Мақы (Әбілмақы) Уәлиханов – қазақтың алғашқы кәсіби суретшілерінің бірі. Ол Шоқан Уәлихановтан он жас кіші. Ағасы оның сурет салуға, қағаз шимайлауға, ағаштан ойыншық, мүлік жасауға икемі барын ерте аңғарған. Кейбіреулердің айтуына қарағанда, Мақы жасында сүзекпен ауырып, есту, сөйлеу қабілетінен айырылып, мылқау болып қалады.
Шоқан Мақыны 10 жасында Санкт-Петербургтегі есту қабілеті жоқ балаларды оқытатын арнаулы училищеге орналастырады. Оқуға аттанарда әкесі Шыңғыс Мақыға шіркеуге бармауды, шоқынбауды, шошқа етін жемеуді қағазға сурет сала отырып түсіндірген екен. Құлдыраңдаған бала әкенің тапсырмаларын бойына терең сіңіріп, бұлжытпай орындаған.
Мақы оқыған училище кембағал балаларды сурет салуға, сызу, каллиграфия, гравюра өнеріне үйреткен. Шоқан Уәлиханов Санкт-Петербургте оны өзінің демократ, ағартушы достарымен таныстырған. Зеректігінің арқасында Мақы әлемдік атақты суретшілердің өнерімен таныс болып, орыс және әлем әдебиеті өкілдерінің озық шығармаларын бойына сіңірген.
Тоғыз жыл оқып, туған еліне сурет, қолөнер туындыларының кәсіби маманы, үздік шебері болып оралады. Ағаштан, сүйектен оюлап төсекағаш, сандық, астау, саптаяқ, ожау, нақышты қап (футляр) сияқты тамаша жәдігерлер жасаған. 1876 жылы Санкт-Петербургте болған Шығыс зерттеушілері шығармаларының көрмесінде Мақының өнімдеріне алтын медаль берілген.
Ол өз әкесі мен оның замандастарына, ел ағаларына арнап түрлі кәдесыйлар, соның ішінде сүйектен, мүйізден жасалған шақшалар, оларға араб шрифтімен қолтаңбалар жазып беріп отырған. Тіпті жақын түскен орыс қалаларында үй салғысы келген қазақтарға тұрғын үйлердің жобасын, сәнді оюларына дейін сызып береді екен. Қазірдің өзінде оның архитектуралық жобасын сызып берген үйлері Саумалкөл, Сырымбет, Көкшетау, Қызылжар қалаларында бар көрінеді.
Мақы – үйленіп, балалы-шағалы болған жан. Оның Ыдырыс деген ұлы, Ажар, Қалима деген қыздары болған. Мақы балаларының, әкесінің портретін салған.
Большевиктер өкіметті басып алып, зиялы отбасылардың бәріне бүйідей тигенде Уәлиханов әулетінде де қудалау басталып, Мақының өнер туындылары шашылып, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен. Тіпті піл сүйегінен жасалды деген баға жетпес туындылары да қолды болған. Тек бірен-саран дүниелерін ұрпақтары сақтап қалыпты. Соның бірін Мақының немересі, қазақтың атақты архитекторы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Мемлекеттік герб авторларының бірі Шот-Аман Уәлиханов атасының туған жері – Айыртау ауданындағы Ш.Уәлиханов атындағы Сырымбет ауылындағы музейге тапсырыпты. Оны жуырда облыстық газеттің жас журналисі Самрат Құскен тауып, жариялады. Сырты піл сүйегімен әшекейленген бұл сандықтың көркемдік құндылығы, дизайн шеберлігі орасан зор. Қолданылған материалды Мақы Санкт-Петербургте оқыған жылдарында сатып алған көрінеді. Қазір сандыққа қызығып, тамашалаушылар саны жыл сайын артып келеді.
Солтүстік Қазақстан облысы,
Сырымбет ауылы