Премьер-министр Олжас Бектенов жаһандық инвестиция бойынша VII Қазақстандық дөңгелек үстелге қатысты (KGIR-2024). Алаңда түрлі саланың басшыларымен бірге 500-ден астам бизнес, сондай-ақ отандық кәсіпкерлік сала өкілдері, инвесторлар жиналды. Пленарлық сессия «Жаһандық инвестициялық үрдістер: болашаққа көзқарас» тақырыбына арналды.
KGIR жұмысын ашқан Олжас Бектенов дөңгелек үстел Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен Шетелдік инвесторлар кеңесі отырысының қисынды жалғасы саналатынын және бизнес-қоғамдастықпен тығыз диалог құруға бағытталғанын атап өтті.
Ел Үкіметі Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін қолайлы инвестициялық ахуалды қалыптастыру жұмысын күшейтті. Қазір елімізде 14 арнайы экономикалық аймақ жұмыс істейді. Онда инвесторлар үшін салықтық және кедендік преференциялар көзделген. Шетелдік жұмыс күшін жалдау рәсімі жеңілдетіліп, бизнес үшін әкімшілік кедергілер азайтылған. Кәсіпкер мәселесін жедел шешу үшін Үкімет жанындағы Инвестициялық штаб тұрақты негізде жұмыс істейді. Басым инвестициялық жобалар үшін рұқсат беру рәсімдерінен өтуді жеделдететін «Жасыл дәліз» немесе Fast-track тетігі іске қосылады. Отандық және шетелдік инвестордың құқығы мен мүддесін барынша қорғауды қамтамасыз ету үшін жағдай жасалған. Мәселен, шетелдік бизнеске АХҚО-да ағылшын құқығы мен ұлттық құқықтық жүйе арасында таңдау мүмкіндігі берілді.
Іс-шара қатысушылары жобаны іске асыру тәжірибесімен бөлісіп, ынтымақтастық одан әрі кеңейетінін айтты. «China Energy Investment Corporation» бас директорының орынбасары Янь Гочуань энергетика саласындағы ынтымақтастыққа тоқталып, бірлескен жоба әлеуетіне сенім білдірді. «Біз энергетика саласында көмірді әзірлеу және экологиялық таза пайдалану, жаңа энергетика, инфрақұрылымды қолдау жөніндегі қазақстандық жобаларға белсенді қатысу үшін озық технологияларды, кәсіби әлеуетті және тамаша басқару командасын пайдаланатын боламыз. Бізге Қытай мен Қазақстан арасындағы достық ынтымақтастыққа өз үлесімізді қосу маңызды», деді ол.
«AstraZeneca»-ның халықаралық биофармацевтика өңірі бойынша вице-президенті Нитин Капур өз сөзінде еліміздің Орталық Азия фармацевтикалық нарығындағы басты ойыншы ретіндегі маңызына тоқталды. Компанияның жергілікті өндірісті және инновациялық шешімдерді дамыту жөніндегі күш-жігері атап өтілді.
«Қазақстан Орталық Азиядағы «AstraZeneca» бизнесінің локомотиві саналады. Сондай-ақ жаһандық биофармацевтикалық компания ретінде біз Қазақстан Үкіметінің өңірдегі фармацевтика өнеркәсібінің орталығына айналуға қатысты өршіл мақсатын қолдаймыз», деді Нитин Капур.
Премьер-министр еліміздің маңызы басым бағыты өнеркәсіпті дамыту екенін айтып, шетелдік компанияларды қазақстандық бизнес-қоғамдастықпен тығыз әріптестікке шақырды.
