22 маусымда Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия мен “Медиалайф” қоғамдық қоры Астанадағы ЕҚЫҰ орталығының және Сорос-Қазақстан қорының қолдауымен Қазақстан Республикасы Байланыс және ақпарат министрлігінің қатысуымен “Қазақстанда “Ақпаратқа қол жеткізу туралы” Заңның қабылдануы: нақтылықтары мен перспективалары” тақырыбында сарапшылар кездесуін өткізді.
Бұл кездесу “Ақпаратқа қол жеткізу туралы” және “Ақпарат және ақпаратты қорғау туралы” заң жобалары мәселелері бойынша бірыңғай ұстаным әзірлеу үшін азаматтық қоғам, мемлекеттік органдар мен Қазақстанның дипломатиялық корпусы өкілдерінің басын қосты.
2010-2020 жылдарға арналған Қазақстан Республикасы Құқықтық саясатының тұжырымдамасына сәйкес ақпаратқа қол жеткізу мәселелерін нормативтік-құқықтық реттеуді жетілдіру қажет. Жеке заң қабылдау туралы ұсыным 2009-2012 жылдарға арналған Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары саласындағы ұлттық іс-қимыл жоспарында да қарастырылған. Бүгінгі таңда “Ақпарат және ақпаратты қорғау туралы” заң жобасын қабылдау 2011 жылға көшірілген, мүдделі тараптар арасында заң жобасының мазмұны туралы ғана емес, оның атауы туралы да мәселелер туындаған.
Қазіргі кезде “Ақпарат және ақпаратты қорғау туралы” заң жобасының тұжырымдамасы мақұлданған. Үкіметтің ақпаратқа қол жеткізу саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейтін заң жобасын әзірлеуге кірісуі тиіс деген пікір бар. Бұл ретте азаматтық қоғам бұған белсенді атсалысуға дайын екенін білдіріп отыр.
Сараптамалық кездесуге азаматтық қоғам, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің, Үкіметтің, Парламенттің, Жоғарғы Соттың және Конституциялық Кеңестің өкілдері, халықаралық сарапшылар, дипломатиялық миссиялар мен БАҚ өкілдері қатысты. Кездесу қорытындысы бойынша ақпаратқа қол жеткізу құқығын заңнамалық реттеуді жетілдіру мақсатында практикалық ұсынымдар әзірленетін болады.