• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 02 Қараша, 2024

Талай шаңыраққа құт болған мекен

183 рет
көрсетілді

Бір апта ішінде киім-кешектерін жинастырып, Астанадан Екібастұзға жол тарту Қазымбаев отбасына жөні келіскен шешімнің бірі болды. Отбасы елордадағы саяжайдан шағын үй жалдап тұратын. Өте кедей тұрды деуге келмес, дейтұрғанмен жалақы бәрібір жетпейтін. 2019 жылы көші-қон бағдарламасына қатысуға бел буды. Сол уақытта кеншілер қаласына 1 300-ден аса адам аттанған.

Мария Леонидқызы Екібастұзға көшер алдында Астанадағы агроқала­шық ауданында саяжай үйін жалдап тұрғандарын есіне алды. Үйдің жағдайы жаман болған жоқ, алайда төлемі де соғұрлым көп еді, отбасының табысы жетпеді. 2018 жылы бес баласы барлар ғана көпбалалы отбасы деп есептелетін, ал ол тұста отбасында төртінші бала жарық дүние есігін ашты. Нәтижесінде, баспана кезегіне бұл санат бойынша тұра алмады.

– Қоныс аударар алдында балам бір жасқа енді толған, сондықтан жұмыс істемедім. Үйде тапсырыспен аяқкиім тігетінмін. Күйеуім көлік жүргізуші болып еңбек етті. Қолына алатыны – 120 мың теңге. Отбасымыз­да 6 адам болғандықтан, күйеуімнің еңбекақысы жетпейтін. 2019 жылдың 21 мамыры күні Екібастұзға қоныс аударушылардың екінші легі аттанды, сол кезде менің танысыма бухгалтер келіп, Екібастұзда көпбалалы отбасыларға пәтер берілетінін айтыпты. Танысым басымда баспана жоғын білетін, естіген жаңалығын бірден маған жеткізді. Мен құжаттарымды апарып бердім, кейін Павлодар облысынан өкілдер келген кезде тағы бардым. Әңгімелесуден өту кезінде өзім аяқкиім тіге алатынымды, ал күйеуімде электролифтер мамандығы бойынша диплом бары туралы айттым, – дейді Мария Қазымбаева.

Оның пікірінше, қоныс аударуға күйеуімнің дипломы сеп болған. Аталған өңірге білімі бар адамдар қа­жет еді. Ерлі-зайыптылар бір апта ақылдаса келе, жаңа мекенге көш­се, ештеңе жоғалтпайтынына көзі жетті. Кейін қалап жатсақ, елордаға көшіп келеміз деп шешті. Сөйтіп, 2019 жылдың 1 мау­сымында олар Екібастұзға табан тіреді.

Кеншілер қаласындағы отбасы­на­ аумағы 80 шаршы метр бола­тын үш бөлмелі пәтер берілді. Қа­зір балаларының жеке бөлмесі бар. Көпбалалы ананың айтуынша, мұн­да­ғы қолайлы жағдайды Астанада тұр­ған жылдармен салыстыруға кел­мей­ді. Пәтер жалдамалы болса да бұ­рынғы баспанаға беріп келгендей көп сома талап етпейді. Әрі тағы бір артықшылығы, балаларын бірден балабақшаға ресімдеген.

– Астанада тұрғанда кіші ұлымызды туа сала бірден балабақшаға кезекке қойғанбыз. Ол 6 жасында мектепке барды, алайда балабақшаға бара алмады. Ал Екібастұзға көшіп келгенде бізге біраз уақыттан соң балабақша­дан тегін орын ұсынылды. Ең кіші қызы­мыз мұнда мектепке барды, үл­кеніміз институтқа түсті. Астанада балабақша үшін төлеуге мүмкіндік болмады, қала үлкен, кезек те қалың еді. Балабақшада бала тез дамитыны рас. Мен балаларымды мектепке мүлде дайындаған жоқпын, олар барлығын балабақшадан үйренді. Қазір өзімнің жеке кәсіпкерлігім бар, биге арнал­ған аяқкиімдер тігемін. Екібастұздың өзінде мұндай аяқкиімдерге тапсырыс жоқ, бірақ ел бойынша алдыратындар бар. Жуықта біз Астана Опера және балет театры үшін тапсырысты аяқтадық, – дейді Мария Леонидқызы.

Екібастұзға көшіп келген соң арада үш күн өткенде жолдасы жұмысқа орналасты. Әуелі көлік жүргізуші болса, одан соң еңбекақысы көп деп жылыжайға кетті. Ал қазір «Богатырь-Көмірде» еңбек етіп жүр.

