Мәжілістің өткен аптадағы жалпы отырысында көлікпен жолаушылар тасымалдау саласына, әсіресе такси қызметін реттеуге қатысты заң жобасы қаралған еді. Осы өзекті мәселенің жай-жапсарын жіпке тізіп, депутаттар алдында Көлік министрі Марат Қарабаев заң жобасын баяндады. Бірінші оқылымда-ақ депутаттардың сынына ұшыраған бұл заң жобасының қорытындысын әзірлеу екінші оқылымға қалдырылған.
Бірден тоқ етерін айтсақ, егер осы заңнама қабылданатын болса, елдегі такси қызметін ұсынушылар бұдан былай өзін-өзі реттеуге қатысудан тыс жұмыс істей алмайды. Яғни бұл заң өзін-өзі реттеуге міндетті түрде қатысу талаптары таксидің ақпараттық-диспетчерлік қызметтерінің, таксиге тапсырыс беретін мобильді қосымшаларының, автовокзалдардың, автостансалар мен жолаушыларға қызмет көрсету пункттерінің қызметтеріне де қатысты болып отыр.
Көлік министрі М.Қарабаевтың айтуынша, құжат такси тасымалын бақылау үшін «Яндекс.Go», «InDrive», «Апару», «Везёт» секілді интернет-агрегаторларды өзін-өзі реттеуге қосылуға міндеттейді. Әйтпесе олардың қызметі заңсыз деп танылады және Қазақстан аумағында қызмет көрсетуіне шектеулер қойылады.
Бұдан былай олар өз қызметін жалғастыру үшін Автотасымалдаушылар палатасы түріндегі өзін-өзі реттейтін ұйымдарға бірігуі керек. Жалпы, бұл өзгерістер жалдамалы жұмыскерлері жоқ жеке тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерге қатысты емес. Яғни заң жобасымен жұмыс барысында депутаттар жалдамалы жұмысшылары жоқ жеке тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерге қатысты такси тасымалын ұйымдастырудың қолданыстағы нормаларын сақтау туралы түзетулер енгізе алған.
Әрине, заң жобасын жалпы отырыста талқылау кезінде де, одан кейін де қоғамның да қызу талқысына қалды. Себебі бүгінде жұмыссыз қалған, не негізгі жұмысынан тыс уақытта бала-шағаға қосымша нәпақа болсын деп қаншама адамның такси қызметімен күнелтіп жүргені белгілі. Ал оларды өзін-өзі реттейтін заңнама аясында бір ұйымның қарамағына кіргізіп, оған тұрақты жарна төлеп тұруға міндеттеу – таксистердің де, халықтың да ашуына тиетін-ақ жағдай.
Депутат Ринат Заитов өткен аптадағы Мәжілістің жалпы отырысында елде кәсіпкерлердің құқығын қорғайтын құрылымдардың онсыз да көп екенін алға тартып, министр М.Қарабаевқа таксистердің қожайынын көбейте бергеннен пайда бар ма екен деген сауалын бағыттаған-ды.
– Қателеспесем, біздің елде кәсіпкерлердің мүддесін қорғайтын бір емес, екі палата бар. Жолаушы тасымалдаушылар да – кіші кәсіпкерлік өкілдері. Неге бұларды да жоғарыда айтқан палаталар басқара салмайды? Әйтеуір бас-басына бір қожайын тауып береміз. Сондықтан біріншіден, таксистерді осыншама отарлаудың қажеті қанша, екіншіден, бұлар өзі шулы қауым, егер таксистер дүрлігетін болса, жауапкершілікті өзіңіз мойныңызға аласыз ба? – деді Р.Заитов.
Сала жетекшісі мемлекеттік органның бірінші басшысы ретінде жауапкершілікті мойнына толық алатынын жеткізді. Ал осы заң жобасын жұмыс топтарында қарау кезінде министрлікке таксистерді де бірнеше рет жинап, бірлесе талқылағандарын айта кетті.
– Шыны керек, алпауыт интернет агрегаттардың қасында олардың құқығын қорғайтын ешкім қалмады. Сондықтан бұл жерде өзін-өзі реттейтін бір ұйымға мүше болған соң, олардың қабылдаған қағидасы аясында, ең алдымен, қарапайым жүргізушілер өздерінің құқығын қорғайтын талаптарды қоя алады және соны талап ете алады. Сол себепті өзін-өзі реттеу ұйымының түпкі көздегені – нағыз қарапайым жүргізушілердің мүддесін қорғау, – деді министр.
Осы ретте өзін-өзі реттеуге қатысудың мүшелік жарнасын заң жобасында көрсетілгендей Автотасымалдаушылар палатасының мүшелері өздері белгілейді. Онда таксиге тапсырыс беру қызметтері мен қосымшалары 2-ден 700 АЕК-ке дейін деп көрсетілген. Осы жерде такси қызметіне қатысты жарна көлемінің өзгелерге қарағанда едәуір көптігі, оны нақты кімнің төлейтіні, расында көп сұрақ тудырды. Бір айта кетерлігі, депутаттардың бастамасымен заң жобасында өзін-өзі реттеуге қатысу жарналарын төлеу бойынша шығындарды қызметкерлерге жүктеуге болмайтыны қарастырылған. Және осы талап заң жобасына норма болып енгізіліпті.
Осы орайда депутат Асхат Аймағамбетовтің биылғы наурыз айында-ақ көлік, жолаушылар тасымалын реттеуге қатысты заң жобасы талқысынан кейін өзінің Телеграмдағы арнасында осы мәселеге қатысты әлі де көптеген сұрақ туындап тұрғанын мәлімдеген еді.
