Жақында білім саласындағы үздік жетістігі үшін Мемлекет басшысынан марапат алған мұғалімнің көңілі босап, көз жасына ерік берген сәті әлеуметтік желіде кеңінен тараған еді. «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атанған Абибулла Мыңасарұлы – қырық жылдан астам еңбек өтілі бар ағылшын тілі пәнінің мұғалімі.
Мемлекет басшысы Абибулла Жакудаевпен қатар 24 мұғалімге «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағын тапсырды. Сонда Президент мұғалімнің мәртебесі қашанда бәрінен биік екенін айта келіп: «Ұлы тұлғалардың өзі ұстазының алдында шәкірт болып қала береді. Бір сөзбен айтсақ, барша жетістіктің бастауында ұстаз тұр. Ұлттың болашағы – ұстаздың қолында. Менің мақсатым – ұстазды қоғамымыздың басты кейіпкері ретінде дәріптеу. Мұғалімдердің табанды еңбектері ерекше құрмет пен жоғары марапатқа лайық», деді.
Алты жүзден астам оқушыны олимпиадаға дайындап, талай таланттың томағасын сыпырған Абибулла Мыңасарұлы осы күні Түркістан облысы, Ордабасы ауданы, Темірлан ауылындағы Шоқан Уәлиханов атындағы мектеп-гимназияда қызмет етеді.
– Бұл атақ – мен үшін тек жоғары марапат емес, ең әуелі үлкен жауапкершілік. Еткен еңбектің еленгені, әрине, көңіл қуантады. Сондай-ақ мағыналы қызметті жалғастыруға құлшынысымды арттырды. Ұшақтан түскен сәтте қуанышымды бөлісуге келген әріптестерімнің, шәкірттерімнің жанарындағы отты көріп, өткен күндер естелігі жүрегімді тербеп, көзімнен жас болып ыршып шықты. Ол сезімді сөзбен айтып жеткізу тіпті мүмкін емес. Жиырма жыл бұрын анам мен зайыбым өмірден озды. Одан кейін отау құрмадым. Қос қызымды қос қарашығымдай сақтап, өсірдім. Соның бәрі сол сәтте ойға оралып, көңіл толқытқаны рас, – дейді А.Жакудаев.
Тағдырдың тауқыметіне тайсалмаған Абибулла Мыңасарұлы бұл күні талай шәкірттің сүйікті ұстазы. Кәсіби маман әр баланың жүрегінен орын тауып, пәнге деген қызығушылығын оятудың өзі тәжірибемен келетінін айтады.
– Еңбек жолын енді бастаған педагогтерге айтар басты кеңесім – осы бастан оқытуды тек ақпарат жеткізу деп қарамай, оқушылармен тығыз байланыс орнатып, әрқайсысының жеке ерекшелігін ескеру қажет. Жүсіп Баласағұнның «Әрбір бала – бір жұлдыз, жарқырауына жәрдем ет» дегені осындайда ойға оралады. Сондықтан ұстаз шәкірттеріне әркез жылы шырай мен шыдамдылық танытып, ізденіс үстінде жүруге тиіс. Бала сені мойындамаса, сен педагог емессің. Ол мойындау жақсы сабақ беруіңмен ғана келмейді. Сөйлеу мәнеріңнен бастап, жүріс-тұрысың, ой-өрісің бәрі көзге көрінбей, балаға сіңіп жататын рухани нәр. Соның бірінен құр алақан болсаң, ұстаздық тұлғаңа мін. Әрбір баланың ішкі жан дүниесін түсіну, қолдау көрсету, қажеттіліктеріне назар аудару арқылы жасөспірімдердің бойындағы агрессияны азайта аламыз. Жақсы оқушыны жанымдай көретін әдетім. Қиын класың қимас класыңа айналатын кездер де болады. Азамат болып, өмірден өз орнын тапқан оқушыларыңды көргенде, бойыңды қуаныш билеп, мәз боласың. «Еңбек еш кеткен жоқ» дейміз осындайда. Әлі күнге дейін өзімнің Болат Қожагелдиев, Руслан Кенжебеков, Бақытжан Төреханов сынды оқушыларыммен мақтанамын. Олар қазір әлемдік компанияларда беделді қызмет атқарады, – деді ол.