«Ел Үкіметі тұрақты және болжамды инвестициялық ахуалды қолдау үшін бар күшін салады. Жобаны іске асырудың әрбір кезеңінде инвесторлармен тікелей өзара іс-қимыл жасауға үлкен мән береміз. Сіздердің құқықтарыңызды қорғауға басымдық жасалған. Отандық компаниялар ірі инвесторлармен жеткізу тізбегінде жұмыс істей отырып, тәжірибе жинап, сапа стандарттарын арттыратын болады. Мультипликативті ірі инвестициялық жобалар әртараптандырылған экономикалық экожүйенің қалыптасуына ықпал ете отырып, ШОБ белдеуінің дамуына әсер етеді. Біз елдегі шетелдік өндірістің дамуымен өнімдердегі қазақстандық қамтудың үлесін арттыруға талпынамыз. Отандық кадрларды қолдау мәселесіне ерекше көңіл бөлінеді. Біз шетелдік инвесторлардың барлық деңгейде жергілікті мамандарды белсенді түрде еңбекпен қамтуын құптаймыз әрі қолдаймыз. Ел Үкіметі тұрақты және болжамды инвестициялық ахуалды қолдау үшін бар күшін салады», деді Олжас Бектенов.
Іс-шара қорытындысы бойынша жалпы сомасы 7 млрд доллар болатын 32 құжат пакетіне қол қойылды, оның ішінде Премьер-министрдің қатысуымен:
Ақмола облысы әкімдігі, «Kazakh Invest» және «Dalian Hesheng Holding Group» арасындағы бидайды терең өңдеу бойынша құны 650 млн доллар болатын стратегиялық ынтымақтастық туралы келісім;
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, «Kazakh Invest» және «CHN Energy» арасындағы көмір химия өнімдерін өндіру бойынша 4 млрд доллар болатын стратегиялық ынтымақтастық туралы келісім;
«Orhun Medical» ЖШС мен Қазақстан Үкіметі арасындағы денсаулық сақтау саласының медициналық қызметтері мен инфрақұрылымын жақсарту бойынша 80 млн долларға инвестициялық келісім;
«Silk Way Energy LTD» мен ел Үкіметі арасындағы Жетісу облысының Панфилов ауданында тәулігіне 1 000 000 нм3 қуат тұтынатын табиғи газды сұйылту зауыт салу туралы жалпы құны 305 млн долларды құрайтын инвестициялық келісім;
«НК «ҚТЖ» АҚ мен «Транспортейшн Глоубэл Эл-Эл-Си» арасындағы теміржол машина жасау саласында цифрландыру мен жасанды интеллект элементтерін енгізу бойынша жобаны іске асыру туралы келісім;
«Carlsberg Kazakhstan» ЖШС мен еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігі арасындағы елімізде алкогольсіз сусындар шығаратын зауыт салу бойынша жалпы құны 100 млн доллар базалық қағидаттар туралы негіздемелік келісім;
«Шин-Лайн» ЖШС мен Қазақстан Сыртқы істер министрлігі арасындағы әлемнің жетекші компанияларының қатысуымен Алматы облысында азық-түлік кластерін құру туралы базалық қағидаттар туралы негіздемелік келісім (35 өндіріс орны пысықтауда);
Қостанай облысының әкімдігі мен «Tech Digital» ЖШС арасындағы алюминий қорытпаларынан жасалған жоғары сапалы шыбықтар мен профильдер өндіру саласындағы базалық қағидаттар туралы келісім;
Батыс Қазақстан облысының әкімдігі мен «Hyundai Solar Kz 777» ЖШС арасындағы құны 167 млн доллар болатын күн электр стансасын, қалдықтарды өңдеу кешенін, қоқыс жағу кешенін, модульдік жылыжай кешенін салу жөніндегі ынтымақтастық туралы меморандум;
«QazaqGaz» ҰК» АҚ мен CNPC арасындағы «Солтүстік 1» блогіндегі геологиялық барлау жұмыстарының әлеуетін зерттеудің бірлескен жоспары;
«Отбасы банкі» АҚ мен Азия даму банкі арасындағы елімізде инклюзивті және жасыл тұрғын үйді қаржыландыруды ілгерілету жобасы бойынша өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.