Жуырда Қызылжардың «Береке» шағын ауданында ерекше сәулетті, зәулім мешіт бой көтерді. Солтүстік Қазақстан облысы орталығындағы бұл имани орталық еліміздің төрт тарапының бірлігін, сондай-ақ тарихқа адалдықты дәлелдегендей болды.
Оның ашылу салтанатына — Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, «Қаһармандар» республикалық қорының президенті Сабыр Қасымов, Қазақстанның құрметті судьясы, заңгер Бекет Тұрғараев, ҰҒА академигі Дихан Қамзабекұлы, филология ғылымдарының докторы, алаштанушы Тұрсын Жұртбай, әлихантанушы, РhD Сұлтан Хан Аққұлұлы, филолог ғалымдар, Тарих және этнология институты директорының орынбасары, тарихшы-ғалым Жомарт Жеңісұлы, алаштанушылар Сағымбай Жұмағұлов, Қайырбек Кемеңгер, Солтүстік Қазақстан облыстық ішкі саясат басқармасы бастығының орынбасары Кемел Оспанов, ақсақалдар, қоғам белсенділері, журналистер және т.б. танымал азаматтар қатысты.
2021 жылы Астанада Алаш қайраткерлеріне арнап ескерткіш ашылғанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Алаш — халқымыз үшін қасиетті ұғым. Өткен ғасырдың басында ұлтымыздың бас көтерер азаматтары Алаш идеясының төңірегіне бірікті. Олар елінің азаттығы мен өркендеуі жолында қызмет етті. Халықтың рухын оятып, санасына сілкініс әкелді. Жеріміздің тұтастығының сақталуына ықпал етті. Төл әдебиетіміз бен мәдениетімізді бұрын-соңды болмаған деңгейге көтерді. Өркениетті зиялылықтың негізін қалады. Алаш арыстары заманның сын-қатеріне қарамай, Қазақ елінің мемлекетшілдік идеясын жаңғыртты», деген еді. Мына руханият ордасы – Президенттің сол сөздерін жаңғыртып, Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан мен ұлт зиялылары рухына бағышталып салынған мешіт. Сондықтан да оның ашылуына еліміздің атақты алаштанушы азаматтары қатысты. Бұл шағын аудан кезінде «Бензострой» аталып, тұрғындармен қатар қаланың жанар-жағармай қоймалары орналасқан өндірісті аумақ болатын. Тәуелсіздіктің кейінгі жылдарында ол жаңғырып, жаңа үйлер түсіп, сәулетті құрылыстар бой көтеріп, аты да «Берекеге» өзгерген еді.
Белгілі ғалым, әлихантанушы Сұлтан Хан Аққұлұлының зерттеуінше, 1916 жылғы «Июнь жарлығымен» майданның қара жұмысына алынған қазақтың 19 бен 31 жастағы жігіттерінің тағдырына жаны ашып, Әлихан өзі бастап, Петербург, Мәскеу, Қазан қалаларында оқып жүрген қазақ жастарын да бұл іске шақырып, тіл білмейтін қандастарымыздың арасына барып, тілмәш рөлін атқаруды, тамағы мен киімдерінің, жатын орындарының дұрыс болуын қадағалауды, ауырғандарының емделуін ұйымдастыруды тапсырады.
Қалың ел, қазақ даласы Әлиханның майданға барған жастарды қорғаған ерлігін жоғары бағалады. «Қазақ» газетінде Қарқаралы өңірі жігіттерінің атынан Азнабай Сәбекұлы деген азамат Әлиханның ісіне алғысын айта отырып, «оқыған жас қазақтарға ұран шақырып, жұмысқа алынған бауырларына бас-көз болуға басшы болған Әлихан мырзаның атына бір белгі қалдыруға жәрдем жиып, бір сенімді кісінің қолына тапсырып жатырмыз», деп жазады. Осындай ойлар еліміздің барлық түкпірінде айтылып, сол кездегі ұлт зиялылары Мәшһүр Жүсіп, Әріп ақын, Көкбай, Сұлтанмахмұт, Мағжан, Қошке, Смағұл, т.б. қолдап, үн қосады. Бәрі де Әлиханның атына бір мешіт немесе мектеп, медресе салуды, оның атынан бір стипендия тағайындауды қолдайды. Шәкәрім Әлиханның ерлігіне ескерткіш орнатуды «ар қарызы» деп атаған. Алайда сол кездегі аумалы-төкпелі заман бұған мұрсат бермеген. Ал Президент Қ.Тоқаев Әлиханның қайраткерлігі туралы: «ХХ ғасырдың басында Әлихан бастаған қазақ зиялылары ұлттық мүдде жолында аянбай еңбек етіп, мемлекетшілдіктің озық үлгісін көрсетті», деп жазған еді.
