• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Ұлттық спорт 29 Қазан, 2024

Асық атып, автокөлік мінді

53 рет
көрсетілді

Бұрынғылар «Асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар» деуші еді. Қазір асық атып, абыройға бөленіп, доп қуалап, дүниені допша үйіріп жүргендер көп. Соның бір айқын куәсі – «Respublica» партиясы Мерекеге орай «Qazaqstan» жеңіл атлетика спорт кешенінде асық атудан алғаш рет ашық турнир ұйымдастырды. Турнирдің финалдық кезеңіне 17 облыс, 3 мегаполистегі іріктеу жарысының қорытындысына сай, 21 жастан асқан 2 мыңға жуық қатысушының арасынан 1-2 орын алған 40 спортшы ғана жолдама алды.

Қазір елімізде 90 мыңға жуық ойыншы асық атып, ұлттық ойынымызды ұлықтап жүр. 800-ге жуық жаттықтырушы бар. Төрешілердің де қатары артып, кәсіби біліктілігі көтеріліп келеді. Сайыстар да жүйелі ұйымдастырылып жүр.

«Мұндай турнир ұйымдастыруды жарты жыл бұрын қолға алып, өңірлерде іріктеу жарыстарын бастап кеттік. Асық ату көпшіліктің ойында ауыл бала­ларының күнделікті ойыны ретінде қалып қойған. Оны ұлттық, бұқаралық деңгейге көтеру мақсатында қомақты жүлде тігіп, көпшілік қызығушылығын арттырсақ деп шештік. Іріктеу кезең­дерінде де жүлдегерлер ақшалай сый­ақымен марапатталды. Алдағы жылдары дәстүрге айналдырсақ деген ойымыз бар. Тек 21 жастан асқандарға ғана емес, жасөспірімдер санатын да қосу жоспарда бар. Себебі, жас буынды қазірден үлкен додаларға дайындай беруіміз керек. Жарыс барысына тоқталатын болсақ, бәсекелестік өте жоғары болды. 4-5 жыл бойы ел чемпионы атанған, IV Дүниежүзілік көшпелілер ойынына қатысқандардың өзі жеңіліске ұшырады. Бәрі әділ болсын деп арнайы камера да қойдырдық. Жаңа есімдерді шығарып, оларға мүм­кіндік беру – асық ату ойынының абыройы», деді «Көшпелілердің асық спорты» халықаралық федерациясының пре­зиденті Олжас Құспеков.

Спорттық іс-шараның ашылу салтанатында «Respublica» партиясы фрак­циясының жетекшісі Айдарбек Қожа­назаров партия атынан асық ату фе­дерациясының дамуына 5 млн теңге көлемінде қаржылай көмек берілгенін, партия мүшелері асық ату ғана емес, тоғызқұмалақ ұлттық спортының дамуына үлес қосып жатқанын жеткізді.

Турнир тартысқа толы болды. Құра­лайды көзге атқан мергендер соңғы сәтке дейін жеңіске ұмтылды. Сондай ойынның бірі ширек финалда Шымкент қаласының спортшысы, қырғыздардың ұлттық ойыны – «Ордо» ойынынан IV Дүниежүзілік көшпелілер ойынының күміс жүлдегері Әнуарбек Нұржігіт пен Алматы қаласының үздігі Таубай Жұмабектің арасында болды. Жеңімпаз тек қосымша атыс барысында ғана анық­талды. 4:5 есебімен жеңілудің алдында тұрған Әнуарбек Нұржігіт дер кезінде жинақталып, 6:5 есебімен басым түсті.

Әнуарбек Нұржігіт алғашқы ойында «Алаш сақасы» турнирінің күміс жүлдегері Ғарышбек Құлыбектен 2:1 есебімен басым түссе, екінші жұпта алғашқы ірі додаға қатысып жатқан Жетісу облысының спортшысы Қастай Манас соңғы сәтке дейін Нұрлан Жомарт­қа (Павлодар облысы) қарсылық көрсетті. Алма-кезек басымдықпен өткен кездесу 2:1 есебімен Нұрланның пайдасына шешілді.

Үшінші орынға таласта тәжірибелі Ғарышбек Құлыбек Жетісу облысының өкілін екі ойында да мерзімінен бұрын ұтып, қола жүлдеге ие болды. Ал финал­дық бәсекеде Әнуарбек Нұржігіт асық атудан IV Дүниежүзілік көшпелілер ойынының чемпионы Нұрлан Жомартқа екі ойында да мүмкіндік қалдырмады.

«Өте қуаныштымын. Турнирдегі ең шешуші тұс – ширек финалда өрбіп, Алматы қаласының спортшысы­нан басым түстім. Сол жеңіс жігер бер­ді. Финалда бақ сынасқан Нұрлан Жо­мартпен былтыр Шымкенттегі бәсе­кенің шешуші ойындарында да жолымыз түйі­сіп, жеңген едім. Барша қолдаған жа­қындарыма, бапкеріме алғы­сымды айтамын», деді ашық турнирдің чемпионы Әнуарбек Нұржігіт.

Мыңнан оза шапқан Әнуарбек Нұржігіт JAC темір тұлпарын тізгіндесе, күміс жүлдегер Нұрлан Жомарт 1 000 000 теңге сыйақы алды. Ал қола жүлде­гер Ғарышбек Құлыбек 500 000 теңге сый­ақыны иеленді. Жеңіске деген жігері үшін Жетісу облысының өкілі Қастай Манасқа арнайы кубок табыс етілді.

Жалпы, Көшпелілердің асық спорты халықаралық федерациясы құрылған жарты жылдың ішінде 14 елде тұрақты асық ойнау федерациясы тіркелді. Асық ойнау спорты көшпелілер ойынының тұрақты түрі болып бекітілді. Нәтижесінде, биыл ұлттық құрамамыз Қырғызстан командасын 2:1 есебімен жеңіп, топ жарды. Енді екі жылда бір рет әлем чем­пионаты өткізіліп тұратын болды. Алғаш­қысы биыл елорда төріндегі «Aspan» спорт кешенінде ұйымдастырылып, оған 14 елдің өкілі қатысты.