіл жанашырларын біріктіруші алаң біртұтас тілдік орта қалыптастыруды көздейді.
Сайфулла САПАНОВ, саясаттанушы:
– Халқымыз бірліктің, тыныштықтың қадірін жақсы біледі. Небір алмағайып заманда елімізге қоныс аударған өзге этнос өкілдеріне де осы құндылықтар қымбат. Әрі этностық тегіне қарамастан, еліміздің әрбір азаматына Конституциямен тең мүмкіндікке кепілдік беріледі. Сондықтан жұртымыз бейбіт өмір сүріп жатыр.
Мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі – этносаралық қарым-қатынас пен қоғамдық келісімді сақтау. Бұл – біздің артықшылығымыз және ел дамуына ықпал ететін маңызды стратегиялық ресурс.
Тәуелсіздік жылдарында еліміз стратегиясын түзіп әлемге ұсынды, осылайша оңтайлы үлгі көрсетті. Бүгінде еліміздің іргелі ұстанымдары ұлттық тарихи бірегейлікті қалыптастыруда қоғамның одан әрі рухани жаңғыруындағы көпэтностылықтың интеллектуалдық әлеуетімен айғақталады.
Еліміздегі этносаралық келісімнің өзіндік белгісі ретінде барлық этносты біріктіруші тұжырымдаманы жасауға деген ұмтылысын атап өтуге болады. Ширек ғасырдан аса уақытта еліміз этносаралық қатынасты нығайтуға бағытталған бірқатар заңнамалық актіні қабылдады. Дипломат Қайрат Әбдірахмановтың қақтығыстардың алдын алу, дағдарысты реттеу және жанжалдан кейінгі қайта құру саласындағы ынтымақтастық арқылы қауіпсіздік мәселелерімен айналысатын әлемдегі ірі аймақтық ұйым – Аз ұлттар істері жөніндегі жоғарғы комиссар болып сайлануы да Қазақстанның мемлекеттік этносаясатының тұрақты дамып келе жатқанына дәлел бола алды.
Яхия қажы ИСМАИЛОВ, дін қайраткері:
– Қазір елімізде Әділетті Қазақстан құрудың маңызды қадамдары жасалып жатыр. Мемлекеттің құрылымдық жүйесінде, саяси-экономикалық бағытында бірқатар жаңғырту қолға алынды. Демократиялық үрдістерді орнықтыруға, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған бұл өзгерістердің маңызы зор.
Бүгінде кез келген қоғам дамуының басты шарты – өзара келісім. Азаматтар бір-бірін тыңдаудан, түсінуден қалатын болса, бұл күрделі мәселелердің бастауына айналады. Мұның неге әкеліп соғатынын өзге мемлекеттердегі жағдайлардан байқап, бағдарлауға болады. Сондықтан нарықтық экономикасы, демократиялық қоғамның құрылымы және жоғары халықаралық беделі бар заманауи Қазақстанның негізгі тірегі – этносаралық келісім. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та ішкі-сыртқы саясатта ұлтаралық келісім, бейбітшілік пен тұрақтылыққа баса мән беретінін бірнеше рет мәлімдеді.
Алғаш еліміздің әлемдік және дәстүрлі діндерге диалог алаңын ұсыну бастамасы – әлемдік және дәстүрлі діндер өкілдерінің өркениеттер, конфессиялар, елдер мен халықтар арасындағы келісімді нығайтып, сындарлы диалог орнату жолында жасалған оңтайлы қадамы. Бұл тарихи міндет бірінші кезекте діни алуандылықты, этностық өзіндік ерекшеліктерді, конфессияаралық және этносаралық диалогті сақтау қажеттілігімен байланысты болды. Міне, отандық тәжірибе посткеңестік кеңістіктегі ең табысты тәжірибелердің бірі ретінде мойындалды.
Қазір еліміз өркениетаралық және конфессияаралық диалогтің маңызды халықаралық орталығы атанды. Сондықтан жаһандану дәуірінде әр отандасымыз ұлтаралық келісімді, бейбітшілік және қоғамдық қауіпсіздікті сақтауға ұмтылуы қажет.
Дайындаған –
Зейін ЕРҒАЛИ,
«Egemen Qazaqstan»