• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Аймақтар 01 Қараша, 2024

Жасқайраттағы спорт кешені

280 рет
көрсетілді

Атырау облысының ең шалғайындағы ауданның бірі – Қызылқоға. Елді мекендерінің кейбірі өңір, аудан орталығынан қашықта орналасқан. Бірақ тұрғындардың дені алтын бесігіне балаған қонысынан ірге көтермей отыр.

Өзге аудандардай емес, мұнда әлі де жыл­­дың төрт мез­гі­лінде тамағын қи мен көмір қызуына пісіретін, суды артезиан құдығынан ішіп отырған ауыл тұрғындары бар. Облыс әкімі Серік Шәпкеновтің айтуынша, жыл соңына дейін аудан тұрғындарын сапалы ауызсумен 100 қамту жоспарланыпты.

«Қазір Қызылқоға ауданын­дағы Соркөл, Сарқұмақ, Қоғам, Тас­құдық, Аққора, Қоңыраулы, Был­қылдақты, Кенбай, Қоныстану секілді 9 елді мекенде ауылішілік су құбыры жүргізіліп жатыр. Ал Мұ­қыр ауылында екінші су айдау стансасын қайта жаңғырту жұмысын жыл соңына дейін аяқ­тауды бақылауымда ұстап отыр­мын. Бұған қоса «Кереген-Сағыз-Жа­мансор» топтық су құбырын реконструкциялау, Миялы ауылына жазғы су құ­бырын жүргізу аяқталады», дейді С.Шәпкенов.

Әкімнің мәліметіне сүйенсек, Қызылқоға ауданындағы тұрмысы төмен тұрғындарды баспанамен қамтуға 80 пәтер сатып алу көзделген. Осы кезге дейін Мия­лы ауылдық округінде 39, Жан­­гелдинде – 5, Сағыз ауылдық округінің тұрғындарына 6 бас­пана сатып алыныпты. «Жыл со­ңына дейін тағы 50 үйді сатып алып береміз. Бұл мәселе биыл толықтай шешімін табады», деп мәлімдеді облыс әкімі.

Қызылқоға ауданында кейін­гі жылдары тұрғындардың тұр­мысын жақсартумен қатар, бұ­қаралық спортты дамытуға да назар аударылды. Қазір ауданның 10 мыңға жуық тұрғыны спортпен тұрақты түрде шұғылданады. Дегенмен 10 ауылдық округтің екеуінде ғана спорт кешені бар. Биыл 8 ауылда 11 ашық спорт алаңының құрылысы басталды. Сондай-ақ алдағы жылы 7 спорт­тық нысанды пайдалануға беру жоспарланып отыр. 

Жақында ауданның екі ауылында спорт кешені ашылды. Оның бірі Тасшағыл ауылдық округінде орналасқан. Бұл округте 1884 адам тұрады. Бір өндірістік кооператив, 26 шаруа қожалығы, 1 орта мектеп, 1 балабақша, 1 учас­келік амбулатория, 5 дүкен, кітапхана, автоматты телефон стансасы, почта байланысы торабы жұмыс істейді.

Спорт кешенінің екіншісі Ойыл ауылдық округінің орта­лығы – Жасқайрат ауылында ор­наласқан. Мұндағы 410 отба­­сында 2310 адам тіркелген.  Округте 1 серіктестік, 17  шаруа қожалығы мен 66 кәсіпкерлік нысаны бар. «Шалқыма» мәдениет үйінде  ауылдық кітапхана орналасқан. Тұрғындарға мәдениет үйінің жанынан домбыра, эстрадалық ансамблі, драма, би, ән үйрету, суретшілер үйірмелері мен мә­дени-үгіт бригадасы қызмет көр­сетеді. 

Қанаттас қоныстанған екі ауылдың бір-бірінен айырмасы жоққа тән. Тұрғындар орталық­тандырылған су, газ жүйесін пайдаланып отыр. Қос округте игілікке берілген спорт кешендерінің де бір-біріне ұқсастығы көп. Жаңа нысандар футбол, волейбол, баскетболға арналған алаң, күрес залымен, түрлі құрал-жабдықпен қамтылған.

«Елімізде бұқаралық спорт пен дене шынықтыруды дамыту, салауатты өмір салтын қа­лыптастыру кең қанат жайып келеді. Соның нақты мысалындай, Жасқайрат пен Тасшағыл ауылында жаңа спорт кешені ашылды. Мұнда еліміздің абыройын асқақтататын, көк туымызды көкте желбірететін рухты спортшылар тәрбиеленетініне сенемін», деді Серік Шәпкенов.

 

Атырау облысы