Жақында елордада әлемдегі ең ірі мультилокациялық хакатон – «Decentrathon 2.0» ашылуына арналған іс-шара өтті. Сыйлық қоры 50 000 долларды құрайтын оны Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің қолдауымен «Blockchain & AI Technology Center» (BAITC) «Astana Hub»-пен бірлесіп өткізді.
Мазмұнды іс-шара барысында еліміздің 17 өңірінен келген 2500-ден астам қатысушы жасанды интеллект, блокчейн, ойындарды әзірлеу және «Telegram mini-apps» секілді негізгі технологиялық бағыттарға арналған инновациялық әзірлемелерін ұсынды. Бір жағынан, мұндай жиын еліміздің озық технологиялар саласындағы аймақтық көшбасшы ретіндегі ұстанымын нығайта түседі. Сондай-ақ бұл – еліміздің жасанды интеллектіні дамыту тұжырымдамасы аясында іске асатын «Generative Nation» қозғалысының бір бөлігі. Соның шеңберінде жасанды зерде технологияларын одан әрі дамытатын «AI Movement» бастамасы жүзеге асып отыр.
Былтырғы іс-шараға 12 өңірден 1500-ден аса қатысушы келіп, үлкен табысқа қол жеткізген еді. Бұл отандық әзірлеушілердің зор әлеуетін көрсетті. Биыл оның аясы кеңейіп, барлық 17 өңірді қамтыды.
Салтанатты іс-шараның ашылуында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев жасанды интеллектіні дамыту аясында іске асып жатқан бастамалар туралы айтты.
«Generative Nation» қозғалысы бүкіл елді қамтитын AI-трансформацияны іске асыруға бағытталған. Бұған әр өңірдің қатысуы маңызды. Сондай-ақ «Decentrathon» – еліміздің барлық аймағын қосатын алғашқы IT іс-шара. Бұл – жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар саласындағы еліміздің көшбасшылығын нығайтуға жасалған қадам», деді ол.
Сонымен қатар іс-шара аясында аталған министрлік «Blockchain and AI Technology Center-пен» бірлесіп «Decentrathon-ға» қатысатын инженерлер мен еліміздің IT түлектеріне арналған төрт апталық тегін «AI-driven» маңсап буткемпін іске қосатынын жариялады. Онда практикалық шеберлік сыныптар мен жетекші технологиялық компания өкілдерімен кездесулер өтіп, қатысушылар қандай дағдыларды дамыту керектігін үйренеді. Бір сөзбен айтқанда, осындай іс-шара еліміздің технологиялық өндіріс саласындағы адами капиталды айтарлықтай нығайтуға көмектеседі.