• RUB:
    5.18
  • USD:
    514.93
  • EUR:
    536.04
Басты сайтқа өту
Тағзым 01 Қараша, 2024

Профессор Шериаздан Елеукенов тұрған үйге мемориалдық тақта орнатылды

144 рет
көрсетілді

М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ұйымдастыруымен, Алматы қалалық әкімдігінің қолдауымен Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, филология ғылымдарының докторы, профессор Шериаздан Рүстемұлы Елеукеновтің 1993-2020 жылдар аралығында Алмалы ауданы, Желтоқсан көшесі №129/135 мекенжайында тұрған үйдің қабырғасына мемориалдық тақта орнатылды.

Салтанатты іс-шараға М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас директоры, ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы Кенжехан Ісләмжанұлы Матыжанов, «Қазақ әдебиеті» газетінің Бас редакторы, ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы Бауыржан Жақып, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жанындағы Абай ғылыми-зерттеу институтының профессоры, филология ғылымдарының докторы Қансейіт Әбдезұлы, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы Нұрдәулет Ақыш, Алматы қаласы әкімінің кеңесшісі Мамай Ахетов, Алматы қаласы Мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Арман Халбеков, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Сыртқы әдеби байланыстар және аналитика бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты Светлана Ананьева, институттың бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы Гүлжаһан Орда, физика-математика ғылымдарының докторы Дастан Шериазданұлы Елеукенов қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Салтанатты іс-шараны мемлекеттік қызмет саласының үздігі Нұрмұха Шаймерденов жүргізді.                                                                   

Іс-шараға М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ұжымы, Абай атындағы ҚазҰП университетінің және Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің оқытушылары және студенттері қатысты.

Шериаздан Рүстемұлы Елеукенов – әдебиеттанушы-ғалым, сыншы, жазушы. 1929 жылдың 3 қыркүйегінде Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданы, Аршалы ауылында дүниеге келген.

1951 жылы Қазақтың С.М.Киров атындағы Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітіргеннен кейін ШҚО «Коммунизм туы» газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі (1951-59), ҚазМУ-да аға оқытушы (1959-63), Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің аппаратында нұсқаушы, сектор меңгерушісі, бөлім меңгерушісінің орынбасары (1967-71), Қазақстан Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитетінің төрағасы (1971-86), Қазақстан Ғылым Академиясының М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры (1986-1988) қызметтерін атқарды.

Ш.Р.Елеукенов тарихтағы «ақтаңдақтарды» жою, ұлттық әдеби мұраны түгендеу, бұрын ұлтшыл атанған, сталиндік қуғын-сүргінге ұшыраған ақын, жазушылардың шығармаларын қайта қарап жариялау жөніндегі Орталық Комитет құрған комиссия төрағасының орынбасары ретінде Шәкәрім Құдайбердиев, Мағжан Жұмабаев, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов секілді саяси қуғын-сүргін құрбаны болып, заңсыз айып тағылған аса көрнекті ақын-жазушылардың асыл мұрасын халқына қайтару ісінде үлкен іс атқарды.

АЛМАТЫ