Әлиханның атын ардақтауға еліміз тек Тәуелсіздік алған жылдарда ғана қол жеткізді. Қазір еліміздің барлық қаласында дерлік оның атында аудан, көше, оқу орындары, ескерткіш, алаңдар бар. Алаш ардақтыларының бәрінің табаны тиген Қызылжарда да 2019 жылы осы «Береке» шағын ауданында Ә.Бөкейхан атындағы жалпы білім беретін орта мектеп ашылды.
Алаш көсемінің ардақталып, жарқын есімінің өскелең ұрпаққа танылуына үлкен үлес қосып жүрген азаматтардың бірі – Шымкент өңірінен шыққан белгілі кәсіпкер, меценат, техника ғылымдарының кандидаты, «Отырар-Чарити» қоғамдық қайырымдылық қорының басшысы Әбдімәжит Сыздықбек. Ол Әлиханның есімін ұлықтау еліміздің терістік қақпасында кемшін екенін ескеріп, «Береке» шағын ауданына Әлихан орталығын, ортасына Әлихан мешітін салмақ болып іске кіріседі. Оны бұл іске қамшылаған жоғарыда айтқан Шәкәрімнің «ар қарызы» деген мақаласы екен. Мешіттің ашылу салтанатында өзінің аруақ алдындағы парызын орындағанын айта келіп, Әбдімәжит Саттарұлы: «Бұл мешітті еліміздің оңтүстік өңірі халқынан солтүстіктегі ағайынға сыйлық деп қабылдаңыздар!» деді. Сонымен бірге ол қаладан жер алуда, түрлі кедергілерді еңсеруде Солтүстік Қазақстан облысының бұрынғы әкімі Айдарбек Сапаровтың көмек қолын созғанына ризашылығын білдірді. Сөйтіп, жаңа мешіттің бір сипаты – еліміздің түстігі мен терістігін жақындатқандай болды. Бас мүфти Наурызбай қажы киелі Қызылжар өңірінде ежелден мешіт, медреселердің көп болғанын ауызға алды. «Атақты Науан қазірет, Мәшһүр Жүсіп, т.б. дін қайраткерлері Қызылжар медресесінен білім алған. Әрбір мұсылман үшін ізгі амалдардың бірі – мешіт салу. Мешіт мұсылман қауымын бірлікке үндеп, ізгі істерге ұйытады», деді. Республикалық «Қаһармандар» қорының президенті Сабыр Қасымов Әлихан мешітінің ашылуы кезекті іс-шара емес, халқымыздың қаһарман перзентіне деген құрметі мен ықыласы. Ол осыдан 110 жыл бұрын салынуға тиіс еді. Өкінішке қарай, қазақ жеріне сырттан таңылған большевиктік төңкеріс пен азамат соғысы салдарынан мешіт салынбай қалды, дей келіп ол: «Алғашқы білімін молдадан алған Әлекең сынды Алаш зиялылары мұсылмандықтан айырылған жоқ. Дәстүрлі дініміз қазақты ғана емес, исі түрік халықтары бірлігінің сақталуына қызмет етті. Сондықтан да Алаш зиялылары большевиктердің дінсіздік саясатына қарсы тұрды», деді. Одан әрі шешен өзі қызмет істейтін Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі Мемлекеттік комиссияның жұмысы барысында Әлиханның өз халқына, Отанына биік дәрежеде адал қызмет етудің үлгісін көрсетіп, ұлы ерлік жасағандығына көзі жеткенін айтты. «Оның ісі қазіргілерге де, болашақ ұрпаққа да, әсіресе саяси лидер боламын деген тұлғаларға үлкен үлгі-өнеге. Ол азаттық туын көтеріп қана қоймай, ұзақ ғасырларға созылған отаршыл саясаттан әбден қалжыраған, жаншылған халқын бостандық жолындағы күреске жұмылдыра білді. Шөгіп қалған халқының еңсесін көтерді. Ұлттық мемлекеттіліктің жандануына, егеменді Қазақ мемлекетінің құрылуына дейін жеткізді», деді. Сонымен қатар Сабыр Ахметжанұлы: «1917 жылғы Ақпан төңкерісінен кейін Әлихан Ресейді демократиялық мемлекетке айналады деп үміттеніп, оның Федеративті демократиялық республика құру идеясын қолдап, Ресейдің демократиялық мемлекет болуына көмектескісі келді. Демократиялық Федерация шеңберінде тәуелсіз мемлекеттің әлеуметтік, саяси және өзге де негіздерін жасауды мақсат етті», деді. Алайда Петроградтағы мемлекеттік төңкерістен соң большевиктер 1917 жылы 25 қазанда Ресейдегі билікті басып алып, диктаторлық билік орнатқаннан кейін Әлихан өзге де Алаш зиялыларымен бірге 1917 жылы 5-13 желтоқсанда Орынбор қаласында жалпы қазақ съезін (құрылтай) ұйымдастырып, республикалық үлгідегі Алаш егеменді автономиясын құрып, Ә.