Дубайда әлемге әйгілі көрнекі жерлер көп. Дегенмен Біріккен Араб Әмірліктерінің шөл даласында жұртқа белгісіз тамаша орындар да бар. Солардың бірі – «Махаббат көлі» деп аталатын жасанды су көзі.
Жүрек пішіндес көл Аль-Кудра оазисінің маңында орналасқан. Аумағы 550 000 шаршы метр. Көл тіпті ғарыштан да көрінеді. Онда жүз мыңдаған бұта, 16 мыңнан астам ағаш пен түрлі түсті гүлдер егілген. Махаббат көлі 2018 жылы қараша айында ашылған. Алайда мұрагер ханзада шейх Хамдан ибн Мұхаммед Әл Мақтұм Instagram парақшасына көлдің әуеден түсірілген суретін салғаннан кейін ғана бұл орын көпшіліктің назарын аудара бастады.
Су ағашы
Черногорияның Диноша аулында ерекше ағаш бар. Жергілікті тұрғындар оны «Черногорияның су ағашы» деп атап кеткен.
Бұл ағаш жаңбырлы маусымда субұрқаққа айналады. Өйткені ол жерасты бұлақтарының үстінде өсіп тұр. Нөсерден кейін бұлақтар толып, су жер бетіне шығады. Ағаштың іші қуыс болғандықтан, су оның діңімен құбыр секілді өтіп, жарықтардан субұрқақ болып атқылайды. Сондықтан жаңбырлы күндері жергілікті тұрғындар мен туристер осы ерекше табиғи құбылысты тамашалауға жиі келеді.
Ең қысқа рейс
Әлемдегі ең қысқа рейс небәрі бірнеше минутқа созылады.
Шотландияның Уэстрей мен Папа-Уэстрей аралдары арасында қатынайтын ұшақ жолаушыларды діттеген жеріне бес минутқа жетер-жетпес уақытта жеткізіп тастайды. Әдетте, рейс ұзақтығы желге байланысты 58 секундтан 3 минутқа дейін созылады. Екі аралықтағы қашықтық 2,7 шақырым. Жұмыс күндері рейс екі бағытта да қатынайды. Ал сенбі күні ұшақ Уэстрейден Папа-Уэстрей бағытында ұшса, кері қарай жексенбі күні ұшады. Бұл рейсті негізінен жергілікті тұрғындар, әсіресе Уэстрейден келетін студенттер мен мұғалімдер пайдаланады. Кейде дәрігерлер мен емделушілер де осы рейспен қатынайды. Өйткені Папа-Уэстрейде медициналық мекемелер жоқ. Ұшақты бір ұшқыш басқарады, жолаушылар салонында сегіз орын бар, ал бір орын ұшқыштың жанында орналасқан.