• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 30 Қазан, 2024

Экономикалық патриотизм: Отандық өнімді қолдау мен дәріптеу

106 рет
көрсетілді

Өткен жылдың қорытындысына сәйкес, жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) құрылымындағы машина жасау үлесі 1,9 пайызға жетті. Өндіріс пен инвестиция көлемі артып келеді. Биылғы 9 айда отандық жобаларға шамамен 108,2 млрд теңге жұмсалды, былтырғыға қарағанда бұл 2,2 есеге артық.

Машина жасау саласын да­мыту мәселесі Премьер-министр Олжас Бектеновтің төр­ағалығымен өткен Үкімет оты­рысында қаралды. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев саладағы жағдай туралы баяндап, салалық қа­уым­­дастықтар өкілдері – Қазақ­стан машина жасаушылар ода­ғының төрағасы Мейрам Пі­шембаев пен Өнеркәсіптік инвесторлар одағының президенті Қайрат Еламанов, сондай-ақ Қа­зақстанның автокөлік одағы президенті Анар Мақашева баян­дама жасады.

Саладағы өзекті мәселелердің бірі – жабдықты жаңғырту. Премьер-министр машина жасауда техниканың тозуы 40%-ға жуықтайтынын атап өтті. Тек теміржол саласында 2030 жылға дейін елімізде тозығы жеткен 800-ден аса жолаушылар вагоны пайдаланудан шығарылады деп күтіледі. Еліміздің өнеркәсіптік инвесторлар одағы деректері бойынша ауыл шаруашылығы техникасының шамамен 76%-ы жаңартуды қажет етеді.

О.Бектенов Прези­дент­тің экономиканы әртарап­тан­дыру жөніндегі алға қойған мақсаттарына қол жеткізу үшін отандық машина жасау әлеуетін белсенді түрде пайдаланып, жаңа технологияларды енгізу қажеттігін баса айтты.

«Мемлекет басшысы экономиканы әртараптандыру ісінің негізгі өзегі индустрияландыру екенін атап көрсетті. Өңдеу секторын, бірінші кезекте машина жасау саласын серпінді дамыту өзімізді экономикалық жағынан толық қамтамасыз ете алатын жағдайға жетуде қозғаушы күш болуы қажет. Мемлекет отан­дық өндірушілерді белсенді қолдайды. Біздің алдымызда ло­кализациялау үлесі жоғары өндіріс циклін құру міндеті тұр. Бұл ретте жұмыс тиімділігін арттыру үшін өндірісті дер кезінде жаңғыртып отыру маңызды», деп атап өтті Премьер-министр.

Өндірістік үдерістерді роботтандыру мен автоматтандырудың жаһандық үрдістеріне сәйкес кәсіпорындарда цифрлық технологияларды енгізу қажеттілігі атап өтілді.

Бүгінде автомобиль өнер­кәсібінде кластерлік өнді­рісті қалыптастыру жұмыстары жүр­­гізіліп жатыр. Бұл тәсіл ен­шілес салалардың дамуын ынталандырады, бүкіл сектор үшін жаңа мүмкіндіктер мен перспективалар ашады.

Мұнай-газ машина жасау саласында 50-ге жуық кәсіп­орын жұмыс істейді. Өндіріс кө­лемі 160 млн долларға жетеді, ал им­­­­порт көлемі 1,6 млрд доллардан асады. Премьер-министр он есе айырмашылыққа және ал­шақ­тықты төмендету қажеттігіне назар аударды.

Жаңадан отандық өндіріс­терді құруға жәрдемдесу үшін Халықаралық мұнай-газ машинасын жасау орталығы құрылды. Honeywell, PetrolValves, Wika сияқты халықаралық ком­па­ниялардың өнімдерін локализациялау жобалары сәтті жүзеге асырылды. О.Бектенов ха­лықаралық операторлардың отандық кәсіпорындармен ұзақ­мерзімді шарттар жасасуға кепілдік беру жөніндегі орта­лықтың өкілеттіктерін кеңейту қажеттігін атап өтті.

