Ол Португалия мен КХДР құрамалары арасында болды. Есеп – 7:0
Көзі тірісінде-ақ адамзаттың Айтматовты атанған шоң қырғыз Шыңғыс Төреқұлұлы жолдастарымен Бішкектегі бір кафеге кірген екен. Бірталай кісі амандасқанға ұқсайды, бірталайы тамақтан басын көтермепті.
Іле-шала жұрт абыр-дабыр болып қалады. Шықаң да елеңдеп есік жаққа қарайды. Мұрты енді тебіндеген, кеудесі шалқақ бір жас жігіт кіріп келеді. Жұрт жапатармағай амандасып жатыр. Ол бас изеп, марғау күйде бөлек бөлмеге кіреді.
Шықаң аң-таң. “Бұл кім?” дейді ғой қасындағыларға.
Олар да өрекпіп отыр екен. Дабырлап кім екенін айтады. “Сөйтсем, – дейді естелігінде Шығаң, – бұл жігіт өзіміздің бірде жеңіп, бірақ, көбірек жеңіліп жүретін “Алғаның” шабуылшысы екен”.
Шықаңның осы естелігі жадымызда қалып қойыпты. Әлемге атағы кеткен ұлы жазушыны таңқалдырған жағдай футболды жаны сүйетіндерге таңсық емес.
Португалияның жартылай қорғаушысы Криштиану Роналду мына мемлекетке келе жатыр десе, сол жердің халқы үдере көшіп, әуежайға бармағанымен оны бір көруді армандап, көшеге сыймай тұрады.
Жұмыр жердің халқының жартысынан астамы футболды жақсы көреді. Әлем чемпионаты кезінде олардың қатары одан сайын көбейеді. Ал, “Реалда” шабуыл өтінде жүріп, өз мемлекетіне керек болған жағдайда жартылай қорғаушы болуға да келісетін Криштиану Роналду жанкүйерлердің көз құрты. Жартылай қорғаушының міндеті қорғаныс пен шабуылшылар арасындағы алтын көпір. Алдыңғы шепті доппен жарылқау. Ол Роналдудың қолынан келеді. Келгенде де мықтап келеді.
Португалия алғашқы ойынында бес дүркін әлем чемпионы Бразилияға табанды қарсылық көрсеткен Солтүстік Корея құрамасын қабылдаған. Тас-талқан етіп ұтты. Есеп – 7:0! Оңтүстік Африкадағы әлем чемпионатындағы ең ірі жеңіс әзірге осы.
Бұл қалай болды дейсіздер ғой. Алғашы таймдағы гол естерінен тандырып кете жаздаған корейлер есепті теңестіру үшін бар күшін салды. Жалпы, олардың ең үлкен қатесі осы болғанға ұқсайды. Қорғаныс шебі жартылай жалаңаш қалды. Ойын соңына таман корейлер 7:0 есебіне іштей қуана келіскен шығар деп те ойлаймыз. Өйткені, Мейрелеш, Алмейда, Коэнтрау сияқты ойыншылардың тағы да 7-8 гол соғатын сәттері болды. Роналдудың алыстан тепкен добы қақпа маңдайшасына тимегенде чемпионаттағы ең әдемі голдардың бірі болатын еді. Кейптаунда жаңбырдың шелектеп құйып тұруы да ойынға өз әсерін тигізбей қойған жоқ.
Осы матчтан соң Солтүстік Корея құрамасының бас бапкері Ким Ен Хун өкініштен басын шайқай берді.
“Ойсырай ұтылуға басқа-басқа емес, өзім кінәлімін, – деді ол. – Сәтсіз стратегия таңдадым. Ақыры жігіттер португалдардың шабуылына шыдас бере алмады. Бір мақсатқа жұмыла алмай шашылып қалды. Бұған мен кінәлімін”.
Ал, Португалияның бас бапкері Карлос Кейруштың қуанышын түсінуге болады. “Бұл Португалия мен ұлттық құрама тарихындағы ұлы күн, – деді ол. – Енді келесі ойынға тыңғылықты дайындалуымыз керек. Біз жеті гол соққанымызбен үш ұпай алдық. Сондықтан бізге тағы да жеңіс керек”.
