• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Үкімет 30 Қазан, 2024

Республикалық бюджет жобасын қарады

56 рет
көрсетілді

Мәжілістегі «Amanat» партиясы фрак­циясының кеңейтілген жиыны барысында депутаттар «2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» және «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2025-2027 жылдарға арналған кепіл­дендірілген трансферт туралы» заң жобаларын қарады.

Заң жобалары Президент Жолдауында және оның сайлауалды бағдарламасында, сондай-ақ «Amanat» партиясының сайлауалды бағдарламасында қам­тылған басымдықтарды іске асыруды ескере отырып әзірленді.

Мәжіліс Спикері, «Amanat» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отандық тауар өндірісі мен экспортын ұлғайта отырып, экономиканы әртараптандыру, сондай-ақ орта бизнестің ел экономикасындағы үлесін 15%-ға дейін жеткізу міндетін қойғанын ерекше атап өтті. Адамдардың тұрмысын жақсартуға тікелей әсер ететін осы стратегиялық мақсаттарға қол жеткізу мәселесі Үкіметтің тұрақты назарында болуға және бюджетті дайындау кезінде ескерілуге тиіс.

«Бүгін біз қарастырып отыр­ған заң жобалары алдағы үш жылдағы ел дамуын айқындайды. Бұлар – Президенттің Жол­дауында және оның сайлауалды бағдарламасында қойылған міндеттердің көрінісі. Сондай-ақ осы құжаттарда «Amanat» пар­тиясы сайлаушыларға бер­ген уәделерінің орындалуы да қамтылды. Бұл бағ­дар­ламалық құжаттардың бар­лығы қаржылық тұрғыда толық қамтамасыз етілуге және ең жоғары деңгейде жүзеге асы­рылуға тиіс. Өз кезегінде депутаттар жауапты мемлекеттік органдармен бірге бюджет қаражатының тиімді әрі уақтылы игерілуін мұқият қадағалауы керек. Әр теңге экономиканы әртараптандыруға бағытталуы, азаматтардың игілігі үшін пайдаланылуы қажет», деді Е.Қо­шанов.

Сонымен қатар Мәжіліс спикері «Ауыл аманаты» және «Ауыл – ел бесігі» жобаларын қаржыландыруға қатысты проблемаларға назар аударды, сондай-ақ Президенттің Ұлттық қордан бөлінетін трансфертті азайту туралы тапсырмасын еске салды.

«Алдағы үш жылда Ұлттық қордан бөлінетін трансфертті төмендетудің алғышарттарын көре алмай отырмыз. Бұл – Үкіметтің бюджетті жүйелі жоспарлай алмауының көрінісі. Бюджет кірісін толықтыру резервін тиімсіз шығындарды оңтайландырудан және болашақ ұрпақтың қаражатын пайдалануды барынша азайтудан іздеу керек. Ең бастысы, Пре­зидент айтқандай, жаңа табыс көздерін іздеп, инвесторларды экономиканың түрлі саласына белсенді тарту қажет», деді ол.

Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров жос­парлы кезеңде Ұлттық қордың таза валюталық активі болжам бойынша 2025 жылы 62,2 млрд долларды және 2026-2027 жылдары 69,9-78,7 млрд долларды құрайтынын атап өтті. Ал 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджетке кепілдендірілген трансферт мөлшері жыл сайын 2 трлн теңге көлемінде айқындалды.

Өз кезегінде Қаржы министрі Мәди Такиев республикалық бюджетке түсетін түсімдер көлемі болжам бойынша 2025 жылы – 21,7 трлн теңгені, 2026 жылы – 19,4 трлн теңгені, 2027 жылы 20,9 трлн теңгені құрайтынын жеткізді. Алдағы жылғы бюджет шығыны был­тырғымен салыстырғанда 1,7 трлн теңгеге ұлғайта жос­парланып, 25,8 трлн теңгені құ­рап отыр. Бұл ретте 2025 жылы әлеуметтік салаға 9,8 трлн теңге бағыттау жоспарлануда. Бұл жалпы шығындар көлемінің 38%-ын құрайды.

Мәжіліс депутаты, жұмыс тобының жетекшісі Еркін Әбіл парламентшілер бюджет жобасымен жұмыс істеу барысында заң жобаларына 250-ге жуық түзету енгізгенін мәлімдеді. Атап айтқанда, өңірлерде бекі­тілген іс-шараларды іске асыру резервтерінің болуын ескере отырып, көптеген жергілікті жоба бойын­ша қаржыландыру мәселесі қайта қаралды.

«Биыл өңірлер кіріс бойынша өз жоспарын 765 млрд теңгеге асыра орындады. Осылайша, олар жекелеген мәселелерді жергілікті бюджеттер есебінен дербес шеше алады. Бұл ретте депутаттар Президент пен партиямыздың бағдарламаларын, атап айтқанда, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы мен халықты ауызсумен қам­тамасыз ету жобаларын іске асы­ру үшін қосымша 15 млрд теңгеден бөлуді ұсынды», деді ол.

Сондай-ақ Е.Әбіл 2025-2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамында шикізат бағасы мен әлемдік қаржы нарығындағы жағдай тым оптимистік тұрғыда көрініс тапқанын айтты. Атап айтқанда, базалық сценарийді іске асыру шаралары жалпыланған әрі декларативті сипатқа ие, даму бюджетімен байланыспайды.

Фракция жиынында Мәжіліс депутаттары Асхат Ай­ма­ғам­бетов, Ерлан Саиров, Татьяна Савельева, Нартай Сәрсенғалиев, Берік Бейсенғалиев және тағы басқалар сөз сөйледі. Халық қалаулылары Үкімет өкілдеріне сұрақ қойып, толыққанды жауап алды.