15-18 қараша аралығында Ақтөбеде дзюдодан ерлер мен әйелдер арасында Қазақстан чемпионаты өтеді. Бұл жарыста республикамыздың барлық аймағынан келген 500-ге тарта балуан бақ сынайды деп күтіліп отыр. Соңғы күні аралас командалық сайыстар ұйымдастырылады. Жеңімпазға Қазақстан кубогі табыс етіледі.
Оңтүстік Кореяның Кванжду қаласында аяқталған теннисшілердің ITF J300 турнирінде корт қожайыны Хойонг Рохпен жұп құрған Әмір Омарханов бас жүлдені олжалады. Финалда олар жергілікті ойыншылар – Йенс Джейонг пен Джангжун Кимді 6:2, 6:2 есебімен қапы қалдырды. Ал жекелген сайыста Әмір үшінші кезеңге дейін жетіп, жапониялық Хиромаса Коямағаға жол берді – 6:3, 4:6, 4:6. Дәл сол турнирде Заңғар Нұрланұлы финалда өнер көрсетіп, шешуші тұста Хойонг Рохқа есе жіберді – 4:6, 2:6. Қыздардың жұптық ойынында Мәлика Әмірғалиева мен тайпейлік Ю Чен Лин бас жүлде үшін тартыста жеңіліс тапты.
Италиялық Роберто Манчини Сауд Арабиясынан кеткеннен кейін жалақысы ең көп жаттықтырушылардың тізімін Хосеп Гвардиола бастады. «Манчестер Сити» футбол клубының бас бапкерінің бір жылдық табысы – 20 миллион фунт-стерлинг. Ал Манчини аталған мемлекетте өз әріптесінен 1,5 миллион артық табыс тапқан еді. Екінші, үшінші орындарда – Микель Артета («Арсенал») мен Диего Симеоне (Атлетико). Олардың еңбекақылары тиісінше 15, 13 миллион шамасында.
Футболдан Қазақстан Премьер-лигасының 24 тур ойындары мынадай есептермен аяқталды: «Жетісу» – «Қайрат» 1:2, «Атырау» – «Елімай» 1:0, «Ордабасы» – «Жеңіс» 1:2, «Шахтер» – «Қызылжар» 1:1 , «Астана» – «Ақтөбе» 2:0, «Тұран» – «Қайсар» 0:1.
Биылғы маусымда жеңілістен бір бас көтермей, жанкүйерлерді әбден мезі еткен «Астана» баскетбол клубының бас бапкері Фотиос Такианос қызметінен кетті. Грекиялық маман елордалық команданы биылғы ақпан айынан бері жаттықтырып келді. Әзірге бұл міндетті уақытша оның көмекшісі Глеб Плотников атқарады.
Қазақстан волейбол федерациясының президенті болып Қаржы министрі Мәди Такиев сайланды. Астанада өткен жиында оған 43 делегат дауыс берді. Сондай-ақ үміткерлер қатарында Алматы облыстық федерациясының президенті Амандық Баталов пен белгілі волейболшы Бақытжан Байтөреев болды. Олардың әрқайсысы бес-бес дауыстан жиды. Ал бұған дейін осы қызметті 32 жыл бойы тапжылмай Нұртай Әбіқаев атқарған еді.