Таяуда еліміздің ұлттық мерекесі – Республика күні кең көлемде аталып өтті. Мемлекеттілігіміздің іргетасын қалаған ұлық күннің құрметіне Президент атынан марапат алған азаматтардың арасында біздің газеттің бұрынғы басшылары мен қызметкерлері де бар. «Қазақ газеттері» серіктестігінде өткен жиында бас директор Дихан Қамзабекұлы олардың есімдерін құрметпен атады.
– «Egemen Qazaqstan» газетінің бұрынғы басшылары Нұрлан Оразалин – «Отан» орденін, Дархан Қыдырәлі «Барыс» орденін иеленді. Газетіміздің ардагері, әдебиет сыншысы Құлбек Ергөбек Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты болды. Сонымен қатар газеттің кезінде Маңғыстау облысында меншікті тілшісі болған Темірхан Медетбек «Халық жазушысы» атанды. Бұл азаматтардың әрқайсы біздің басылымның дамуына елеулі үлес қосқан.
Ұлттық мереке қарсаңында «Қазақ газеттері» серіктестігіне қарайтын басылымдардың қызметкерлері де назардан тыс қалмай, бірқатары жоғары марапат иесі атанған еді. Бас директор жиын барысында ұжым алдында оларға марапаттарын тапсырып, төсбелгілерін тағып, арнайы құттықтады. Атап айтқанда, «Egemen Qazaqstan» газетінің Ұлытау облысындағы тілшісі Абдолла Дастан, Маңғыстау облысындағы тілшісі Гүлайым Дәуітбай және Қызылорда облысындағы тілшісі Мұрат Жетпісбаев «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
Ал «Казахстанская правда» газетінің тілшісі Юлия Полонская «Шапағат» медалін, «Egemen Qazaqstan» газетінің фототілшісі Ерлан Омар мен «Казахстанская правда» газетінің фототілшісі Юрий Беккер Президенттің Алғысхатын иеленді.
Сонымен қатар мейрам қарсаңында бір топ әріптесіміз «Ақпарат саласының үздігі» атанды. Арнайы төсбелгіні кеудесіне таққандар қатарында «Egemen Qazaqstan» газетінің аға тілшілері Гүлнар Жолжан мен Маржан Әбіш, «Казахстанская правда» газетінің Ақмола облысындағы тілшісі Раушан Өтеулина және фототілшісі Игорь Бургандинов, kazpravda.kz сайтының тілшісі Гүлмира Құнапия бар. Бұған қоса әріптестеріміз Айнұр Райымқұлова мен Бекен Қайратұлы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Құрмет грамотасымен, Бақытгүл Рахимбаева Алғысхатымен марапатталды.
Жиын барысында Д.Қамзабекұлы серіктестікке қарасты басылымдарға келесі жылға жазылу науқаны басталғанын, осыған орай облыстарда жазылымды ұйымдастыруға кірісу қажеттігін еске салды. Меншікті тілшілерге облыстық әкімдікпен, ірі кәсіпорындармен, сондай-ақ оқу орындарымен байланыс орнатып, жұмыс жүргізуді тапсырды. Өткен жылдан бастап kaspi.kz қосымшасы арқылы онлайн жазылу жолға қойылғаны белгілі. Серіктестік басшысы аталған қосымша арқылы жазылу жеке тұлғаларға арналғанын, бағасы тиімді екенін атап өтті.