• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Бизнес 31 Қазан, 2024

Бизнес берекесі қайтсе артады?

76 рет
көрсетілді

Мемлекет қолдауын пайдаланып, кәсібімді кеңейтсем дей­тін іскер жандардың айы оңынан туып тұр. Нәтижесін­де, өңірлерде жаңа өндіріс орындары ашылып, жергілік­ті тұрғындар «екі қолға – бір күрек» тауып жатыр. Павлодарда «Даму» қорының септесуімен көлік аккумуляторын өңдеу кәсіпорны мен тігін цехының жұмысы жанданды.

«Даму» қоры белгілі бір тауарларды шығаруда «ке­пілдік» және «субсидиялау» құралдарымен қолдау көр­­сетеді. Ішінара кепілдік шарт­тары негізінде кәсіпкерлер жо­ба­ның қажетті көлеміне де­йін қаржы алады немесе қор кепілдіктері есебінен несие сомасын ұлғайтады. Мемлекеттің осындай қолдау шарапатын сезінген кәсіпорынның бірі – «Тандем-ПВ» ЖШС мен «Тандем recycling» ЖШС.

«Тандем-ПВ» – нарықта 2007 жылдан бері табысты жұмыс істеп тұрған кәсіпорын­ның бірі. Аккумулятор батарея­ларын сататын болашағы зор фир­малар санатында. Ком­­пания осы уақыт ішінде Пав­ло­дар, Екібастұз, Өскемен, Қара­ғанды, Семей, Ал­маты қалаларында дүкендердің ірі желісін ашты. 

Кәсіпорын директорының орынбасары Геннадий Бобы­лев­тың айтуынша, 2017 жылы жаңа жоба іске асырылып, пайдаланылған аккуму­ля­тор­лық батареяларды бастап­қы өңдеу цехы ашылды. Қазір цех­тарда шамамен 12 білікті маман жұмыс істейді.

«Ал «Тандем recycling» ЖШС Павлодар облысында екінші қайтара өңде­летін полипропиленнен кәріз құбырларын өндіру­ді көздейді. Қазір еліміз­дің алдында тұрған өзекті эко­логиялық проб­ле­ма­лар­дың бірі – «қоршаған ортаның қорғасынмен одан әрі ластануын болдырмау». Көп елдің тәжірибесі көрсеткендей, бұл мәселені шешу қоршаған ортаның экологиялық жағ­да­йын жақ­сартуға, ең бастысы – ха­лық­тың денсаулығын сақтауға мүмкіндік береді. Мәселен, аккумуляторлық батареялар­ды қайта өңдеу желісі бү­гін­гі күнге дейін ең заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Яғни цех максималды қауіпсіздік пен жұмыс ыңғайлылығы үшін толығымен автомат­тан­ды­­рылған. Табысты жұмыс істеген алғашқы жылы кә­сіп­орын 1 000 тоннаға жуық аккумуляторды кәдеге жаратты. Бүгінде бұл сан жылына 3 000 тоннаға дейін өсті. 2019 жылы құю цехы іске қосылып, кә­сіпорын қалдықтардан тазар­тылған қорғасын ала бас­та­ды. Ал аккумулятордың сыртқы қорабынан қалатын по­липропилен бүгінге дейін ескерілмей келген. Енді оны да іске жаратудың жолын таптық», дейді директордың орынбасары.

«Тандем recycling» кә­сіпорнының салынып жатқан жаңа цехы «Павлодар» арнайы экономикалық айма­ғын­да орналасқан. «Даму» көмегімен фирма 230 млн теңге несие алып, бүгінде полипропиленді қайталап өңдеу үдерісіне кірісіп жатыр.

