• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Аймақтар 30 Қазан, 2024

Сайөтестегі жаңа Мәдениет үйі

52 рет
көрсетілді

Республика күнін Маңғыстау ауданына қарасты Сайөтес ауылының тұрғындары жағымды жаңалықпен қарсы алды. Үш мыңға жақын тұрғыны бар ауылда заманауи Мәдениет үйі көптен бері шешімін таппай жүрген мәселе болатын. Кейінгі жылдары ауылда тұрғындардың жайлы өміріне қажетті жағдай рет-ретімен шешімін тауып келеді.

Сайөтес ауылдық клубы бас­тауын 1965 жылы теміржол ғимаратынан ашылған қы­зыл бұрыштан алады, аталған қызыл бұрышта кинозал жұмыс істеді. 1983 жылы қаңтар айында арнайы штат беріліп, аудандық мәдениет үйі жанынан материалдық-техникалық базасы жинақталып, ауыл клубы ашылды. Алпыс жылға таяу уақыттан бері баспанасы болмаған мәдениет ұжымы биыл су жаңа ғимаратқа қол жеткізіп, толайым қуанышқа кенелді.

Құны 691 миллион теңгеге келісім-шарт жасақталған Сайөтес ауылдық мәдениет үйінің құрылысын мердігер «АС Құрылыс» ЖШС жүргізді. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында са­лынған жаңа ғимараттың 200 орындық концерт залы және үйірмелерге ар­налған бірнеше залы бар. Әдіскер, ансамбль, хор, вокал, көрермен залы, сахна, гример, костюмер, би, домбыра, қолөнер үйірмелері, жарық-дыбыс сту­диялары мен мамандарға арналған кабинеттер, концерт және үйірме залдары қазіргі заманауи талапқа сай жабдықталған. Маңғыстау аудандық әкім­дігі мамандарының айтуынша, ғи­маратта ауыл кітапханасы да орналасқан.

«Клубта 1983–2010 жылдар аралы­ғында ән, домбыра үйірмелерімен 10 көркемөнерпаз жұмыс істеген болса, қазіргі таңда құрамы 12 адамға толып, 131 көркемөнерпазы бар 6 құ­ры­лым халыққа мәдени қызмет көрсетіп отыр. Сайөтес ауылдық клубы ұжы­мына жыл сайын кәсіби мамандар қосылып, халықтың мәдени демалысын ұйымдастырып келеді. Ұзақ жылғы тәжірибесі мен кәсіби біліктілігінің нәтижесінде ауылдық клуб жанындағы «Ақ­маржан» аналар ансамбліне, Сайөтес домбырашылар ансамблі мен «Назқоңыр» би ансамбліне Мәдениет және ақпарат министрінің 2023 жылғы маусым айындағы бұйрығымен «Халықтық», «Үлгілі» атақтары берілді. 2015 жылдан бастап клубтың сапа құрамы әдіскер штатымен толықты», дейді ауылдық клуб меңгерушісі Күләш Жайым.

Жаңа мәдени нысан ауыл ажарын арттырып, өнерін өрістете түсері анық.

 

Маңғыстау облысы