Премьер-министр Өнер­кәсіп және құрылыс, Қар­жы, Ұлттық экономика министр­ліктеріне, «Бәйтерек» холдин­гіне мақұлданған қаржы-эко­номи­калық негіздемелер шең­берінде машина жасаудағы жо­баларды қосымша қаржы­ландыруды тапсырды. О.Бектенов машина жасау кәсіп­орындары өндірісті жаңғыртып, тауарлардың жаңа түрлерін шы­ғару үшін жеңілдікті несиелермен қамтамасыз етілуге тиіс екенін айтты.

Сондай-ақ Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі автомобиль жасау саласындағы жобаларды тұрақты бақылауда ұстап, туындаған мәселелерді же­дел ше­шіп, экспортты ке­ңейтуі қажет.

Жалпы, елімізде машина жа­сау өнімдері нарығы 31,6 млрд долларға бағаланады, оның шамамен 16%-ы отандық өндірістің үлесіне тиесілі.

Премьер-министр машина жасау саласының өсу әлеуеті өте жоғары және экспортты дамытуда да мүмкіндіктер бар екеніне тоқталды.

«Экономикалық патриотизм басты қағидатымызға айналуға тиіс. Біз отандық өнімдерді сатып алып, сыртқы нарықтарда белсенді түрде дәріптеуіміз қажет», деп атап өтті О.Бектенов.

Қазіргі уақытта Еуразиялық одақ нарығында машина жасау өнімдері импортының жалпы көлемі шамамен 141 млрд долларды құрайды. Қазақстан қазірдің өзінде аккумуляторлар, трансформаторлар, кабельдер, локомотивтер, автомобильдер мен автобустарды экспорттап жатыр. ЕАЭО нарығында отандық өндіріс үлесін арттыруда мүм­кіндіктер бар.

Премьер-министр машина жасаудың бірқатар сек­торындағы жағдайға назар аударып, өзекті мәселелерді шешуге ықпал ететін шараларды атады. Отандық ауыл шаруашылығы техникасын өндіру­шілерді қолдау үшін биыл импорттық аналогтерді субсидия­лау алынып тасталды. Сонымен қатар техника лизингінің пайыз­дық мөлшерлемесін субсидия­лау кезінде отандық техника үшін айтарлықтай төмен – са­раланған тәсіл көзделді. Бұл ша­ралар локализациялауды те­реңдетуге, шығарылатын техника номен­клатурасын кеңейтуге және отандық техника паркін жаңартуды жеделдетуге ықпал етеді.

Теміржол техникасының тозу деңгейі 55%-ды құрап отыр. 2024 жылы қолжетімді ли­зинг­тік қаржыландыру тетігі іске қосылды, соның арқасында өндіріс көлемі 1,5 есеге өсті. Олжас Бектенов тасымалдаушылардың қажеттіліктері бірінші кезекте отандық өндіріс техникасы есебінен толық көлемде қам­та­масыз ету қажеттігін атап өтті. Премьер-министр дайын өнімдер мен қосалқы бөлшектер шығаратын жаңа жобаларды іске қосуды ынталандыру маңызды екенін атап өтті.

Отандық өндірушілерді қолдау үшін Премьер-министр Өнеркәсіп және құрылыс, Қаржы министрліктеріне мердігер ұйым­дардың жұмыстар мен көр­сетілетін қызметтердегі отан­дық үлес талаптарының орын­дауын бақылауды күшейтуді тапсырды. Бүгінгі таңда бірқатар машина жасау тауарлары мем­лекеттік сатып алудан алынып тасталғанымен, жасырын түрде импорттық өнімді сатып алу фактілері анықталған.

Сондай-ақ отандық машина жасау саласы өнімдерінің ірі тұтынушыларының бірі «Самұрық-Қазына» қорының алдына холдингтің сатып алу рәсіміндегі жергілікті қамту үлесін 2025 жылдың соңына қа­рай 89%-ға дейін ұлғайту мін­деті қойылды. О.Бек­тенов экономикалық өсімге муль­ти­пликативті әсерді қамтамасыз ету мақсатында бизнестің өзара міндеттемелерін көздейтін оффтейк және ұзақмерзімді ке­лісімшарттар тетігін белсенді түрде пайдалануды тапсырды.