• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Елорда 01 Қараша, 2024

Астана қаласы мәслихатының депутаттары жастармен кездесті

173 рет
көрсетілді

Астана қаласы мәслихатының депутаттары «Әрекет ету уақыты» өзін-өзі басқару көшбасшыларының республикалық құрылтайына қатысушылармен кездесіп, әлеуметтік бастамаларды талқылады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қала әкімдігінің ресми сайтының мәлімдеуінше іс-шараға ҚР өңірлерінен мектеп парламенттерінің 20-ға жуық президенті мен елордалық мәслихат депутаттары қатысты. Ашылу салтанатында Астана қаласы мәслихаты төрағасының м.а. Асқар Смағұлов құттықтау сөз сөйледі.

«Бүгін біз жастарды, мектеп оқушыларын толғандыратын мәселелерді талқылау үшін жиналдық. Әріптестерім мәслихаттың қызметі туралы айтып, өз тәжірибелерімен бөліседі. Сіздердің әрқайсыңыз өз мектебіңізде түрлі мәселелер мен қиындықтарға кезігіп, оларды шешудің бірегей жолдарын тауып, жаңа идеялар енгізіп, мектеп өмірін қызықты әрі мазмұнды етуге көмектесетін іс-шаралар мен жобаларды ұйымдастырып жатырғандарыңызға сенімдімін. Сіздердің күш-жігерлеріңіз қазірдің өзінде жемісін беріп жатыр, бірақ бұл атқарылуға тиісті жұмыстардың басы ғана екенін түсіну маңызды», деді ол.

Асқар Смағұлов сондай-ақ мұндай кездесулер жастар үшін пайдалы болатынын  атап өтті.

«Осы уақытты тиімді пайдаланыңыздар, жобаларыңызбен, тәжірибелеріңізбен бөлісіңіз, сұрақтар қоюдан қорықпаңыз, толғандыратын тақырыптарды талқылаңыз. Бұл кездесу сіздерге жаңа достар мен пікірлестерді табуға, сіздің  жалғыз емес екеніңізді түсінуге мүмкіндік береді. Ал біз өз тарапымыздан сіздердің идеяларыңыздың жүзеге асуына қолдау көрсетіп, табысқа жетулеріңіз үшін бар күшімізді саламыз», деп түйіндеді сөзін Асқар Смағұлов.

Іс-шараны ұйымдастырушылар атап өткендей, кездесудің негізгі мақсаты – жастар мен мәслихат өкілдері арасындағы байланысты нығайту, сондай-ақ балалар мен жасөспірімдердің әлеуметтік бастамаларға белсенді қатысуы үшін жағдай жасау.