Ақтауда ұзақ жылдар бойы, яғни елу жылдан бері жөндеу көрмеген, жаңартылмаған құбырларды, магистралдық жылу желілерін ауыстыру жұмыстары жүріп жатыр. Жасыратыны жоқ, бірқатар белгілі себепке байланысты кейбір шағын аудандарда жылу, ыстық су беру мезгілінен кешікті. Алайда өңірдегі ауа райының қолайлылығы тұрғындардың тоңып, абыржуына жол берген жоқ.
Ақтау қаласы әкімдігінің хабарлауынша, қазіргі таңда тұрғындарды жылу, ыстық сумен үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында 11,3 шақырым құбыр ауыстырылған, бұл жұмыстарға 17 млрд теңге бөлінген. Ақтауда жұмыстардың жүргізілуіне байланысты шағын аудандарда ішінара кедергі болғанмен, жалпы жылу беру маусымы 15 қазанда басталды.
– Бұған дейін облыс әкімдігінің telegram-арнасында тұрғындардың жылу жоқтығына қатысты пікірлері көбейіп кеткен еді, ал қазір тұрғындар коммуналдық қызметкерлерге алғыс айтып жатыр. Мысалы, төрт баланың анасы, облыс орталығындағы 28-шағын аудан тұрғыны Тілектес Ыбыраева: «Үй жылы. Басқа аудандарда тұратын достарымнан да сұрадым. Барлығында жылу бар. Иә, кейбір үйлерде адамдар әлі күтіп отыр, бірақ коммуналдық қызметкерлер тұрғындарды жылумен толықтай қамтамасыз ету жолында күні-түні жұмыс істеп жатыр, меніңше, бүгін-ертең жылу беріледі. Сондықтан қаладағы тұрғындардың бәрі жылусыз отырғаны жөніндегі ақпараттың шындыққа жанаспайтынын айтқым келеді», деді, Ақтау қаласының тұрғыны Алевтина Головина: «Мен 5-шағын ауданда тұрамын. Біздің үйге 19 қазанда жылу келді. Бұған дейін ақаулар болды. Ол кезде апаттық бригадалардың оларды жою мақсатта жұмыс атқарып жатқанын бәріміз көрдік. Анам көрші үйде тұрады, оларға жылу бізден де ерте берілді», дейді. Ал зейнеткер Гүлмира Исаева бір апта шамасында күткен соң қаладағы 19-шағын ауданға жылу берілгендігін, тұрғындарға ақаулар жойылған бойда үйлеріне жылу бірден келетіні жөнінде үнемі құлақтандырылып, қазірде пәтері жылы ғана емес, қатты ыстықтан терезелерді ашып отырғандығын айтты», дейді Маңғыстау облыстық ішкі саясат басқармасы ақпараттық саясат бөлімінің басшысы Р.Жұбаназаров.
Бөлім басшысының айтуынша, Маңғыстау облысы әкімдігінің Telegram-арнасы тұрғындарға желідегі ақаулар мен олардың жойылу жұмыстары туралы ақпарат алуға арналған алаңға айналған. Тұрғындар өздерінің маңайындағы ақаулар туралы ақпаратты жедел жіберу арқылы коммуналдық қызметкерлерге көмектеседі. Кейбір тұрғындар үйде жылу берілгенін, бірақ кейбір пәтерде, тіпті бөлмелерде жылу жоқ екенін жеткізіп жатыр. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласының мамандары қазір ішкі жүйелерді реттеуді қызмет көрсету ұйымдарының қызметкерлері – ОСИ немесе КСК жүргізетінін атап өтті.
Ақтау қаласы әкімдігі 26 қазанға қарай әлеуметтік нысандардың 97%-ы (115-тің 112-сі) жылумен қамтамасыз етілгенін, ал қаладағы 1500 тұрғын үйдің 34-інде жылу жоқ екенін хабарлады.
– Жаз бойы негізгі жылу жүйелері ауыстырылды. Бұл өткен жылдардағыдай жылу мен ыстық су беруде үзіліс болмауы мақсатында жасалды. Желілердің әбден тозуы салдарынан жөндеу емес, толық ауыстыру жөнінде шешім қабылданды. Ауқымды ауыстыру қазан айында аяқталды. Осы уақытқа дейін құбырлар құрғақ болғандықтан, сынақтарды өткізу мүмкін емес. Су берілісімен ішкі желілердің тозуы 79% болуына байланысты жарылыстар басталды. Әлеуметтік желілерде қаланы суық алып жатыр деген шағымдарды жиі естимін. Үйлердің басым көпшілігі жылумен қамтамасыз етілген. Апат болған үйлерде қазіргі уақытта жедел топтар ақауларды жою жұмыстарын жүргізіп жатыр, – деді Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақов.
Жылыту маусымы басталғалы шағын аудандардағы желілерде 121 жарылыс тіркеліп, оның 100-і жөнделді. Бүгінгі таңда ақауларды жоюда 110 адам мен 49 техника жұмыс істеп жатыр. Ақтау қаласының коммуналдық қызметкерлеріне көмек ретінде Жаңаөзен қаласынан 8 бригада келді. Тұрғындардың үйлеріне жылу жеткізу жөніндегі төтенше жағдай бригадалары күндіз-түні жұмыс істейді. Ал қалалық кәсіпкерлер коммуналдық жұмысшыларды қолдау мақсатында ыстық шай мен бәліш ұсынады.
«Өзенмұнайсервис» мекемесінің дәнекерлеушісі Қазихан Байбозовтың айтуынша, Ақтауға Жаңаөзен қаласынан «Өзенмұнайсервис» компаниясының сегіз жұмыс тобы келген. Олар жергілікті мамандарға әр шағын аудандағы жарылған жерлерді жоюға көмектесіп жатыр.
Ақтауда қыс қарсаңында қарбалас жұмыс. Қыр астындағы қаһарлы маусымнан қысылмай, жайлы-күйлі шығу – баршаға қажетті жағдай.
Маңғыстау облысы