• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Саясат 03 Қараша, 2024

Алматыда TalentforBIZ мансап жәрмеңкесі өтті

166 рет
көрсетілді

Соңғы бес жылдан бері Түркияның Президент жанындағы Кадрлық басқармасының үйлестіруімен 10 түрлі елде 15 рет жұмыс берушілер мен болашағы бар жастардың басын қосатын TalentforBIZ мансап жәрмеңкесі тұрақты өтіп келеді. Күні кеше Алматыда өткен айтулы шараға қатысқан Қазақстан жастары да осындай мүмкіндікке ие болды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Кездесуге Түркия Республикасы Президент басқармасының «Мансап» орталығы басшысы Салим Атай, Алматы қаласындағы Түркия Бас консулы Энвер Мудеррисолу, түрік фирмалары және мекеме өкілдері, жастар қатысты.

«Мансап» орталығының басшысы Салим Атай 34 жыл бұрын алғаш рет қазақ жастарымен кездескенін еске алды. 

«Сонау 1990 жылдары студенттер мұғалімдермен бірге еріп келген. Сол кезде кәмелет жасқа толған жастардың ұстаздарының жетегінде жүргенін түсіне алмай, таң қалғанымыз бар. Бүгін студенттердің болашағын өздері болжап, алдағы жоспарларын жасауға талпыныстары жоғары екенін аңғарып отырмын. Олардың бойындағы талап-тілектерінің еркін болуы халықаралық деңгейге шығуға дайын екенін көрсетеді» деді.

Алматы қаласындағы Түркия Бас консулы Энвер Мудеррисолу іс-шараға келген меймандар мен жастарға ризашылығын білдірді.

«Жыл сайын әр түрлі елдерде ұйымдастырылатын TalentforBiz мансаптық жәрмеңкесі әлемнің әр түкпірінен келген талантты жастарды халықаралық аренада жұмыс істейтін түрік компанияларының мансаптық мүмкіндіктері туралы ақпараттандыру мақсатында өткізіледі. Бұл біздің компаниялар үшін де, жастар үшін де жетістікке жетуге септігін тигізеді», деді.

Оның сөзінше, шараға келген жастар өздерін қызықтырған сауалдарға жауап алып, түріктің танымал компанияларының өкілдерімен сұхбаттасу мүмкіндігіне ие болып отыр. Бұдан басқа, компания өкілдері келушілермен түрлі презентациялар, ақпараттық сессиялар және кіріспе кездесулер өткізіп, өз көзқарастарымен бөліседі. Егер компания талабы мен жастардың өтініші бір жерден шықса, жұмысқа орналасуға және тағылымдамадан өтуге өтінімдер қабылданады.

«Осыған орай мен іс-шарада өте жоғары бренд құндылығымен ұсынылған құрметті компания өкілдеріне және еліміздің өсуіне, дамуына және өркендеуіне елеулі үлес қосып келе жатқан барлық іскер адамдарымызға алғысымды білдіргім келеді. Біз қазірдің өзінде барлық салаларда, әсіресе білім беру, сауда және экономика салаларында берік орныққан байланыстарымызды одан әрі нығайтылған стратегиялық серіктесіміз бауырлас Қазақстанмен байланыстырамыз, осылайша екі ел арасындағы ынтымақтастық нығая түседі», деді елші.

Оның айтуынша, экономикалық салада екі елдің сауда көлемі 1992 жылы небәрі 100 миллион долларды құрады. Былтыр жыл соңына қарай бұл сома 6 миллиард доллардан асқан. Қос мемлекеттің ортақ мақсаты – екіжақты сауда көлемін қысқа мерзімде 10 миллиард долларға дейін арттыру.  Сауда мен инвестицияның маңызды бөлігі Алматы қаласы мен облысына тиесілі. Түрік азаматтарының басым көпшілігі Алматыда тұрады.

«Президентіміздің басшылығымен  біз екіжақты қарым-қатынастарымызды одан әрі нығайтудың жолдарын іздеп келеміз. Оның мысалы, бүгінгі іс-шарадағыдай технологиямен қамтамасыз етілген мүмкіндіктерді пайдалануға жол ашу. Сондықтан ынтымақтастықтың маңызды мүмкіндігі ретінде көрмеміздің жемісті және табысты болуын тілеймін», деп түйіндеді сөзін Энвер Мудеррисолу.

Айта кету керек, қос елдің ынтымақтастығын арттыруға бағытталған көрмеге Turkish Airlines, Turkish Aerospace Industries, Aselsan, Havelsan, Halk Bankası, Türk Telekom сияқты түрлі салалардағы жетекші түрік компаниялары, сондай-ақ Қазақстанда жұмыс істейтін Abdi İbrahim, Esan Eczacıbaşı, Ziraat Bankası және Pro Yapı сияқты компаниялар қатысты.

Компания өкілдері мен Қазақстанның жастары Түркияның кадр ресурстарын құру және нығайту саласындағы тәжірибесі мен жетістіктері туралы егжей-тегжейлі мағлұмат алып, қос елдегі перспективалы жастардың мансабын дамытуға айтарлықтай үлес қосып келеді.