– Мәжіліс қарап жатқан такси жүргізушілері мен тасымалдаушылар үшін міндетті жарналарды енгізу және өзін-өзі реттеуші ұйымдарды (автокөлік тасымалдаушылар палатасын) құру туралы заң жобасы бойынша көптеген сұрақ туындайды. Бұл тасымалдаушылар палаталары кімнің мүддесі үшін құрылатыны, оған мүше болу үшін міндеттелетін жарналарға байланысты такси мен тасымалдау құнының қымбаттауынан басқа не беретіні анық емес. Алдын ала есептеулер миллиардтаған теңге жарналардың жиналатынын көрсетеді (кейбір бағалаулар бойынша, тіпті 10 млрд теңгеден асады). Осыған орай такси жүргізушілері мен тасымалдаушылар үшін міндетті жарналарды енгізбеу туралы түзету бердім, – деген еді депутат.
Ал жақында ғана дәл осы мәселеге қатысты тағы пікір білдірген А.Аймағамбетовтің бұл заңнама төңірегіндегі бұл жолғы қарсылығы алдыңғысына қарағанда қаттырақ шықты.
– Көлік министрлігі 100 мыңдаған таксистен ай сайын ақша жинауды міндеттеу туралы норманы заң жобасында ұсынды. Бірақ бұл такси қызметінің құнын барлық тұтынушы үшін қымбаттатуы мүмкін еді. Олар бұл жарнаны қауіпсіздік үшін қажет деп түсіндірді. Бірақ ондаған млрд теңге біреудің қалтасына түскенде, қауіпсіздік қалай күшейеді? Депутаттар бұл міндетті норманы заң жобасынан алып тастады, бірақ жобаның кемшіліктері мұнымен бітпейді. Иә, тасымалдау саласында проблемалар бар, қауіпсіздік мәселесі ушығып тұр. Бірақ министрлік неге бұл проблемаларды шешпеді? Өзін-өзі реттеу жүйесін атүсті енгізу қауіпсіздік мәселесін шешпейді. Бұл жерде жүйелі көзқарас пен нақты шешімдер қажет. Басқасын айтпағанда, мемлекеттік бақылау мен жауапкершілік, реттеу, монополия қаупі, қауіпсіздік мәселесі бағыттары бойынша сұрақ көп. Меніңше, бұл заң жобасы толықтырулар мен өзгертулерді қажет етеді. Министрлік бақылауды күшейтіп, монополия қаупін азайтып, жүйелі реформалар жүргізуі қажет, – деген А.Аймағамбетов жүргізушілердің әлеуметтік қорғауын жақсарту шараларын да енгізу керегін алға тартып отыр.
Ал 23 қазан күнгі жалпы отырыста министр М.Қарабаевтан кейін қосымша баяндама жасап, заң жобасының қорытындысын оқыған Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Нұртай Сабильянов жұмыс тобына комитеттер мен депутаттардан 151 түзету келіп түскенін, Мәжілістегі барлық комитет осы заң жобасы бойынша қорытындыларын бергенін баяндамасында атап өтті.
Сондай-ақ депутат Мұрат Әбенов бұл өзін-өзі реттеу заңнамасы ақпараттық ашықтық, бәсекелестік тұрғысынан елімізге керек екенін жеткізді.
– Саланы реттеуге де оңай болу үшін ең басты көздегеніміз осы болып тұр ғой. Бірақ бұл жартылай ғана құрал емес пе? Біз бәріміз біліп отырмыз қазіргі таңдағы ең негізгі монополист – «Яндекс.Go». Яндекс өз картасы арқылы бірде-бір басқа жүйені кіргізбейді. Америкалық «Uber» кіріп көрді, шығарып жіберді. Қытайлықтар да кіріп көрді, болмады. «Яндекс.Go» бір өзі ғана қалды. Ал ол өзін-өзі реттеу жүйесіне кірмейді, тек оған қарасты таксопарктер кіреді. Яндекс қазір әкімшілік органдарға да ақпарат бермейді. Қай жерде қаншама көлік жүр, ешқандай ақпарат жоқ. Сізде де жоқ ондай ақпарат, – деген М.Әбенов егер «Яндекс.Go»-ға балама екінші платформа енгізбесек, қолға алып жатқан жұмыстың бірде-біреуі нәтиже бермейтінін ескертті.
Ал М.Қарабаев заңда осындай интернет агрегаттардың өзін-өзі реттейтін ұйымға міндетті түрде кіруі қарастырылғанын жеткізіп, «Яндекс.Go»-дың міндетті түрде кіретінін айтып, ант-су ішті. Ертең бекітілетін қағидалар мен стандарттар арасында олардың толық ақпарат беруі, оның ішінде өзіне басқа мүше болған қарапайым жүргізушілерге де ақпарат беруін қарастыруды көздеп отырғанын да қоса кетті. Бірақ бұған «Яндекс.Go» көне қояр ма, бұл – уақыт еншісіндегі сұрақ.
Сондай-ақ Көлік министрі жаһандық брендтердің арасынан Еуропада жақсы жұмыс істеп тұрған бір компания келіссөздер жүргізіп жатқанын айтып қалды. Министрліктің жоспарына сүйенсек, бұл қазіргі «Яндекс.Go» мен отандық «Апару» такси қызметіне бәсекелес болатын ішкі нарықтағы үшінші ойыншы болмақ.