Шарбақты ауданында жаңа тұрғын үйлер пайдалануға берілді. Заманға сай салынған баспаналар мұқтаж жандарға бұйырды. Ғимараттарды жеке тұлға өз қаржысына салып, кейін олар облыстық бюджет қаражаты есебінен сатып алынған. Үш бөлмелі пәтерлер заманауи технологиялар қолданыла отырып тұрғызылып, озық инженерлік коммуникациялармен жабдықталған.
Өңір басшысы Асайын Байханов қоныс иелерін көптен күткен баспаналарымен құттықтады.
– Азаматтарымызды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету – мемлекеттің басты мақсаттарының бірі. Биылғы жылы бизнес пен мемлекеттің өзара іс-әрекеті аясында біз кезекте тұрған жандарға 800 пәтер, соның ішінде облыстың 10 ауданында 313 пәтер сатып аламыз. Пәтерлерді сатып алу тәжірибесін келесі жылдары да жалғастырамыз, – деді облыс әкімі.
Сондай-ақ Шарбақтыда жалпы аумағы 1 680 шаршы метрді, мұз аренасы 1 440 шаршы метрді құрайтын жаңа жабық хоккей корты ашылды. Спорт нысаны ауыл тұрғындарының өтінішімен, аудан тұрғыны, кәсіпкер, облыстық мәслихаттың депутаты Виталий Соломкиннің қолдауымен бой көтерді. Ауыл тұрғындары өңірдің әл-ауқатын жақсартуға бағытталған маңызды жобалардың іске асырылып жатқанына дән риза екендерін жеткізді. Мұндай бастамаларға әлеуметтік жауапкершілігі жоғары, белсенді азаматтық ұстанымы бар бизнестегі азаматтардың мұрындық болғаны қуантады.
Павлодар облысы,
Шарбақты ауданы