Бұқар жырау ауданы Үміткер ауылының әлеуметтік кезекте тұрған адамдарына пәтер кілті табысталды. Екі пәтерлі үш үйді құрылыс компаниялары салып бітіріп, оны аудандық әкімдік сатып алды. Пәтер кілтін тапсыру салтанатына Бұқар жырау ауданының әкімі Ерлан Құсайын қатысып, мұқтаж жандарды қуаныштарымен құттықтады.
– «Үйі бардың – күйі бар» дейді дана халқымыз. Бүгін жаңа үйлердің кілтін табыстап, үміткерліктердің қуанышын еселедік. Биыл «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының қолдауымен, республикалық бюджеттің көмегімен 40 пәтер сатып алуға қаражат бөлінді. Үміткер ауылындағы жаңа пәтерлерге мұқтаж болып отырған алты отбасы ие болды. Бұл – көпбалалы және тұрғын үйі апатты деп танылған отбасылар. Тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстар келесі жылы да қарқынды түрде жалғасын табады, – деді Ерлан Бейсембайұлы.
Пәтерге ие болғандар – көпбалалы аналар Нұрсәуле Нұртазина, Айнұр Әбілғазина, мүмкіндігі шектеулі Сейсенбек Шохшин, үйлері апатты жағдайдағы Ерлан Қазыбеков, Владимир Путятин, жалғызбасты ана Айтжан Айнашева.
Игілікті іс-шара барысында ауыл ақсақалы Қайыр Әбілғазин батасымен алқап, жаңа баспанаға қол жеткізгендер арасынан Ерлан Қазыбековтің жұбайы Жұлдыз мемлекеттің көрсетіп отырған қамқорлығына ризашылығын білдірді.
Қарағанды облысы,
Бұқар жырау ауданы,
Үміткер ауылы