• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Таным 31 Қазан, 2024

Ғалам ғажаптары: Ақылды көзілдірік

120 рет
көрсетілді

Гарвард студенттері кез келген адам туралы бірнеше минут ішінде мәлімет жинай алатын ақылды көзілдірік жасап шығарды.

Көзілдірік адамды суретке түсіріп, Pimeyes сервисі арқылы оның бетін таниды. Содан кейін интернеттегі дереккөздерден ақпарат жинап, талдап, негізгі мәліметтерді береді. Студенттер сынақ барысында көзіл­дірік адамның аты-жөні, мекенжайы, туыстарының телефон нөмірі сияқты жеке ақпаратын бірнеше минут ішінде тауып бергенін айтады. Бір қызығы, бұл жоба технологияның қаншалықты қауіпті бола алатынын көрсету мақсатында ғана жасалған. Сондықтан олар кодты жарияламайтынын мәлімдеді.

 

Қолдан өсірілген асыл тас

Ең қымбат рубин тасын енді қолдан өсіруге болады.

Батыс Англия университетінің зерт­теушісі Софи Бунс платина сақи­насында рубин өсірудің жаңа әдісін ойлап тапты. Бұл инновациялық технология зергерлік бұйымдардан қалған рубин бөлшектерін толыққанды асыл тасқа айналдырып, металл конструкциясына біріктіруге мүмкіндік береді. Әзірлеуші кішкентай рубин фрагментін платинаға орналастырып, тас өсімін жылдамдату үшін алюминий оксидінің балқу температурасын төмендететін флюсті ерітіндіні қолданған. Материалдар пеште 5-тен 50 сағатқа дейін ұсталады. Бунстың айтуынша, уақыт неғұрлым ұзақ болса, крис­тал соғұрлым таза және ірі болады. Бұл әдіс табиғи тастардан кем емес жасанды асыл тастар жасауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ қоршаған ортаға зиян келтірмей, зергерлік бұйым өндірісін дамытуға жол ашады.

 

Нұх кемесіне апаратын жол

Ғалымдар 3 мың жыл бұрын жазыл­ған әлемнің ең көне картасындағы құпияны ашты.

Олар картадағы суреттер Нұх кемесіне апаратын жолды бейнелейді деп есептейді. Зерттеушілердің сөзінше, картаның артқы жағында «парсикту» деген жұмбақ орынға апаратын «кілт сөздер» бар. «Парсикту» (parsiktu) деген сөз ұлы су тасқыны кезінде өмірді сақтаған қайықты білдіреді. Сондай-ақ мәтінде «Урарту» сөзі де кездеседі. «Урар­ту» сөзі ассириялық тілде «Арарат» тауының атауы, ал еврей тілінен аударғанда «таулар» дегенді білдіреді. Библиядағы аңыз бойынша Нұх пайғамбар дәл сол жерде өзінің кемесін қалдырған. Картаның артындағы мәтінде саяхатшы көрсетілген бағдармен жүр­се, таудағы алып кемеге тап болатыны айтылған.