Ауыл тұрғындары күрт азайып, қартайып бара жатыр. Кейінгі бес жылдың ішінде өңірде 13 ауыл жабылған. Зеренді ауданына қарасты Қарлыкөл ауылындағы қос қабатты, еңселі мектеп сатылғалы жатыр деген суыт хабар жеткеннен кейін ізін суытпай іле бардық. Сатылымға шығарылғаны рас екен. Жаңа оқу жылында 19 оқушы қалғаннан кейін білім ошағы жабылған. Бұған дейін ауылдың ортасындағы клуб, балабақша сатылып кеткен. Ендігісі жүзге жуық отбасы тұратын, етек-жеңі кең пішілген ауылдағы көзге түсетін жалғыз ғимарат – осы мектеп.
Ел болашағын ойлаған ауыл тұрғындары: «Күндердің бір күнінде ауыл қайта түлесе, мектеп керек емес пе?» дейді. Абырой болғанда сол күні өткізілген сатылымда мектеп үйін жергілікті «Ақшабай» серіктестігі сатып алыпты. Серіктестік басшыларының айтуына қарағанда, халықтың қалауына орай мектептің мұрты бұзылмай, осылай тұрмақ. Арнайы күзетші қоймақ. Әйтеуір, бір жақсылық боларына сеніп, үміт етеді.
Қарлыкөл ауылы тасжолдың бойында. Көкшетау қаласынан небәрі 50 шақырым жерде. Ауыл үстінен Имантау, Шалқар бағытындағы курортты аймақтарға қатынайтын теп-тегіс жол өтеді. Тұрған жері де әсем, табиғаты тамылжыған, нулы-сулы көрікті аймақ. Ауыл іргесінен басталатын қайың-теректі орман сыңсып тұр, белуардан келетін шалғын, су көзі де мол. Тіршілік етуге қолайлы-ақ жер. Әттең, өтпелі кезеңнің өкпек желі қос бүйірден қысқан кезде жастардың дені, бәлкім түгелге жуығы жайлы жер іздеп облыс орталығына, Астанаға қоныс аударған. Қазір жергілікті серіктестікте жұмыс істейтін ауыл тұрғындарының саны саусақпен санарлық.
Биыл облыста 9 мектеп жабылды. Демек ауылға демеу болып тұрған негізгі жұмыс көзі санатындағы мектептердің жабылуы себепті, тоғыз ауылдың тағдыры қыл үстінде тұр деген сөз.
«Ауылдың алпыс екі тамырына қан жүгірту үшін алдымен мал өнімдерін сатып алуды жолға қою керек, – дейді Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Әлиев. – Мен бұл мәселені алқалы жиындарда ұдайы айтып, көтеріп жүрмін. Талдап көрелік. Төрт түлік малдың сүмесімен күн көріп отырған ауыл тұрғындары мал өнімдерін нарық бағасымен сата алмайды. Ең басты мәселе осы. Жалғыз Қарлыкөл емес, іргедегі Ақан, Баратай ауылдары да дәл осындай күй кешіп отыр. Жасыратыны жоқ, ауыл тұрғындары үдере көшіп жатыр. Жыл бойы бейнетін белден кешіп баққан малының игілігін көре алмағаннан кейін жүдеп қалғаны да рас. Егер сүтін, етін сатып алуды ұйымдастырса, ауыл тұрғындары жүдемес еді. Малсақ қауым төрт түліктің тілін тауып отырғанымен, нарықтық қатынастың тілін әлі үйрене алмай келеді. Осы арада алыпсатарлардың пайда тауып отырғанын жаңалық болмаса да айта кетелік. Солардың барлығы бірдей салық төлемеуі де мүмкін. Егер ауылға жанымыз ашыса, онда осы мәселені жергілікті билік жолға қоюы керек».
Шалғайдағы шағын ауылдарда тұрақты табыс табатын жұмыс көзінің қат екені белгілі. Серіктестіктері мен шаруа қожалықтары егін шаруашылығымен айналысады. Әйтсе де, бұл жеткіліксіз.
«Ірі серіктестіктер жер игілігін көріп отырғаннан кейін егін ғана емес, мал шаруашылығымен де айналысуы керек, – дейді еңбек ардагері Еркеш Әленов. – Мысал үшін айта кетейін, бес мың гектар жер егетін болса, бес жүз бас мал бағатын болсын. Мұны міндеттеу керек. Әйтпесе, көптеген серіктестік көктемде дән сеуіп, күзде өнімін жинап алады. Ауыл тұрғындары пай үлесін алғанымен, бұл жай қолтықтарынан демейтін демеу бола алмай отыр. Егер серіктестіктер мал бақса, ауыл тұрғындарының біреуі бақташы болар еді, енді біреуі жемшөбін дайындар еді. Осылайша, жыл бойы тұрақты жұмыс көздері ашылар еді. Механизаторлар көктемгі егіс кезінде бір ай, күзгі егін орағы кезінде бір ай жұмыс істейді. Қалған уақытта олар да қол қусырып қарап отырады. Ауылдың алға басқан қадамын кері кетіріп тұрған осы жайт».