Бөкейхан басқарған Алашорда ұлттық үкіметі сайланғанын айтты. С.А.Қасымов: «Мемлекеттік комиссия ғалымдары мен сарапшылары бұрын қолжетімсіз болған архив деректерін, әсіресе бұрын зерделенбеген өңірлік архив мәліметтерін талдау негізінде Ә.Бөкейхан басқарған «Алаш» партиясы мен Алаш Орда үкіметі дәуірі – қазақ халқының ұлттық Ренессанс дәуірі болды деген қорытындыға келді. Егер де, демократиялық, бейбіт сайлау болған жағдайда, «Алаш» партиясы Қазақстанда кез келген саяси күшпен, соның ішінде большевиктік-коммунистік партиямен бәсекеге түсіп, жеңе алатын еді. Біздің ғалымдарымыз бен сарапшыларымыз Ә.Бөкейханның мемлекеттік саяси қызметін жоғары бағалап, халықтың нағыз ағартушы көсемі, өзінің негізгі стратегиялық бағдарламалары мен мақсаттарынан ешқашан айнымаған табанды көзқарасын өзгертпей, даналық пен тактикалық икемділік үлгісін көрсеткен дана адам деп санайды», деп сөзін қорытты.
Ұлт мүддесі жолында белсенді қызмет атқарып жүрген Бекет Тұрғараев «Кешегі көсемдеріміз «Оян, қазақ!» десе, бүгінгі қазаққа «Ойлан, қазақ!» деуіміз керек. Мемлекеттігімізді, ұлттығымызды, имандылығымызды, мұсылмандығымызды сақтау үшін біз әлі көп жұмыс атқаруымыз керек. Жаһанданудың жағымсыз әрекеттеріне жыртылып кетпей, ұлттық дәстүрімізді, тілімізді, діліміз бен дінімізді сақтай білуіміз керек. Соны сақтаудың берік қорғаны – ашылып жатқан мешіт», дей келіп, оны тұрғызған Әбдімәжит Сыздықбекке ризашылығын білдірді.
«Береке» шағын ауданына салынған бұл мешітке «Береке мешіті» деген ресми атау берілді. Сыртына Әлихан Бөкейхан рухына арналып салынған мешіт екені жазылған тақта ілінген.
Имандылық ордасының тағы да бір елдік сипаты – ішінде «Алаш кітапханасы» бөлмесінің жабдықталуы дер едік. Мұнда отандық құнды зерттеулер мен мұралар жинақталыпты.
Шымкент қаласындағы №90 мектеп оқушылары жасаған Тайқазанның көшірмесі
Жалпы, жиын барысында қазақ елінің, солтүстік өңірдің имани береке-бірлігі көп айтылды. Стратегиялық маңызы бар аймақта дінаралық татулық та, этносаралық ынтымақ та аса керек. Соның ішінде ұлт бірлігі маңызды. Бұйырса, еліміздің әр өңірі азаматтары теріскейге меценат Ә.Сыздықбек мырзадай үлес қосып жатса, бұған ел бек қуанады.
Сонымен Қызылжарда ауыз толтырып айтарлық, аса сәулетті бір діни орталық бой көтерді. Онда ғибадат етуге де, көруге де, ішіндегі Тайқазанның көшірмесін ұстауға да ұмтылатын адамдар легі азаяр емес. Ал Тайқазанның бұл көшірмесін Шымкент қаласының №90 мектебінің оқушылары өз қолымен ағаштан жасап, Ясауи кесенесінің нақ өзінде соңғы сәйкестендіру жұмыстарын аяқтап, Қызылжар өңірі жаңа мешітіне сыйға тартты. Мешіттің имамы болып Абылай Құрсақов тағайындалды. Ол бұрын осындағы ескі мешіттің имамы еді. «Береке» шағын ауданындағы Алаш рухына бағышталып тұрғызылған мешіт берекеге бастайды деп сенеміз.
ПЕТРОПАВЛ