Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігінен хабарланды, деп жазады Egemen.kz.
Келесі жылғы суару маусымына су жинау режимінде жұмыс істеп жатқан оңтүстік облыстарда су қоймалары 55 %-ға толы, бұл – былтырғымен салыстырғанда 23%-ға артық. Бүгінде су қоймалары солтүстікте 79%-ға толы, батыс облыстар бойынша орташа су жинау көлемі 44%, шығыста 89%-ға толы болса, Орталық Қазақстандағы су қоймаларында 85% су бар.
«Барлық су қоймалары бекітілген кестеге сай жұмыс істеп жатыр. Алайда, жұмыс кестесі су тасқынына қатысты болжамдарға байланысты түзетілетін болады. Су тасқыны кезеңіне дайындық шеңберінде министрлік барлық облыстарға су басу қаупін азайту жөніндегі іс-шаралардың тиімділігін арттыратын жерснарядтар секілді мамандандырылған техниканы пайдалана отырып, өзен арналарын тазарту жөнінде ұсыныс жіберді», деді министрліктің ресми өкілі Мөлдір Әбдуалиева.