«Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) сотында жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан «AIFC Court Moot» студенттік сот үдерісінің биылғы байқауы өз мәресіне жетті. Бұл байқаудың бір артықшылығы оған АХҚО сотының аға судьялары төрелік етеді. Олардың ішінде биыл АХҚО сотының төрағасы, былтырға дейін Ұлыбритания корольдігінің құрамындағы Англия мен Уэльс Жоғарғы сотының төрағасы қызметін атқарған әйгілі ағылшын судьясы Мэлдон лорды Бернетт те болды.
Іс-шараға құрметті қонақ ретінде Президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаев, еліміздегі Ұлыбритания елшісі Кэти Лич, Конституциялық соттың судьясы Айгүл Қыдырбаева, сондай-ақ Әділет министрі Азамат Есқараев, Жоғары сот кеңесінің жанындағы Сот төрелігі академиясының өкілдері шақырылыпты.
Жалпы, «AIFC Court Moot» – ағылшынның жалпы құқық дәстүріне негізделген, студенттер арасында өтетін сот үдерісінің үлгісіндегі байқау. Сот үдерісіне өмірде болған оқиғаның ойдан құрастырылған нұсқасы кейс ретінде алынғаны болмаса кәдімгі тартысқа толы отырыс өтеді. Осындай қызықты іс-шарада Қазақстан мен Еуразия өңірінің дарынды студент-заңгерлері жиналып, олар АХҚО соты судьяларының алдында өз білімі мен машығын барынша көрсетуге тырысады. Үдеріс бастан-аяқ ағылшын тілінде өтеді.
Бұл жолғы болашақ заңгерлердің байқауында Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан елдерінің 12 университетінен студенттер бақ сынады. Олар сот үдерісінің симуляциясы барысында ойдан шығарылған іс бойынша өз дәлелдерін дайындап, АХҚО сотының аға судьяларының алдында қорғады. Байқаудың финалдық бәсекесіне қатыса отырып, бұл жоба – болашақ заңгерлерге заңды талдау, құқықтық ұстанымдарын қалыптастыру және көпшілік алдында сөйлеу дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік беретін маңызды тәжірибелік алаң екеніне көз жеткіздік.
Байқаудың финалына алдыңғы кезеңдерде көрсеткен жақсы нәтижелерімен дараланған астаналық Мақсұт Нәрікбаев университеті мен алматылық КИМЭП студенттері шықты. Еліміздің екі танымал жоғары оқу орны студенттерінің финалдық сот сайысын АХҚО сотының төрағасы Мэлдон лорды Бернетт және АХҚО сотының басқа да аға судьялары бағасын берді. Байқаудың финалында командалар Астанада өткен Дүниежүзілік көшпелілер ойынын және ашылу салтанатын цифрлық жабдықтауға кеткен қыруар қаржының дұрыс игерілмеуіне қатысты іс бойынша АХҚО сотының бірінші инстанциясының ойдан шығарылған шешіміне шағымданып, ауызша уәждерін келтірді.
Байқау қорытындысында жеңімпаз кубогі Мақсұт Нәрікбаев университеті студенттеріне бұйырды. Ал соңғы турға өткен барлық студент АХҚО және ХТО сотында тағылымдамадан өту мүмкіндігіне ие болды.
Жыл сайын Қазақстан мен Еуразия өңірінен жүздеген студент АХҚО соты мен ХТО ұйымдастыратын сот, арбитраж және медиация үдерістерінің байқауларына қатысып тұрады екен. Қысқасы, бұл байқаулар өңірдегі іскерлік және заң қауымдастығының дамуына үлес қосып, АХҚО соты мен ХТО-ны халықаралық коммерциялық дауларды шешудегі жетекші институт ретіндегі беделін арттыра түспек.
АХҚО және ХТО сотының тіркеушісі және аппарат басшысы Кристофер Кэмпбелл-Холт АХҚО соты студенттік сот үдерісі байқауы жеті жыл қатарынан өткізіліп, қатысушы университеттердің оқу бағдарламасының ажырамас бөлігіне айналғанын мақтан тұтатынын жеткізді.
– Осындай байқауларды өткізу арқылы біз заңгер студенттерге нақты сот істерінде клиенттердің мүдделерін қорғау үшін адвокаттардан талап етілетін жалпы сот жағдайындағы ауызша адвокатура машықтарын үйренуге және қолдануға бірегей мүмкіндік береміз. Студенттердің деңгейі жыл сайын жоғарылап келеді. Біз Еуразиядағы таңдаулы халықаралық коммерциялық сот ретінде негізгі серіктестерімізбен және заң қауымдастығымен тығыз қарым-қатынас қалыптастыруды жалғастырып келе жатқандықтан, бұл – студенттер үшін де, біздің сот үшін де маңызды байқау, – дейді К.Кэмпбелл-Холт.
Ал жеңімпаз команданың мүшесі Дарина Қойшыбаева да АХҚО сотының студенттік сот үдерісі байқауына қатысу өзінің заңгерлік мансабындағы құнды қадам болғанын мақтанышпен жеткізді.
– Бұл байқау менің ауызша адвокаттық дағдыларымды жетілдіріп қана қоймай, сонымен қатар заң саласында табысты жұмыс істеуге қажетті төзімділік пен кәсібилікті дамытуға көмектесті. Бұл тәжірибе менің дауларды шешу саласына деген ынтамды одан әрі нығайтты және мен бұл дағдыларды болашақта қолдану мүмкіндігін асыға күтемін, – дейді Мақсұт Нәрікбаев университеті командасының өкілі.
Жалпы, бұл байқау заңгер мамандығына ие болуға ұмтылатын студенттерге халықаралық деңгейде баға жетпес тәжірибе берді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бүгінде байқаудың өткен жылдардағы финалистері отандық және шетелдік заң фирмаларында, бизнесте, мемлекеттік органдарда, академиялық ортада жоғары лауазымдық заңгерлік қызметтерді атқарып жүр.