2015–2019 жылдар аралығында аталған мемлекетте жаңа кестені енгізуге арналған қанатқақты жобалар басталған еді. Бұл тәжірибе 2500-ден астам қызметкерді қамтып, олардың жұмыс аптасы 40 сағаттан 35–36 сағатқа қысқартылды, бірақ жалақы төмендетілмеді. Зерттеу нәтижелері жұмыс өнімділігінің айтарлықтай жақсарғанын көрсетті. Қазір Исландия экономикасы Еуропаның көп мемлекеттеріне қарағанда қарқыны өсіп, жұмыссыздық деңгейі ең төменгі көрсеткішке жеткен.
«Кішкентай Ханзада» – 1 миллион доллар
Антуан де Сент Экзюперидің әйгілі «Кішкентай Ханзада» кітабының түпнұсқа қолжазбасы Абу-Дабиде бәссаудаға шығарылмақ.
Құнды жәдігер 1 миллионнан астам долларға бағаланып отыр. Өйткені кітапта автордың өзі енгізген түзетулер мен ескертпелер де бар екен. «Guardian» басылымы дәл осындай үш-ақ нұсқаның сақталғанын айтады. Бұл кітапқа қаламгер: «Маңдайдағы көз көрмегенді көкірек көзі байқайды», деген атақты нақылын жазған. Айта кетейік, бәссауда қараша айының аяғында өтеді.
Ақыл айтатын қалпақ
Ресей өнертапқыштары мамандық таңдауға көмектесін қалпақ ойлап тапты.
«Neiry» биотехнологиялық зертханасы дайындаған «Брейни» жүйесі оқушының белгілі бір кәсіби салаға бейімділігін анықтайды. Құрылғы әуелі баланың 15-тен астам қабілетін екшеп алып, соның ішінен 3 мамандықты ұсынады. Бүгінде бұл қызметті кейбір университеттер, оқыту платформалары қолдана бастады.