Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: құқық тәртібі, экономикалық өрлеу, қоғамдық оптимизм» Жолдауында «Әуе хабтарын дамыту – өте маңызды міндет» деді. Еліміздің әуе кеңістігі арқылы жыл сайын 150 мың тоннаға жуық жүк тасымалданатынын айта келе, алдағы төрт жылда бұл көрсеткішті екі есе ұлғайту жөнінде пәрмен берді.
Президенттің «Әуежайларымыздың жүк тасымалдау мүмкіндігін арттыру үшін барлық жағдайды жасау керек» деген тапсырмасын Қарағанды әуежайы көпке созбады. Биыл «Сарыарқа» әуежайы базасында «CargoHubKaraganda» мультимодалды әуе хабы құрылады. Бұдан келер игілік – жүк тасымалы едәуір ұлғайып, халықаралық логистика мүмкіндігі артады.
Қарағанды әуежайының жүк әуе хабы ретінде әлеуеті әжептәуір. Еліміздегі әуежайлар ішінде жүк тасымалдау бойынша Алматыдан кейінгі орын осы «Сарыарқаға» тиесілі.
«Біз жүк ұшақтарының техникалық қонуына жағдай жасап отырмыз. Сол арқылы операторлар тартамыз. Ұшақтар осында қонып, жанармай құяды, экипаждарын ауыстырады, шағын техникалық қызмет көрсетіледі. Жүк тасымалдау саласында 10 жылдан аса жұмыс істеп келеміз», дейді «Сарыарқа» әуежайының басқарма төрағасы Руслан Ғаббасов.
«Сарыарқа» әуежайының жүк тасымалына әуелі орналасқан орны тиімді. Оңтүстік-шығыс Азия елдерінен Еуропаға апаратын ең қысқа жол дәл осы Қарағанды үстімен өтеді. Жүк өңдеу жылдамдығы, баға арзандығы мен қызмет сапасының жоғарылығымен де ерекшеленеді. Әуежай бүгінгі күні Эквадор, Нидерланд, Бельгия, Оңтүстік-шығыс Азиядан электроника, автокөлік пен азық-түлік, басқа да түрлі тауар таситын рейстерге қызмет көрсетеді. Мұнымен қоса, әуежайға Эквадордан гүл тиелген 3 рейс, Амстердамнан 1 рейс, Бельгиядан 1 рейс келеді. Халық тұтынатын тауар жеткізуші Гонконгтен де рейс бар. Апта сайын Еуропа мен Израильден жеткізілген 5 тонна өнім өңделеді. Әсіресе көкөніс пен жидектің түр-түрі бар.
Әуежай әлеуеті артып, жоғарыда атап өткен жоба жемісті жүзеге асса, басқа салаларға да оң серпін берер еді. Атап айтсақ, жүк көлігімен тасымалдау жолға қойылады. Экипаж мүшелері ауысым кезде аялдайтын қонақүй салынады. Сәйкесінше, әуежай қызметкерлерінің жалақысы өседі.
Бұрынырақта Қарағандыда гүл сататын 200 нүкте бар еді. Қазір олардың саны 700-ге жетті. Бұған бірден бір себеп – әуежайдың 2015 жылдан бері гүл қабылдай бастауы. Жоғарыда атап өткеніміздей, гүл таситын рейс көп. Бастысы, жылдам жеткізеді, бағасы да тиімді. Әуежай аумағында орналасқан «Кaragandy technical center» ЖШС қоймаға апта сайын 5 бортпен 400 тоннаға дейін гүл қабылдайды. Қойма меңгерушісі Арман Нұрмағамбетовтің айтуынша, гүл апта сайын және айына екі рет Гонконгтен түрлі жабдық келеді.
«Қоймалардағы температура режімі – жүктің сақталу режіміне қарай –2 градустан +20 градусқа дейін. Қоймаға келіп түсетін гүлдер сұрыпталады, кедендік тазалаудан өтіп, бір күннің ішінде еліміздегі басқа қалаларға, ТМД елдеріне жөнелтіледі. Жергілікті кәсіпкерлер де гүлді осы жерден алады», дейді Арман Жаркенұлы.
Әуежайдың дамуы өңір экономикасына да оң әсерін береді. Қазір инфрақұрылымды арттырудың қамына кіріскен.
«Кейінгі жылдары инфрақұрылымды белсенді түрде жетілдіріп жатырмыз. Ұшу-қону жолағы мен жолаушы ұшақтарына арналған тұрақ орындарын жөндедік, заманауи жабдықтар сатып алып, жүктерді өңдеу жылдамдығын арттыру мақсатында білікті кадрларды тарттық. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасады», дейді басқарма төрағасы.
Жоғарыда атап өткен жоба сәтті жүзеге асса, жылына өңделетін жүктің көлемі 15 мың тоннадан 200 мың тоннаға дейін өседі. Бес-алты жылдың ішінде 2 000-ға жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Сәйкесінше, Эквадордан тікелей жүк рейстерін ашу арқылы халықаралық сауда дамиды. Аптасына жүк ұшақтары 100 рейске дейін көбейеді. Ұшу-қону жолағын жөндеп, жолаушылар терминалын қайта жаңарту, жүк терминалын салып, маршруттық желіні кеңейту әуежай мүмкіндігін еселей түспек.
Жалпы, «Сарыарқа» әуежайы жылына 320 мыңға жуық жолаушыға қызмет көрсетеді.
Қарағанды облысы