«Елімізде жылына 30 мың тоннадай аккумулятор қалдық ретінде үйіліп қалады. Біз бұл бағытта ерінбей жұмыс жүргізіп, қазір елдегі аккумулятор өңдейтін екінші ірі зауыт атанып отырмыз. Бұрын тек Талдықорғанда жалғыз зауыт болатын. Кәсіпорнымыз нарықта танымал бола бастады. Қорғасынды балқытып, қайта құямыз. Оның технологиясын өзіміз жасадық. Ішіндегі сұйықтығын залалсыздандырып, кәріз жүйесіне ағызып жібереміз. Алдағы уақытта полипропиленнен жуандығы 110 мм-ге дейінгі құбырлар шығарамыз деп отырмыз. Өндірістік желіден сағатына шамамен 180 кило өнім шығады. Жетіспейтін шикізатты сырттан сатып аламыз деген жоспар бар. Дегенмен бізде жылына ескі аккумуляторлардан шамамен 700 тоннадай өнім жи­налып қалады. Арнайы эко­но­микалық аймақтағы жаңа цехымыз толықтай іске қо­сыл­­ған­да құйылып шыққан полипропилен құбырларды бірден сол жерден сататындай мүмкіндік жасалады. Цехқа қажет құрал-жабдықты Қы­тай­дан жеткіздік. Келе­шек­те жаңа өндірісте шамамен 70 адамдай адам еңбек етеді», дейді Геннадий Валерьевич.

Кәсіпкерлікті дамыту жө­нін­дегі мемлекеттік бағ­дар­­ламаның шапағатын көр­ген тағы бір отандық фирма – «L’Pakora» тігін фабрикасы. Кәсіпорын басшысы Лариса Рейдің сөзінше, қазір кәсіпкерлердің қарызы бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау, кредит бойынша ішінара кепілдік беру мен банктер арқылы жеңілдікті қаржыландыру сияқты қаржы құралдары елдегі кәсіпкерлік белсенділікті арттыра түсті. Аталған кәсіпорын спорттық форма, арнайы корпоративтік және біркелкі форма, сондай-ақ то­қылған киімдерді шыға­­руға бағытталған толық цикл­­­ді іске қосты. Зама­­­на­уи тігін ма­шиналарымен жа­­рақ­­­­­танған цех отқа төзім­ді қысқы және жазғы ком­­би­не­зон­дар, сигналдық және мау­­сымдық жилеттер, адам денесін өндірістегі зиянды факторлардан жан-жақты қор­ғауға мүмкіндік беретін қор­ғаныш киімдерін, бала­бақ­шаға арналған төсек жиын­тық­­та­рын тігеді.

«Жалпы ауданы шамамен 400 шаршы метр цехты жалға алдық. Фабрикада 17 тігінші жұмыс істейді. Қала колледждерінің студенттері де тағылымдамадан өтеді. Мемлекеттік бағдарламалар көмегімен өз ғимаратымызға көшсек деген жоспарымыз бар. Фабрика үшін тігін жаб­­дықтарын сатып алу жөнін­дегі жобаны «ForteBank» АҚ «Бірыңғай кешенді бағдарлама» мемлекеттік бағ­дарламасы шеңберінде жыл­дық 19,5%-бен қолдады. Мұнда қарыз алушының түп­кі­­лікті мөлшерлемесі – 8%-дан 10%-ға дейін. Ал айыр­машылықты мемлекет өтейді», деді кә­сіпорын директоры.

Атап өтерлігі, «Даму» қоры Павлодар облысының шағын және орта кәсіпорындарына жыл басынан бері жалпы сомасы 60,7 млрд теңгеге қолдау көрсеткен. Барлығы 791 жоба қолдау тапты. Оның ішінде субсидиялау бағытында – 46,6 млрд теңгеге 466 жоба, кепілдік беру бағытында – 14,1 млрд теңгеге 325 жоба, жеңіл­де­тілген несиелеу бағы­тында 4 млрд теңге сомасына 41 жоба қаржы­лан­дырылды.

«Субсидиялау нәти­же­сін­де кәсіпкерлердің несие бойынша пайыздық мөлшерлемесі төмендейді және ай сайынғы төлемдері азаяды. Павлодар облысында 2010-2023 жылдар аралығында мем­лекеттік қолдау алған кә­сіп­керлер 16 мың жаңа жұ­мыс орнын ашып, бюджетке 454 млрд теңге салық төледі», дейді «Даму» қоры­ның Павлодар об­лыс­тық фи­лиа­лының директоры Игорь Одинокий.

 

Павлодар облысы