Португалия өз тобындағы соңғы ойынын Бразилиямен өткізеді. Мұны еске алғанда әлем чемпионаты финалының қалай болатыны өз-өзінен түсінікті шығар деп ойлаймыз. Ал, Чили құрамасы Швейцарияны 1:0 есебімен жеңді. Ойынның 75-ші минутында Мәскеудің ЦСКА клубында ойнайтын Марк Гонсалес салған доп ойын тағдырын шешті. Әу баста Швейцария бапкері Оттамар Хитцфельдің ойлағаны басқа еді. Әлемдегі үздік Испанияның аяғына тұсау салған құрама алаңға жеңеміз деген көңілмен шыққан. “Үйдегі ойды базардағы нарық бұзады” деп халық қалай дәл айтқан десеңізші. Чилиліктер қарсыластарының аспандағы арманын жерге түсірді. Чилиді де түсінуге болады. Соңғы кездесу испандықтармен өтетіндіктен, олар тіске жұмсақтау Швейцарияны жеңбесе, өз тобынан шықпай қалуы әбден мүмкін. Сондықтан екі құрамаға да тайынатын ештеңе жоқ еді.
Алғашқыда ойын тең дәрежеде жүріп жатты. Кезекпе кезек шабуыл. Екі жақта да гол соғатын мүмкіндіктер болған. Швейцариялықтардың жартылай қорғаушысы Валан Бехрамидың өз-өзінен қағынғаны. Сор түртті ме, бір емес, соңына түскен екі ойыншыны шынтағымен ұрып жәбірлеп кетті. Арбитр Халил Ибраһим қызыл қағаз көрсетті. Әуелі Босежур, содан соң Видальды құлатқан Бехреми алаңнан кеткен соң-ақ чилиліктер қарсыластарының мойнына мініп алды. Көптігін пайдаланып, шабуылға өтті. Швейцариялықтардың қақпасы маңайына доптан жаңбыр жауды. Матиас Фернандес, Артуро Видаль, Жан Босежур жойқын шабуылды күшейтті.
Алғашқы таймда чилиліктер 9 рет қақпаны көздеп, тура бағытталған төрт допты қақпашы Диаго Бенальо әдемі-ақ қағып тастады. Ал, швейцариялықтар үш рет көздеп, үшеуінде де қиыс тепті.
Екінші таймда чилиліктер жасындай жарқылдап, қысымды күшейтті. Алексис Санчес 55-ші минутта Грихтингті көз ілеспес шапшаңдықпен алдап өтіп, Бенальомен жекпе-жек қалып еді. Қақпашы жіберген жоқ, дәл қағып үлгерді.
59-шы минутта Марк Гонсалестің баспен ұрған добы қақпадан қиыс кетті. “Аңдыған жау алмай қоймайды”, екен. Сол Гонсалес ақыры дегеніне жетті. Бенальо қақпа алдында қауіпті сәт туғызған Передеске тұра ұмтылғанда, ол допты штанга түбіне тастаған. Лып ете қалған Гонсалес оны баспен соғып жіберді – 1:0.
Матч аяғында швейцариялықтардың ойынды теңестіріп кететіндей мүмкіндігі болды. Альберт Буняку қорғаушының көзін ала беріп, аяғының ұшымен қақпа алдына пас шығарып берді. Түрік жігіті Дердийоктың қателесуге хақысы жоқ еді. Қателесті. Тепкен добы қақпаның түбінен жылап өтті. Оған қосылып жанкүйерлер еңірегендей болды. Швейцариялықтар мұндай мүмкіндікті өмірі ұмыта алмас. Түн ұйқыны төрт бөліп шошытып оятатын оқиға ғой. Бәріне өзінің кінәлі екенін сезген түрік жігітінің түсі күлдей болып кетті.
Ал, испандықтар Гондураспен алаңға шыққан. Гондурасты қайдам, Еуропа чемпионы испандықтар үшін не бел, не белбеу кететін жауапты кездесу еді. Чили 6 ұпай олжалап плей-оффтың табалдырығында тұр. Үш ұпайы бар швейцариялықтар топтағы соңғы ойынын Гондураспен өткізіп, қалай да жеңуге тырысады.
Аутсайдер Гондурас тағдырына көнген жағдайда екі жолдама осы үшеудің қайсысының қалтасына түседі? Біреуі артық қой. Оның үстіне испандықтар тоқтаған қонақүйдің төбесі опырылып құлапты. Абырой болғанда іште ешкім болмаған. Егер олар ырымға сенетін болса, бұл жақсылық емес. Сондықтан Висенто Дель Боскенің шәкірттері Гондурас құрамасын ірі есеппен ұтуды көздеген. Ұпайлары теңескен жағдайда, доп айырмашылықтары есепке алынғанда ұтылып қалмас үшін керек нәрсе бұл.
Ақыры Испания – Гондурас 2:0 болды.
Бақтияр ТАЙЖАН.