Қызылорда қалалық прокуратурасы қалада Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс талаптарының сақталуына үнемі қадағалау жұмыстарын жүргізіп отырады.
Қызылорда қалалық мамандандырылған әкімшілік сотының 2015 жылғы 15 қаңтардағы қаулысымен құқық бұзушы К.Е.М Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 223-бабы бойынша кінәлі деп танылып, оған лауазымды тұлға ретінде 25 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды.
Іс құжаттарына қарағанда, 2014 жылы 15 ақпанда уәкілетті органның қызметкерлері серіктестік қызметінде электр станциялары мен желілерін техникалық пайдалануда қауіпсіздік талаптарының сақталуына жоспарлы тексеру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде заң бұзушылықтар анықталып, серіктестіктің осы салаға жауапты лауазымды тұлғасы азамат К.Е.М-ге қатысты әкімшілік іс қозғалды.
Құқық бұзушының бұл әрекеті Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 223-бабы бойынша дұрыс дәрежеленген. Себебі, азамат К.Е.М серіктестіктің бас энергетигі және лауазымды тұлғасы бола тұра, электр станциялары мен желілерінің техникалық пайдалануда қауіпсіздік талаптарының бұзылуына жол берген.
2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілген жаңа Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте аталған құқық бұзушылық үшін жауапкершілік 300-бапта көзделген.
Өз кезегінде, 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілген жаңа Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 300-бабының санкциясында құқық бұзушылық әрекеті үшін лауазымды тұлғаларға жауапкершілік көзделмеген.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 5-бабының 1-бөлігіне сәйкес, әкiмшiлiк құқық бұзушылық үшiн әкімшілік жауаптылықты жеңілдететін немесе оның күшін жоятын не әкімшілік құқық бұзушылық жасаған тұлғаның жағдайын өзге түрде жақсартатын заңның керi күшi болады, яғни, осы заң қолданысқа енгізілгенге дейін жасалған және әкімшілік жаза қолдану туралы қаулы орындалмаған құқық бұзушылыққа қолданылады делінген.
Бұл тұрғыда, 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілген жаңа Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 300-бабында лауазымды тұлғаға жасалған әрекеті үшін жауапкершілік көзделмегендіктен, әкімшілік іс өндірістен қысқартылуға жатады.
Осыған байланысты, қалалық прокуратур облыстық соттың апелляциялық сот алқасына апелляциялық наразылық енгізіп, қаралу нәтижесінде бірінші саты соты қаулысының күші жойылды. Ал азамат К.Е.М. әкімшілік жауапкершіліктен босатылды.
Өтеміс Шыңғысхан,
Қызылорда қаласы прокурорының көмекшісі,
2-ші сыныпты заңгер.