Өзекті тақырыпты қаузап, тілдескенімізде ауылдың басына үйірілген бұлттың қоюлануы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарымен тұспа-тұс келетінін аңғардық. Қыс бойы жолдың тазаланбауы, ауызсудың болмауы, жұмыссыздық титықтарына жеткен.
«Тағы бір маңызды мәселе, балалардың білім алуы, – дейді Зеренді ауданындағы «Қараөзек» ЖШС басшысы Нартай Ысқақов. – Облыстық мәслихаттың депутаты болған кезімде халықтың жағдайымен жете таныстым. Ауылдың қалаға көшуі тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында басталған. Ауыл халқын толғандырып отырған мәселе – балалардың заман талабына сай білім алуы. Ауыл мектебі мен қала мектебінің арасындағы айырмашылық жойылуы керек. Әркім де балаларының болашағын ойлайды ғой. Ауыл балаларының қаладағыдай спортпен, өнермен айналысуына, қосымша білім алуына мүмкіндік тудыру керек. Қаншама жағдай жасалып жатқанымен, білікті мамандар ауылға бара бермейді. Міне, менің ойымша ең басты мәселе осында.
Кейінгі жылдары ауыл халқына біршама мүмкіндік ашылды. Облыстық және жергілікті маңыздағы жолдар жөнделіп жатыр. Ауыл әкімдіктері жолды қыста қардан тазалауға бар күш-мүмкіндігін жұмылдырады. Бұл тарапта өткен уақытпен салыстырғанда ауыз толтырып айтарлық жұмыс бар.
«Биыл жергілікті маңыздағы жолды салуға және жөндеуге 71,5 млрд теңге қаражат қарастырылған, – дейді облыстық Жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Владимир Кулаков. – Бұл тарапта 130 жоба жүзеге асырылмақ. Бөлінген қаржының 20,4 млрд теңгесі – республикалық бюджеттен, 46,4 млрд – облыстық бюджеттен, 4,7 млрд аудандық бюджеттен бағытталып отыр.
Бар жұмыс тиянақты жүзеге асырылған кезде 500 шақырым жол жөнделмек. Құрылыс-монтаж жұмыстары «Жергілікті маңыздағы автомобиль жолдарының құрылысы және жөндеу», «Астана қаласы маңындағы елді мекендерді әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді бағдарламасы», «Өңірлерді дамыту», «Ауыл – ел бесігі», «Щучье-Бурабай курортты аймағын дамыту» тәрізді бірнеше бағдарлама арқылы жүзеге асырылып жатыр. Облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының құрылысы және жөндеу бағдарламасы шеңберінде осы жылы жалпы құны 20,4 млрд теңге болатын 23 жоба жүзеге асырылмақ. Өңірде күрделі және орташа жол жөндеу барысындағы ірі жобаларды жүзеге асыру жалғасын табады.
Әртүрлі бағдарлама аясында ауылға мамандар да барып жатыр. Осы орайда ауыл медицинасының ахуалын жақсартуға «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» қанатқақты ұлттық жобасы мен «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының шарапаты тиіп отырғанын айта кетуіміз керек. Өткен жылы жөндеу жұмысын қажет ететін 14 нысанға 2,2 млрд теңге қаражат бөлінді. Оның ішінде «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 960 млн теңге қарастырылған. Ойға алған шаруаның оңынан оңғарылғанын нақты деректермен өрнектей кетелік. Төрт жоба сәтімен аяқталып, құрылысшылар қалағынан жаңа шыққандай жұтынған ғимараттар ел игілігіне беріле бастады.
Ел пікірін екшеп сараптасақ, ең бастысы, балаларының болашағына алаңдаулы. Ауыл мектебі мен қала мектебінің арасындағы айырмашылық жойылса, ауыл балалары да сыбағасынан құр қалмаса дейді. Одан кейін жұмыс орындары ашылса, мал өнімдерін бұлдап сата алсақ дейді. Міне, осы мәселелер шешілсе, шағын ауылдардың да шырайы кіріп қалмақ.
Ақмола облысы