– Екібастұзда көңілге қонбайтыны – қала шағын және ойын-сауық орта­лық­тары санаулы ғана. Бір орынға ғана бара бересің. Астанада ондай орталық көп екені рас. Бірақ бұл – айтарлықтай мәселе емес. Бірде біздің балабақшада істейтін әлдебір әйел адам жұмыстан шығып кетті. Себебін сұрағанымда: «Астанаға көшіп барғымыз келеді», деп жауап қайтарды. Мен: «Ол жақта не бітіресің? Басыңда баспанаң болмаса, елордада өмір сүру қиын» деген едім. Арада біраз уақыт өткенде ол кісіні ұшырастырып қалдым. Қызық болғанда, менің бастапқыда айтқан сөздерімді қайталады. Елордаға қоныс аударып, расында, ол жақта тұрудың ауыр екеніне көз жеткізіпті. Үлкен қалада ипотека алсаң, үнемі соның төлемі үшін жұмыс істеуге тура келеді әрі қазіргі үйлердің бағасы деген ұшып тұр ғой. Біз алдағы 10 жылда, балаларымыз мектеп бітіргенше ешқайда кетпейміз. Астанада мұндағыдай ең­бек­ақы жоқ, – деп ойын қосты Мария Қазымбаева.

Екібастұзға көшіп келіп, көңілі тыныш тапқан шаңырақтың тағы бірі – Айымбетовтер отбасы. Олар 2019 жылы Екібастұз қаласында үш бөлмелі пәтерге ие болды. Кәмшат Әмерқұлқызының айтуынша, Ас­танадағы емханада дәрігер болып істесе де, жалақысы 53 мың теңге ғана болыпты.

– Оқуымды тәмамдап, тұрмысқа шыққан соң 2013 жылы жолдасымның жұмысы бойынша Астанаға көшіп барғанбыз. Ол құрылысшы болып еңбек етті. 2013–2019 жылдар аралығында жа­тақ­ханаларда, бірнеше отбасымен жал­да­малы пәтерлерде тұрдық. 2019 жылы көшер алдында менің төрт балам бар еді әрі барлығы кішкентай бола­тын. Жатақханада, небәрі 9 шаршы метр­лік бөлмеде тұрдық, – деп сол жылдардың қиындығын есіне алды Кәмшат Айымбетова.

Астанада тұрғанда жолдасы түнде жұмыс істеп келіп, күндіз Кәмшат емханаға шыққанда балаларымен үйде отыратын. Балаларының үлкені алтыда, ал ең кішкентайлары төрт жаста болатын. Ақша жетпегендіктен балалары балабақшаға бармайтын.

– Әріптесім Екібастұзда жалдамалы пәтер береді, жұмысқа орналастырады екен, сол жаққа көшіп барыңдар деп ақыл қосты. Мен Павлодар облысы туралы білмейтінмін, Екібастұздың қайда орналасқанынан да бейхабармын. Өзіміз оңтүстік өңірден, Түркістан облысынан көшіп келгенбіз. Ақыры күйеуім екеуіміз ақылдаса келе, осында қоныс аударуды ұйғардық. 2019 жылдың тамызында Екібастұзға келдік, – деп әңгімесін жалғастырды Кәмшат Айымбетова.

Алғашқы кездері күйеуі Екібас­тұзда тұрақты жұмыс таппады, балаларды қарап, кейде таксиде істеп нәпақа тапты. Қазір жергілікті МАЭС-те еңбек етіп жүр. Кәмшаттың өзі қалалық емханада жұмыс істейді.

Екібастұз қаласының әкімдігі хабарлағандай, 2019 жылдың мамыр-желтоқсан айлары аралығында кенші­лер қаласына 243 отбасы көшіп келген, олардың жартысы – көпбалалы шаңырақтар. Нақтырақ айтсақ, 1 325 адам, соның ішінде 873 бала тіркелді.

«Барлық отбасына жалдамалы бас­пана берілді. Отбасыларда еңбекке жарамды 443 адам болса, солардың 280-і тұрақты еңбек орындарына орналастырылды. 2019 жылдың басында 724 бос жұмыс орны жарияланса, соның 280-і білікті мамандардың көшіп келуі есебінен жабылды», деп хабарлады қалалық әкімдіктен.

Шенеуніктер қоныс аударудан ешкім ұтылған жоқ деп есептейді. Айтпақшы, бес жыл өткен соң отбасылар жалдамалы баспананы заң­дастырып алу құқығына ие болады. 2024 жылдың тамыз айынан бастап өтініш беру басталып кетіпті. Бүгінде 10 отбасы пәтерді меншігіне өткізіп алған.

 

Павлодар облысы,

Екібастұз қаласы